Ауыл

Шалғай ауылдағы шаруалар

Соңғы жылдары Ырғыз ауданында шаруашылық ашып, жеке кәсіппен айналысушылардың саны артыпкеледі. биыл жыл басынан бері жаңадан 18 шаруа қожалығы құрылып, аудан бойынша шаруашылық құрылымдарының сан 272-ге жеткен. қазір қожалықтардың барлығы төлін өсіріп, бірқатары мал азығын дайындауға кірісіп те кетті.

Бағдарлама жемісі

Қызылжар ауылдық округіне қарасты Шеңбертал ауылында бүгінде 130-дан астам түтін бар. Бұл ауыл мал шаруашылығының арқасында күн көріп отыр. Бүгінге дейін бұл елді мекенде 20 шақты шаруа қожалығы тіркелген. Соның бірі — «Бірлік» шаруа қожалығы.

Шаруашылық басшысы Есет Аманжол қожалықты 2015 жылы құрғанын айтады. Сол жылы ол «Алтын асық» бағдарламасымен «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы мемлекеттен 3,5 млн теңге несие алған. Бұл қаржыға ол қой сатып алып, бүгінде ұсақ мал санын 150-ге жеткізген.

Бұдан кейін шаруа 2017 және 2019 жылы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы тағы мемлекеттен жалпы мөлшері 12,5 млн теңге несие алыпты. Алғашқыда несиеге 20 бас сиыр алса, кейін 40 бас ірі қара алған. Қазір оның қорасында 70 бас сиыр бар.

— Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көрген қожалықтың біріміз. Ірі қараны да, қойды да несие алып, сатып алдық. 2019 жылы «Құлан» бағдарламасымен 11 жылқы алдым. Қазір оның саны 20-дан асты. Мүмкіндігінше мал санын көбейтіп, шаруашылықты дамытып жатырмыз. Жуырда «Даму» қоры арқылы тағы да несие алмақшымын. Ет бағытындағы ірі қара санын көбейтпекпін. Негізі, асылтұқымды ірі қара малын алғым келеді. Алайда оған несие рәсімдеу үшін 50 пайыз кепіл сұрайды. Ауылдық жерде оған біздің мүмкіндігіміз жоқ. Алдағы уақытта мемлекет осы мәселені қарастырса деген ұсыныс білдіремін. Себебі біз сияқты қарапайым шаруаларға бұл өте тиімсіз. Сондай-ақ шаруашылықтардың жаңа техника алуы үшін жеңілдік болса дейміз. Өйткені алдын ала қарастырылған келісімшартқа қарамастан, техниканың құны қымбат бағаға беріледі. Және оған да кем дегенде 25-35 пайыз кепіл сұрайды. Мұның бәрі, түптеп келгенде, қаражатқа келіп тіреледі. Ауылда қосымша табысы жоқ, тек мал шаруашылығымен отырған бізге бұл тиімсіз. Мен сияқты ауылдағы басқа да шаруалардың осы мәселелерге келгенде, шаруасы тұрып қалады, — дейді Есет.

Оның айтуынша, қазір ауылдық жерлердегі тағы бір мәселе — жайылымдық және шабындық жерлердің азаюы. Дәлірек айтсақ, ауыл маңында жалға, тіпті қосалқы жалға берілетін жер жоқ.

Біздің қожалықта техниканың бәрі ескі. Жаңасын алуға мүмкіндік болмай отыр. Трактор, шөп шабатын және тиейтін техникаларымыз бар. Осы күнге дейін ауыл маңындағы өзге шаруашылықтардан жалға жер алып, шөп шауып келеміз. Онда да көретін пайдамыз аз. Тек қожалықтағы малымызға ғана қысқа азық дайындап аламыз. Жыл өткен сайын жердің құнарлылығы да төмендеп барады, ал шөп бағасы қымбат. Биыл Шалқар ауданы аумағынан шөп шабуға қосымша жер алуды көздеп отырмын. Қазір осыған байланысты аукционға қатысып жатырмын, — дейді шаруа.

Бүгінде «Бірлік» шаруа қожалығының округ аумағында 1150 гектар жайылымдық жері бар. Шаруа Шеңбертал ауылынан 9 шақырым жерде орналасқан қыстауына үй салып алыпты. Сондай-ақ мұнда ірі қара, қойға арналған қора-жайлары және бар.

Есет Аманжол қыстауға2019 жылы 4,5 млн теңгеге мемлекеттік бағдарламалардың қолдауымен күн қуатымен жүретін жарық беру қондырғысын орнатқан. Бұған мемлекет тарапынан субсидия да төленген. Қазір мұнда жарық та, су да бар.

Шаруашылықта суды құдықтан аламыз. Ауызсу да, малға берілетін су да сол. Құдықтың суы тұщы, мөлдір. Биыл ауылымызға ауызсу және көгілдір отын келмекші. Қазір осы бағытта қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Болашақта базға да газ, ауызсу құбырын тартамыз деп ойлаймын. Жыл артып шаруашылықтың жұмысы жайлап дамып келеді. Ең бастысы, еңбек етіп, мал санын көбейту керек, — дейді шаруашылық басшысы.

Қазір Есет келіншегі Гүлсара екеуі балаларымен қысы-жазы базда тұрып, мал бағуда. Жаз, күз айларында мал азығын дайындауға қосымша жұмысшы алғаны болмаса, малдың бәрін Есет өзі бағады. Келіншегі сиыр сауып, сүттен алған өнімін жинайды.

Сосын күз айларында облыс, аудан орталығында өтетін ауылшаруашылық жәрмеңкелерінде өнімдерін тұрғындарға сатады, мұқтаж жандарға үлестіреді. Осындай іс-шараларға қатысып, белсенділік танытқаны үшін Есет Аманжол аудан әкімдігінің арнайы Алғыс хатымен де марапатталған.

— Мал бағудың бейнеті көп. Оны біз сияқты шаруалар жақсы түсінеді. Қазір жастар жағы мал бағудан қашады. Ауылдық жерде мал шаруашылығынан басқа жұмыс жоқ. Сондықтан қолдан келіп жатса, осы саланы дамыту үшін еңбектенген жөн. Бұл — әрі табысың, әрі ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесің, — дейді Есет.

«Бірлік» шаруа қожалығы алдағы уақытта асылтұқымды ірі қара малын бағып, мал шаруашылығының осы бағытын дамытуды көздейді. Ал әзірге шаруа қазақы сиыр тұқымын көбейтіп жатыр.

Қарғаштың кафетерийі

Ырғыз ауылында «Кофеин» деген кафетерий бар. Қазір бұл жерге жастар кешқұрым көп барады. Отырып тәттімен шай ішіп, әңгіме-дүкен құрады. Отыз адамға шақталған кафетерийде дәмді тағамның түр-түрі бар. Соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтылған, заманауи дизайнмен көркемделген кафетерийдің аурасы да ерекше.

Кафетерий иесі, кәсіпкер Қарғаш Хамзина қазір аудан тұрғындарына дәмді, бағасы қолжетімді тәттілер мен тез дайындалатын тағамдарды ұсынып отыр. Мұнда аспазшылар торт, бәліш, тоқаш, пицца, бөлке нан, донер, наггетсы, т.б. пісіреді.

Кафетерийді өз қаржымызға аштық. Ғимаратты жөндеуге, кулинарлық өнімдерді пісіретін пеш, басқа да құрал-жабдықтар алуға шамамен 30 миллион теңге қаржы жұмсадық. Қазір бұл жерге жастар да, түскі үзіліс кезінде ауылдың үлкендері де келіп ас ішеді. Бізде тәттінің түр-түрі бар. Бағасы қолжетімді. Бұрын торт, тоқаш, бәліштерді үй жағдайында дайындап, саттық. Енді тапсырыспен және келушілердің сұранысына қарай кулинарлық өнімдердің барлығын дайындаймыз. Тұрғындар дән риза. Қарамағымда он шақты адам жұмыс жасайды. Ал кафетерийге қажетті азық-түлік өнімдерін Ақтөбе қаласынан әкелеміз, — дейді Қ.Хамзина.

Кәсіпкер алдағы уақытта кафетерийді кеңейтіп, алдынан жаздық жабық қоршау салуды көздеп отыр. Сондай-ақ жеткізу қызметін ашпақшы. Әзірге тұрғындардан түскен тапсырысты кәсіпкер такси жүргізушілері арқылы жеткізіп беріп отыр. Такси қызметінің бағасы — 150 теңге.

— Соңғы жылдары ауданымызда кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Қай бағытты алсақ та, осы саланы дамытуға белсеніп жүрген ауылдастарымыз көп. Ауылды көркейту, дамыту — ортақ міндет. Ауылда халыққа қажет, сұраныс бар саланы дамыта білсек, табыс та болады, тұрғындарға жағдай да жасалады, — дейді кәсіпкер.

 Данагүл ҚАЗИХАН,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button