Басты жаңалықтарЖастар

Жасаққа кел, досым-ау, білегіңді сыбанып!

Жасыл ел

Осы айдың басынан «Жасыл ел» еңбек жасағының XVII маусымы өз жұмысын бастады. Облыс бойынша биылғы еңбек маусымына 3500-ден астам жасты тарту жоспарланған.

5 маусым — Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні және Қазақстандағы экологтар күні. Дәл осы күні Ақтөбе су қоймасының жағалауында студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасақтарының кезекті маусымының ашылу салтанаты өтті. Шараның ашылуына қатысқан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айбек Көпенов жастарды жаңа еңбек маусымының басталуымен құттықтап, сәттілік тіледі.

Облыс бойынша жазғы каникулда құрылыс отрядтары мен көгалдандыру, туған өлкені абаттандыру жұмыстарында еңбек етуге құлшыныс білдірген жастардың саны көбеймесе азаймапты. Мәселен, өткен жылы 3105 жас «Жасыл елде» еңбек етсе, биыл бұл көрсеткіш 3500-ге дейін көтерілген.

Жастардың жұмысы биыл да облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма арқылы 3 басқармамен бірігіп ұйымдастырылуда Олар: облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы және облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы.

Облыстық «Атамекен» студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасағының төрағасы Нұрлыбек Мусиннің айтуынша, еңбек жауынгерлері үш бағытта (құрылыс, абаттандыру және көгалдандыру) жұмыс істеп, бос уақытта қаламызды көркейту және қоршаған ортаның экологиялық жағдайына көңілін аудару мақсатында «Таза қала — таза жағалау», «Менің атаулы ағашым», «Экология — жастар көзімен» тәрізді акцияларға өз үлестерін қосып тұрады.

— Еңбек маусымы жылдағыдай үш бағыт бойынша жүргізіледі. Құрылыс бағыты бойынша қазіргі таңда «РусТал», «Алтын Құм», «Ақтөбе-Сәулет» құрылыс мекемелерімен келісімшартқа отырып жатырмыз. Жұмыстар басталды. Ал көгалдандыру бағытында жұмыс жасайтын 90 жауынгер «Мағаджан» тәлімбағында еңбек етуде. Абаттандыру бағытында еңбек ететін жастар қала көшелеріндегі тазалыққа жауапты. Жалпы, «Жасыл елде» жұмыс жасаймын деген жасқа еш кедергі жоқ. Жастарға берілетін жұмыс формалары ыңғайлы әрі барлық талаптарға сай. Бетперде, жұмыс қолғаптары да тегін беріледі. Жастар аптасына бес күн жұмыс жасап, екі күн (сенбі, жексенбі) демалады. Жұмыс кестесі — таңертең 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейін, — дейді Нұрлыбек Мусин.

Жылдағы дәстүр бойынша биыл да «Атамекен» студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасағының үздіктері қосымша марапатталатын болады. Маусым қорытындысы бойынша ең үздік жұмыс жасаған 32 жасқа Нұр-Сұлтан қаласына баруға жолдама беріледі. Биыл жалақы да едәуір өсіпті.

— Жұмысқа қабылданған жастардың әрқайсысымен жеке еңбек шарты жасалып, ай сайынғы жалақылары банк карталарына аударылады. Биыл облыс әкімінің қолдауымен «Жасыл елдің» еңбек маусымында жұмыс жасайтын жастардың жалақылары 40 пайызға дейін өсті. Яғни енді жасақ жауынгерлері шамамен 90 мың теңгеге жуық жалақы алады. Жалпы, еңбек маусымына 29 жасқа дейінгі кез келген жас жұмысқа орналаса алады. Тек жасы 16-ға толған болуы шарт. Тағы бір айта кететін жайт, бүгінгі таңда барлық оқу орындарында «Жасыл елдің» фронт-кеңселері бар. Еңбек маусымына қатысқысы келетін жастар біздің штабқа келмей-ақ сол фронт-кеңселерге барып құжаттарын тапсыра алады, — дейді Нұрлыбек Мусин.

Еңбек маусымының ашылу салтанатына қатысқан еңбек жауынгерлері бұл күні Ақтөбе су қоймасының маңын күл-қоқыстан тазартты.

Маусымның алғашқы күнінен бастап орман шаруашылығында жұмысын бастаған Жанзира мен Балзира еңбекке деген алғашқы қадамдарының туған өлкесінің көркеюі жолында басталғанына ерекше қуанышты. Биыл 10 сыныпты аяқтаған бір үйдің егіз  қызы жазғы каникулдарында «Жасыл елде» еңбек етуді жөн көріпті.

— Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен осындан бірнеше жыл бұрын қолға алынған «Жасыл ел» бағдарламасы жыл сайын өзінің жемісін беріп келеді. Осы уақытқа дейін талай жастың адал еңбек етіп, ақша табуына септігін тигізген «Жасыл елде» жұмыс жасау бақыты биыл бізге де бұйырды. Алғашқы еңбек жолымыз, алғашқы алатын жалақымыз болған соң жоспарымыз да көп. Біреуіміздің ақшамызды өз қажеттіліктермізге жаратсақ, біреуіміздің жалақымызды отбасымызға береміз. Жұмыстың еш қиындығы жоқ, барлығы өзіміз секілді жастар. Бұйырса, «Жасыл елдің» барлық кезеңіне қатысамыз деген ойымыз бар, — дейді Жанзира Елеусіз.

Әңгіме барысында қыздар бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласында болмағандарын, еліміздің Елордасына жолдама алу мақсатында жаз бойы еңбек ететіндерін айтты.

«Жасыл елге» үлгілі үлес

Облыстың барлық 12 ауданында да «Жасыл ел» жасақтары құрылды.

Әйтеке би, Қобда, Мәртөк, Шалқар, Ойыл, Темір аудандарында жастар орман шаруашылығы бағытында жұмыстар жасап жатса, қалған 6 ауданның жастары туған жерін абаттандыру бағытында тер төгуде.

Облыстық «Атамекен» студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасағының төрағасы Нұрлыбек Мусиннің айтуынша, аудандар арасында биыл жастарды жұмыспен қамту бойынша Шалқар ауданы көш бастап тұр. Осы маусымда 305 шалқарлық жас «Жасыл елде» еңбек етеді. Ал екінші орында — тоғыз жолдың торабында тұрған өндірісті Темір ауданы. Биылғы еңбек маусымында  ауданның 287 жасы жұмыс жасайды. Ал үшінші орында Қобда мен Ойыл ауданы тұр. Аталған екі ауданда «Жасыл ел» бойынша  жаз айларында 250 жас еңбек етпекші.

Қай істің басында да үздік жүретін шалқарлық жастармен бұған дейін тілдескен соң, биыл Темір ауданы бойынша «Жасыл елде» еңбектеніп жатқан жастарды сөзге тарттық.

Темір аудандық жастар саясаты және дін істері орталығының жастармен жұмыс жөніндегі инспекторы Ақмарал Таймағанбетова бүгінгі таңда еңбек маусымында жұмыс істегісі келетін жастар тарапынан құжаттар қабылданып, жұмысқа алынғандар тізімі шығарылғанын айтты.

— Өткен жылы аудан бойынша жазғы маусымда 136 жас жұмыс жасаған болатын. Биыл 237 жасты жұмыспен қамту жоспары тұр. Сондай-ақ орман шаруашылығында 50 жас еңбек ететін болады. «Жасыл ел» жауынгерлері 1 маусымнан бастап жұмысқа кірісті. Биылғы еңбек маусымында ауданға қарасты барлық ауылдық округ жастарын еңбекке тартуды көздеп отырмыз. «Жасыл елдің» бірінші маусымына аудан бойынша 52 жас тартылды. Дені — студенттер. Арасында жасы 16-ға толған мектеп оқушылары да бар, — дейді Ақмарал Таймағанбетова.  

Оның айтуынша, бүгінгі таңда жұмысқа белсене кіріскен жастар аудан орталығындағы саябақтарды қоқыстан тазарту жұмыстарымен айналысып жатыр.

Жасы 16-ға толып, биыл «Жасыл ел» сарбаздарының қатарына қосылғанына Мира Аманбекқызы да ерекше қуанышты.

—  Жұмыстың алғашқы күнінен бастап-ақ бізге техникалық, санитарлық талаптар ережелері түсіндірілді. Бүгінгі таңда барлығымыз талаптарға сай жұмысқа кірістік. Қазір аудан орталығындағы саябақты тазарту жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Жаз бойы туған өлкемнің көркеюі жолында еңбек етіп, жалақы алатын боламын. Бұл біз секілді қосымша табыс тапқысы келетін жастар үшін үлкен мүмкіндік. Өзім секілді жастарды туған өлкені түлету мақсатында еңбек етуге шақырамын, — дейді Мира.

«Жасыл ел» — Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан экономикалық, әлеуметтiк және саяси жедел жаңару жолында» Жолдауы негізінде 2005 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан кешенді бағдарлама. Сол жылы Нұр-Сұлтан  қаласында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы­ның республикалық штабы құры­лып, республиканың барлық аймағында бөлімшелері ашылып, өз жұмысын бастап кеткен болатын. Осы жылдар аралығында «Жасыл елде» облыстың 60 мыңға жуық  жасы еңбек етті. Олар қаланы қоқыстан тазалап, өңірді көгалдандыру бағытында пайдаларын тигізді. Көптеген тұрғын үй мен әлеуметтік нысандардың тұрғызылуына өзіндік үлестерін қосты.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button