Жаңалықтар

12 мың ағаш көшеті егілді

Жыл басынан бері облыста 35,5 мың ағаш, ал Ақтөбе қаласында жалпы саны 12 мың қайың, өрік, орман алмасы, терек, үйеңкі, сирень, шетен және ирьга көшеті егілді.

Бұл туралы облыстық мәслихат депутаттарына тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров пен облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нағымжан Алдияров айтты.

Отырыста құрылыс, көлік, сауда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және цифрландыру, аграрлық мәселелер, экология және табиғатты пайдалану, заңдылық, құқықтық тәртіп және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиялардың мүшелері облыс аумақтарын көгалдандыру мәселелерін талқылады.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нағымжан Алдияров облыс елді мекендерінде жалпы саны 35,5 мыңнан астам ағаш көшеті егілгенін хабарлады.

Ал Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров биылғы жылы 350 мың шаршы метрге гүл егіліп, көгалдандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отырғанын айтты. Қалада 19 мың шаршы метрге жуық жерге көгал төселіп, 12 000 ағаш егілген.

Сондай-ақ биыл қаладағы қоқысты шығару үшін барлығы 50-ден астам арнайы техника жұмылдырылған, 476 алаңда 3345 контейнер бар.

Бұдан кейін есеп берген облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ардана Саймағамбетов депутаттарға жыл басынан бері абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін полиция 4735 әкімшілік іс қозғағанын жеткізді.  Оның айуынша, учаскелік полиция инспекторлары дүкен, ұйымдар мен мекемелер, көңіл көтеру орындары иелерінің атына әкімшілік құқықбұзушылық жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы 100-ден астам ұсыныс жіберген.

Сондай-ақ отырыста облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева депутаттарға облыс аумағын дамыту бағдарламасының нысаналы индикаторларына қол жеткізуге бағытталған жұмыстарға тоқталды.

Жиын соңында депутаттар баяндамашыларға бірқатар сұрақтар қойып, тиісті қаулылар қабылдады.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Back to top button