Басты жаңалықтарМәселе

Қоғамдық көліктің «жыры»

Қоғамдық көліктердің қызметі қала тұрғындарының көңілінен шықпай тұр.  Топырлатып адам тиеп алу, жылдамдықты арттыру, кешігіп келу, тағы басқа себептері көп-ақ. Қай кезде де «клиенттің» айтқаны дұрыс. Жүру ақысын төлегеннен кейін қызмет те соған сай болып, автобустардың аялдамаға келетін уақыты өзгере бермеуге тиіс. Қазір қоғамдық көліктердің барлығына терминалдар қойылып, жолаушылар жүру ақысын төлем карталарымен төлей бастады. Оның құны автобустарда 80 теңге. Егер төлем картасы болмаған жағдайда қолма-қол 150 теңге төленуге тиіс деген әңгіме шыққан болатын. Бұл да тұрғындардың наразылығын тудырып, біраз айқай-шуға ұласып барып басылды. Негізінен, біз автобустардың жүргізушілері мен кондукторларын, одан қалды автопарк басшыларын кінәлаймыз. Бір тараптың ғана пікіріне құлақ аспай, қызмет көрсетуші тараптың да сөзін саралап көрсек, олардың да шекесі шылқып отырғаны шамалы.

Көліктер көбейсе…

Жұрттың көзінше қопыратып ақша санап отырғанымен, оның бәрі жүргізуші мен кондуктордың қалтасына түсе бермейді. Рас, бұрын солай болатын. Әр қоғамдық көліктің өз бағыты бар. Жүру қашықтығына, аялдамалардың көптігіне қарап, күніне 50 мың теңге жоспар қойылуы мүмкін. Егер табыс 50 мыңнан артылса, жүргізуші мен кондуктордың қалтасында қалады. Бұл автопарк қызметкерлерінің күнделікті шай-суын айыратын. Енді төлем терминалдары шыққаннан кейін ақша электронды түрде есептеледі. Электронды төлеу көлеңкелі ақшаны айналымға шығарады. Салық төленеді. Автопарк қызметкерлері тұрақты айлыққа жұмыс істейтін болады. Ол кезде жүргізуші де жоспар орындаймын деп аялдамалар арасында жанұшырмайды.

Бұл автопарк үшін де, оның қызметкерлеріне де тиімді болмақ. Мейлі, қалай ұйымдастырса да, тұрғындардың көлігі тоқтамау керек. Ақтөбе қаласы күн санап іргесін кеңейтіп, өсіп жатыр. Қала маңында жаңа тұрғын үйлер, елді мекендер пайда болды. Бұрынғыдай емес, қоғамдық көліктердің бағыты сәл өзгеріп, аялдамалары көбейді. Әсіресе «Нұр Ақтөбе» ауданы, оның аржағында тиіп тұрған Қызылжар ауылына баратын автобустарды да көбейту керек. Бұл — сол жақта тұратын тұрғындардың талабы. Айталық, «Нұр Ақтөбе» ауданына баратын №51, №52, №2 маршруттар бар. Троллейбус паркі кәсіпорнының көліктері үлкен болғанымен, осы маршруттарға мінетін  тұрғындардың көптігінен инешаншар орын болмайды. Бұл қалашықта 40 мыңнан астам адам тұрады. Олардың жұмыс орны қаланың әр жерінде болғандықтан қоғамдық көліктер аздық етіп,  кептеліс күн сайын қайталанады. Аталмыш маршруттардың  соңғы аялдамаға бару ұзақтығы — 1 сағат. Кешкілік жұмыстан шаршап шыққан жолаушылар сол бір сағат бойы тік тұруға мәжбүр. Оған санитарлық талаптарды қосыңыз. Еліміз ғана емес, әлем коронавирус індетімен алысып жатқанда, карантин кезінде  халықты бір сағат бойы бір-біріне сығылыстырып қою ақылға сыя ма? Әлеуметтік желілерде жар салып жүретін, карантин талаптарын бұзса, айыппұлмен аттандайтын «арақашықтық» қайда? Иін тіресіп тұрған халықтың ішінен ауру таралмауына бетперде бөгет бола ала ма?

Осындай жағдайлар тек «Нұр Ақтөбе» бағыты емес, қаланың әр бағытында да бар.

Міне, тұрғындардың күнде көретіні — осы. Таңертеңгілік және кешкілік уақытта қоғамдық көліктерге мінуге бетінен басады. Қала сыртына шығатын маршруттардың арақашықтығы — 20 минут. Кейде №20 автобусты 40 минут күтесің.  Жазда ештеңе емес, қыс айларында аялдамалар да аяздан қорғамайды. Орталық көшелерде бірнеше жабық аялдамаларға жылу жүргізілген. Ал барлық аялдамаларды жылумен қамту әзірге мүмкін болмай отыр. Бұл да өзекті тақырып.

Жүргізуші жетіспейді

Қоғамдық көлік қызметі халықпен тығыз байланысты болғаннан кейін көптің көңілінен шығу оңай шаруа емес. Енді бұл қызметпен айналысып отырған автопарктердің жағдайына келейік. Ақтөбе қаласында жолаушыларды тасымалдайтын «Автопарк» ЖШС мен «Троллейбус паркі» ЖШС бар. Неге автобустарды көбейтпейді? Мәселені шешетін тек маршруттар ма? Сұрап білдік. Көз жеткіздік.

Жүргізушілер азайып бара жатқан көрінеді. Көбі вахтаға, басқа кәсіпорындарға ауысқан. Таңнан қара кешке дейін тұрғындарды ұйқысынан оятып алып, ел орынға жатқанша қызмет ететін кәсіптің бұл түрінде төленетін ақы еңбекті ақтамайтын көрінеді. Сондықтан жастар тұрақтамайды. Қос автопарк жүргізушілерінің басты талабы — жалақыны көтеру.

Күніне 8 сағаттық жұмыс күнін олар екі есе жасауға мәжбүр. Сол себепті еңбекақыларының да соған сай болғанын қалайды. Олар өз қызметтерін айына 300 мың теңгеге бағалап отыр.

— Мен қала маңында тұрамын. Таңертең жұмысқа ерте баруым керек. Амалсыз такси жалдаймын. Күнде автобустың рөлінде отыру адамды шаршатады. Ешқайда шыға алмайсың. Сенбі-жексенбі күні демалмаймыз. Зейнетақымыз жүріп жатқан жоқ. Былайша айтқанда, күнделікті табысымызға мәз боп жүрміз. Сондықтан мұндай жұмысқа кім келеді? Жақында зейнетке шығамын, — дейді атын атамауын өтінген автобус жүргізушісі. Иә, сөзінің жаны бар. Мұндай жұмысқа екінің бірі бара бермейді. Бұл жағдайды «Автопарк» ЖШС директоры Ақарыс Тлеулесов те растап отыр.

— Жүргізуші мәселесі бізде бар. Айына 150 мың теңгені күнұзақ автобуста отырмай-ақ таба алады. Ал вахталық әдіспен жұмыс істесе, жатын жері мен тамағы тегін. Сондықтан жастардың көбі кетіп қалады. Қазір біздегі жүргізушілердің дені зейнет жасына жақындап қалғандар.

Бізден күн сайын әр бағытқа 140-қа тарта автобус шығады. Күнделікті шығынымыз көп. Жүргізушілердің жалақысы бар. Автоқосалқы бөлшектер мен жағар май да қымбат. Өткен жылы басталған карантин кәсібімізді тұралатып кетті. Халық үйден шықпағасын, автобустар да тұрып қалды. Міне, осындай жағдайлар бар екенін жасырмаймыз. Тек көлік жөндейтін жерде 56 қызметкеріміз жұмыс істейді. Оларды қысқарту ойымызда жоқ. Ақпан айында қызметкерлердің жалақысын он пайызға өсірген едік. Бірақ ол жұғын болар емес. Бәрін де түсінуге болады. Былтыр қала көшелеріне жаппай жөндеу жұмыстары жүрді. Сол кезде біздің де көліктер кептелістерге тап болып, бағытын өзгертуге тура келді. Мұның бәрі табысқа кесірін тигізеді. Аялдамадағы адамдарымыз азаяды. Студенттер, оқушылар шықпады. Бір күндік қаражаттың өзі біраз нәрсені шешеді. Ал біз бірнеше ай бойы кедергілерге тап болдық. Автобус көп болған сайын оның шығыны да көп болады. Карантин бәріне әсер етті. Қосалқы бөлшектерді қарызға алып отыратын жерлеріміз де беруден бас тартты. Оларға да ештеңе айта алмаймыз. Кейбір автобустарды қызметке қосуға тәуекел ете алмай отырмыз. Өйткені олар өз-өзін ақтамайды, — дейді «Автопарк» ЖШС директоры Ақарыс Тлеулесов.

Оның айтуынша, автобус жеткілікті болғанымен жүргізуші жоқ.  Қазір 18-ге толған жастардың жүргізуші куәлігінде тек жеңіл көлікті жүргізуге құқық беретін «В» категориясы бар. Ал автобустың рөліне отыру үшін «Д1» категориясы болуы шарт. Ешкім жүргізуші куәлігін аларда автобус айдаймын деп ойламайды. Оның үстіне автобус жүргізу куәлігін алу құқығын да қиындатып қойған. Бұл да жүргізуші тапшылығын тудыратын фактор. Жастарды бұл жұмысқа келтіре алмайсың. Мұны тиісті мекемелер бірігіп шешуі керек.

Терминалға тез үйрендік

Қазіргі таңда жол жүру ақысы екі төлем арқылы жүріп жатыр. Ал 150 теңге деген қайдан шықты? Егер электронды төлем картасы болмаған жағдайда 150 теңге төлеуге міндетті ме? Бұл — уақытша амал. Барлық жолаушыларды төлем картасына көшіру үшін жасалған. Бірақ 150 теңге төлеу керек деген жергілікті органдардың шешімі шыққан жоқ. Сондықтан көбіне кондукторлар төлем картасы болмаған жолаушылардан 150 теңге талап ете алмайды. Дегенмен қазір бұл мәселе шешімін тауып келе жатқанға ұқсайды. Қала халқы мұны тез түсінді. Электронды төлем карталарын жаппай ала бастады. Оның бағасы — 450 теңге. Екі айдың ішінде қала тұрғындарының басым бөлігі төлемнің бұл түріне көшіп болған. Төлем карталары қаланың әр жерінде сатылады. «Анвар» сауда желілерінде де бар.

P.S. Қорыта айтсақ, қоғамдық көліктердің қызметін жандандыру керек. Автобус жүргізушілерінің талабы да қаралып жатыр. «Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар?» Айлық жақсы болса, автопарктен де ешкім қашпас.  Бұдан бірнеше жыл бұрын автобустардың ішіне сән кіріп, перделер ілініп, жүргізуші мен кондукторларға арнайы киім кигізген болатын. Осы бір көрініс жолаушыларға жылылық сыйлайтын. Қазір бірін-бірі итермелеген жұрт, кондукторлардың айқайы көбірек шығып, жолда жүру мәдениетімізден айырылып бара жатқандаймыз… Карантиндегі уақытша қиыншылық шығар деп өзімізді жұбатқымыз келеді. Алайда қоғамдық көліктегі проблемалар бүгін пайда болған жоқ. Күні ертең шешіле қоймасы да анық.  Мәселе ушығып кетпей тұрғанда шешуге қадам жасауымыз керек шығар…

 Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button