Ауыл

Қойдан қашпайтын қожалық

Облыста мемлекеттік бағдарламаларға сүйеніп, мүйізді ірі қара мен жылқы өсіріп отырғандар жетерлік. Алайда қой өсіруге ниет білдірушілер сирек. Басты себеп — бағымында. Сиыр мен жылқы секілді емес, қойдан күнұзақ көз жазбауың керек. Оның үстіне бұрын қойдың еті ғана емес, терісі де пайдаға асатын, ал қазір қой етін өткізу қиын, жүнін қайда жіберерін білмей дал.

Осыған қарамастан, Мұғалжар ауданы Ащысай ауылдық округіндегі «Ислам» шаруа қожалығы 415 мүйізді ірі қарасынан басқа 1200-ден астам қой бағып отыр. Бізді қарсы алған қожалық иесі Мырзабай Каримов шаруашылық территориясын көрсетіп, әңгімесін айтты.

— Біздің ауыл шаруашылығына арналған жеріміздің көлемі — 24 794 гектар. Қожалықтағы қойдың 800-ден астамы — еділбай тұқымы. Асылтұқымды қой өсіруді қолға алдым. Мал азығын да өзіміз дайындаймыз. Маусымдық жұмыстарға қосымша жұмысшылар тартамын. Қазір мал басында үш малшы, бір аспаз еңбек етіп жүр. Сондай-ақ 60-тан астам жылқымыз бар, — дейді ол.

Ислам шаруа қожалығы «Сыбаға», «Алтын асық» мемлекеттік бағдарламаларына қатысып, игілігін көріп отыр. Анығы, осындай бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несиелерге қол жеткізіп, ауыл шаруашылығына қажет техникалар сатып алыпты.

Жайлауда мал бағып жүрген үш малшының екеуі — зейнеткер, біреуі жас екен. Біз қойшының ала таяғын ұстап жүрген жиырма екі жастағы жігітпен сөйлестік.

— Мұнда келгеніме үш айдан асты. Ойыл ауданы Қайыңды ауылынан келдім. Мектеп бітірген соң дәнекерлеуші кәсібіне оқып едім, бірақ ондай жұмыс жасамадым. Бір танысым арқылы осы қожалыққа кірдім. Үйде төрт баланың кенжесімін. Ата-анам қайтыс болған. Бауырларымның өз отбасы, өз тірлігі бар. Мұнда жалақыны уақтылы береді. Арасында сұранып, қалаға барып, киініп, бауырларымның амандығын біліп келемін, — дейді Бекболат Төреханов.

Қой құрттап, ағарған ұрттап жүрген Бекболаттың ендігі мақсаты — үйленіп, кейін өз алдына осындай шаруа қожалығын құру. Жанында жүрген аға шопандар Бекболаттың темекі тартпайтынын, арақ ішпейтінін айтты.

Бір кездері мыңғырған мал жайылып жүрген қазақ даласы бүгінде отар-отар қой бағуға ниетті Бекболат секілді жастарға зәру.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button