Денсаулық

Дәрігерлер вахта бекеттерін аралайды

Вакциналау жұмыстары Мұғалжар ауданында да жалғасып жатыр. Аудандық ауруханаға наурыз айынан бастап осы күнге дейін  3100 доза «Спутник V», 800 доза  «Hayat-Vax»  және 40 доза «ҚазВак» вакцинасы жеткізілген.  3573 адам екпе алған.

Ауданда вакциналау жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатыр. Дәрігерлер Саға, Шилі, Ақкемер, Құмсай, Қаракөл ауылдарын аралап, тұрғындарға екпе салды. Екі апта сайын Жаңажолдағы мұнай компанияларын аралап, вахталық әдіспен жұмыс жасайтын азаматтарға екпе салады, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, — деді аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Айбек Сүгіров.

Айбектің өзі де алғашқылардың бірі болып «Спутник V» вакцинасын алыпты. Ешқандай кері әсерін байқамаған.

— Екпені өте жеңіл қабылдадым. Ешқандай жағымсыз әсер білінген жоқ. Дегенмен егілген тұрғындардың арасында қызуы көтеріліп, басы ауырғандар болды. Бірақ айтарлықтай жағымсыз әсер білініп, ауруханға хабарласқандар болған жоқ. Дәрігерлердің 87 пайызы екпе алды. Қалғандары әртүрлі жағдайға байланысты егілген жоқ. Бірі бала емізсе, бірінде қарсы көрсетілімдер болды, — дейді Айбек Сүгіров.

Сондай-ақ  аурухана дәрігерлері халық жиі шоғырланатын жерлерге  реанимобиль көлігімен барып, тұрғындарға екпе салып жүр.  Тұрғындардың кез келген уақытта екпе алуына болады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button