Басты бет » Жаңалықтар » Азамат құқығын сақтайтын сүзгі

Азамат құқығын сақтайтын сүзгі

Астана ауданындағы №1 қалалық полиция бөлімі ғимаратында облыс прокуроры Марат Қайбжанов пен ПД бастығының міндетін атқарушы Мұрат Сейталиннің қатысуымен қылмыстық процестің үш буынды моделі жобасының таныстырылымы өтті.

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында полиция, прокуратура және сот арасында өкілеттіктерді нақты бөле отырып, сот төрелігінің үш буынды моделін енгізуді тапсырған болатын. Осыған байланысты елімізде қылмыстық процестің үш буынды моделін енгізу жөнінде жоба қолға алынып, өткен жылы желтоқсанда Қылмыстық кодекске толықтырулар мен өзгерістер енгізілгені белгілі.

Таныстырылым барысында құқық қорғау саласының цифрлық жүйеге көшкені, қылмыстық процесті цифрландыру — азаматтардың құқықтарын қорғауда тиімді құрал екені айтылды. Яғни биыл 1 қаңтардан бастап енгізілген үш буынды модель бойынша бүкіл процессуалдық шешімдер электронды түрде жасалып, прокурорға, сотқа жолданады.

Облыс прокурорының бірінші орынбасары Қуандық Рахметовтің айтуынша, енгізілген үш буынды модель қылмыстық істі тергеуде оң нәтижесін беріп отыр.

— Облыстағы биылғы статистикаға тоқталсам, қылмыстық қудалау органы 7 мыңнан астам процессуалды шешім қабылдаған. Прокурорлар осы шешімдердің 1,5 мыңына келісім бермеген немесе бекітпеген. Яғни әрбір бесінші шешім деуге болады. Бұл жерде біз азамат құқығын сақтайтын сүзгіні көріп тұрмыз. Сол сүзгі қылмыстық қудалау органы тарапынан болған заңсыз шешімдерді алып тастайды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде қылмыстық істі заңсыз тоқтату 18 пайызға, сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысын үзу 23 пайызға, күдіктілердің мойындауы 15 пайызға төмендеді, — дейді Қуандық Рахметов.

Мамандар электронды форматта жаңадан енгізілген үш буынды модель, яғни полиция, прокуратура және соттың өзара іс-қимылы орынсыз айыптаулар мен негізсіз жауапқа тартуды азайтады деп сендіреді. Халық та заңда үстемдік, сотта әділ төрелік орнағанын қалайды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.