Басты жаңалықтар

Биыл тұрғын үй құрылысына 8247 жер учаскесі берілмек

Кеше облыстық қоғамдық кеңес жанындағы экология, жер қойнауын пайдалану, жер қатынастары және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтіп, бірнеше өзекті мәселелер қаралды. Облыстық әкімдік ғимаратында ұйымдастырылған жиынға атқарушы билік өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың төрағалары, журналистер мен белсенділер қатысты.

Күн тәртібіне ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді және ұтымды пайдаланудың өзекті мәселелері, жалпы осы саладағы бақылау арқау болған басқосуда облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов:

— Жердің мәселесі қай кезде де өзекті. Осы лауазымға келгелі сала мамандарына үш бағытта тапсырма бердім. Ең алдымен, жеке шаруашылықтардың малын жайылым жерлермен қамтамасыз ету бойынша елді мекендегі жерлерді резервке қалдыру жайына келсек, жол картасы әзірленетін болды. 2030 жылға дейін жеке шаруашылықтардың малы қаншаға дейін өседі, соны алдын ала есептей келе, құжат дайындалады. Бұл — алдағы уақытта шаруалар жер таппай, қиналмасын деген ойдан туған іс.

Екіншіден, егіске жарамды жерлерді тиімді пайдалану мәселесі де өзекті. Бұған да іс жүзінде баса мән беріп, тіисті құжаттармен бекітуіміз қажет.

Сондай-ақ бүгінгі таңда суармалы жерлерге де мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлініп жатыр. Бірақ сол уақтылы, өз деңгейінде пайдаланылмай отыр. Шаруа қожалықтары бұл жағынан өз міндеттерін атқармайды. Осы істе инфрақұрылымды жүргізуге баса мән беру керек. Осы үш мәселе бойынша басқарма мен құзыретті органдар мамандарымен жұмысты бастап жатырмыз.

Бүгінгі отырыста көтерілетін барлық мәселелерді зерттеп, келесіде соның жауабын беруге өзара келісейік. Өйткені мен комиссияның жиынына алғаш рет қатысып отырмын, — деді.

Бірінші боп баяндама жасаған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай  жер ресурстарын ұтымды пайдалану мен қорғау қазіргі уақытта шынымен өткір мәселелердің бірі екенін айтты.

— Облыстың агроклиматы тез құбылмалы, құрғақ, шөл және шөлейтті болып келеді. Жер қорының басым көпшілігі — 25294,1 мың гектар табиғи ерекшеліктеріне байланысты шөл және шөлейтті жайылымдық жерлерді құрайды. Ал өңірдегі жалпы жер көлемі — 30062,9 мың гектар. Соның ішінде 11415,2 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер, 3844,6 мың гектар елді мекендердің жерлері; 1211,2 мың гектар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлері, 215,8 мың гектар орман қорының жерлері, 13,1 мың гектар су қорының жерлері, 194,3 мың гектар өнеркәсiп, көлiк, байланыс, қорғаныс мұқтажына арналған жерлер, басқа да босалқы жерлер бар.

Жалпы, облысымызда айналымға енгізілген ауыл шаруашылығы жерлерінің аумағы — 11415,2 мың гектар. Бұл жер қорының 38 пайызын құрайды. Биыл ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы көлемі 894,2 мың гектар жер учаскелері конкурс арқылы шаруашылық субъектілеріне табысталды. Сонымен қатар Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдіктерінде құрылған жұмыс топтарымен  жалпы көлемі 102,4 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің пайдаланбайтындығы анықталып, Жер кодексінің 81-бабы 3-тармағының 2-тармақшасына сәйкес, мемлекеттің  жер қорына қайтарылды. Кейін қайтадан айналымға енгізілді, — деді Құсайын Сәрсембай.

Оның айтуынша, облыс бойынша жеке тұрғын үй құрылысына 183969 өтініш тіркелген, оның 148791-і Ақтөбе қаласына тиесілі. Жыл соңына дейін өңірде жеке тұрғын үй құрылысына 8247 жер учаскесін беру жоспарланып отыр. Соның ішінде

Ақтөбе қаласында 7000 жер учаскесі берілмек.

— Қаңтар айынан бері Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2020 жылғы 17 қаңтардағы  №7 бұйрығымен бекітілген «Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану қағидалары» талаптарына сәйкес, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге Qoldau.kz порталында цифрлы мониторинг жүргізу жұмыстары қарқын алды.

Сондай-ақ ашықтық пен айқындылықты қамтамасыз ету үшін мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскелерін алуға кезекте тұрғандардың бірыңғай электрондық тізілімі құрылып жатыр. Қазіргі таңда Алға, Әйтеке би, Байғанин, Ырғыз, Қарғалы, Мұғалжар, Темір, Шалқар аудандары бұл жұмыстарды толық аяқтады, — деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қ.Сәрсембай.

Ал облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөніндегі басқармасының басшысы Баянбек Қырықбаев Алға ауданындағы шошқа фермасына қатысты мәселе басты назарда екенін, кәсіпорындағы заңсыздықтар бойынша сот пен прокуратураға арыз-шағымдардың берілгенін баян етті. Артынша өзі басқаратын мекеменің жыл басталғалы атқарған жұмыстарына тоқталды.

Отырыс барысында жоғарыда аталған комиссия мүшесі, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин Ақтөбе қаласының іргесінде, аудандарда мақсатты түрде пайдаланылмай отырған ауыл шаруашылығы жерлерінің әлі де көптігін, бұл ерекше бақылауға алынуы тиіс мәселе екенін айтты. Сол сияқты комиссия мүшелері, атап айтсақ, Көшкінбай Ахметов, Сұлтанбек Ташкенбай, т.б. жердің құнарлы қабатын сақтауға көңіл бөлінбей отырғанын, басқа да шешімін таппаған түйткілдерді көтерді.

Жиналғандардың арасынан Мәртөк ауданы әкімінің орынбасары Исатай Еспағанбетов те сөз сөйлеп, мәселеге байланысты өлкеде атқарылып жатқан шаруалар жөнінде хабардар етті.

Екі сағатқа жуық уақытқа созылған жиынды қорытындылаған облыстық қоғамдық кеңес жанындағы экология, жер қойнауын пайдалану, жер қатынастары және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы Келдібай Еспағамбетов мемлекеттің басты байлығы — жерді ұтымды пайдалануға барлық аудандар мен қала басшылығының ерекше маңыз беруі керектігін айтты. Және бұл болашақта кеңейтілген отырыстың күн тәртібінде қаралатынын қосты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button