Басты бет » Жаңалықтар » Биыл 2,6 млн тонна мал азығы дайындалады

Биыл 2,6 млн тонна мал азығы дайындалады

Бүгін облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиында өңірде мал азығын дайындау мәселесі қаралды.

Жиында бейнебайланыс арқылы Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері жүргізіп жатқан жұмыстары жайлы есеп берді.

Биыл өңірдегі ауыл шаруашылығы саласында 2,6 млн тоннадан астам мал азығын, яғни бір жарым жылдық қор жасақталуы тиіс.

Баяндамаларды тыңдап шыққан облыс басшысы жем-шөп көлемін молайтуда барлық мүмкіндікті пайдалану керектігін баса айтты.

— Болжамдарға қарағанда жаз ыстық болады. Көрші облыста қандай жағдай болып жатқанын білесіздер. Сол деректерді ескере отырып, шаруаларға мал азығын артығымен дайындау туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Ең алдымен, ішкі сұранысты қамтамасыз етіп алып, мүмкіндігінше көрші өңірге де көмектескен жөн, — деген Оңдасын Оразалин мал азығын дайындау барысын жеке бақылауға алатынын айтты.

Облыс әкімі суармалы жерлерді тиімді пайдалану мәселесін де көтерді.

2,4 мың гектар суармалы жер босқа тұрғаны үшін Ақтөбе қаласы мен Қарғалы, Хромтау аудандары әкімдерінің жұмысын сынға алды.

Бұған сіздер де жол бердіңіздер. Пайдаланылмаған жерлерді қайтарып алып, жұмыс істейтіндерге беру керек, — деді облыс әкімі. — Әр гектар бойынша жоспар құрып, егіс құрылымын анықтаңыздар. Келер жылы көктемде​ суарылатын жерлердегі жұмыстарды кідіріссіз бастаңыздар.

Айта кету керек, бүгінде өңірде 10,6 мың гектардан аса суармалы жерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатса, оның 4,5 мың гектары биыл пайдалануға берілмек.

Бүгінде облыста егін егу науқаны аяқталды. Жалпы көлемі 800 мыңдай жерге егін егілді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.