Денсаулық

Тегін оңалтудан қалай өтеді?

Созылмалы ауруға шалдығып немесе ота жасатқаннан кейін тегін оңалту емін алуға  болады. Алайда көпшілік бұл қызмет түрін әлі де білмейді. Кімдер оңлатудан өтеді? Коронавируспен ауырғандар оңалтудан өте ала ма? Осы және өзге де сұрақтарға жауапты «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»  облыстық филиалының директоры Батырбек Нұрғалиевтен сұрап білдік.

 

Медициналық оңалтудан кімдер өтеді?

Биыл елімізде күндізгі және тәуліктік стационарларда 437 мыңнан астам пациент оңалту емінен өткен. Амбулаторлық деңгейде 1,5 миллионға жуық оңалту қызметі көрсетіліпті. МӘМС жүйесінің арқасында биыл оңалту емін қаржыландыру 2019 жылмен салыстырғанда 9 есеге, яғни  55,8 миллиард теңгеге дейін ұлғайған. 4 айдың  ішінде қор 14 миллиард  теңгеден астам қаржыны оңалту қызметі үшін төлеген.

Медициналық оңалтудың маңызы зор. Жарақат немесе созылмалы аурулардан кейін адам оңалту емін алып, қалыпты  тіршілікке оралуы керек. Бірақ тұрғындардың көпшілігі оңалту емін қымбат әрі қолжетімсіз деп ойлайды. Мәмс жүйесінде тегін өте алатынын білмейді. Науқас бірнеше жағдайда, яғни  негізгі немесе созылмалы аурудан кейін, қатты ауырсынудан, хирургиялық асқынулар мен жарақаттан және адамның қимылын шектейтін жағдайлардан кейін медициналық оңалту емін алады.

Егер сізге себепсіз оңалту қызметі көрсетілмесе немесе осыған қатысты қандайда бір қиындыққа тап болсаңыз, мәселені анықтау үшін сақтандыру қорының 1406 байланыс орталығына, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы немесе fms.kz сайты арқылы  хабарласуыңызға болады.

Қай кезде тегін көрсетіледі?

Оңалту емі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде созылмалы ауруы бар және  туберкулезбен ауыратындарға тегін көрсетіледі. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде тегін оңалту емін алуға болатын аурулардың тізімі бар. Соған сәйкес оңалту емі ақысыз болады.

Қайда хабарласу керек?

Медициналық оңалту емін алу үшін тұрғын тұрғылықты жері бойынша тіркелген емханадағы учаскелік дәрігерге қаралу керек. Емдеуші маман дәрігер-реабилитологқа немесе мамандардың мультидисциплинарлық тобына консультацияға жібереді. Олар науқастың  жағдайына байланысты жоспарланған оңалту емінің қажеттілігі мен тиімділігін бағалайды. Арнайы жоспар құрылып, ем курсының ұзақтығы анықталады.

Оңалту курсын амбулаторлық, стационарлық және стационарды алмастыратын, яғни үйде және санаторий-курорттық ұйымдарда алуға болады. Бұл ретте пациент жоспарлы тәртіппен «Емдеуге жатқызу бюросы» порталы арқылы стационарға жатқызылады.

Коронавирустан кейін  оңалтудан өтуге бола ма? 

Коронавирус инфекциясын жұқтырып, ауырлығы орташа және ауыр, аса ауыр жағдайда өкпесі қабынып, жазылып шыққан науқастар сақтандыру қорының қаражаты есебінен оңалтудан өте алады. Ем үйде немесе ауруханада емделгеніне қарамастан жүргізіледі. Медициналық оңалтуға жолдама аурухананың немесе емхананың мультидисциплинарлық командасының қорытындысы бойынша және реабилитологтың қатысуымен беріледі.

Емді кімдердің алуына болмайды?

Егер науқастан қан кетсе, фебрильді немесе субфебрильді температура болса, өткір жұқпалы ауру асқынса оңалту емін алуына болмайды. Сондай-ақ  жедел остеомиелит, тереңтамыр тромбозы, жүрек жеткіліксіздігін емдеу, ұстама кезеңіндегі эпилепсия, қатерлі ісік, туберкулездің, қант диабетінің, тиреотоксикоздың, бауырдың, ұйқы безінің III дәрежелі функционалдық жеткіліксіздігі кезінде, десоциализациясы бар психикалық аурулардың асқынуында, эмоциялар мен мінез-құлықтың бұзылулары кезінде және іріңді, жұқпалы тері ауруларының, 2-3 дәрежелі анемияның, 3-дәрежелі дистрофияның асқынулары кезінде ем алуға болмайды. .

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button