Мәдениет

Музыкалық жобалар жазда да жалғасады

Әдетте жаз айларында өнер ұжымдарының көбі демалысқа кетіп, жаңа бағдарламасын күз мезгілінде ұсынады. Ал Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония артистері маусым-шілде айларында көрермендерін бірнеше жобамен қуантқалы отыр. Бұлардың кейбірі үлкен сахнаға «жол тартып» та үлгерді.

80 артистің еңбегі

 

Маусым айының 2, 3-і күндері Өнер орталығы ғимаратында танымал ақын, драматург Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» музыкалық спектаклінің премьерасы өтті. Бұл — филармонияның алғаш рет сахналаған қойылымы. Бұрын-соңды мұндай бағытта өнер көрсетпеген артистер 1,5 сағаттық туындыны басқа қырынан көрсетуге күш салды. Режиссері — Сырым Мұхамед-Хафиз.

— Аталған спектакльге дайындық жұмыстары наурыз айында басталды. Артистердің костюмі, оркестр мен хордың музыкасы, бишілердің әр қимылына айрықша мән берілді. Осыған 1 миллион 700 мың теңге бөлінді. Бұны қойылым үшін үлкен қаржы деуге келмейді. Бірақ жеткізуге тырысып, барынша жақсы дүние ұсынуға талпындық. Өзімнің көңілімнен шықты.

Сырттан ешкімді тартқанымыз жоқ, барлығы өзіміздің әріптестеріміз. Атап айтсам, қазақ камералық хоры, камералық оркестр, «Аққу» би ансамблі, классикалық музыка ансамблі, «Екі езу» сатира театрының өкілдері жұмылдырылды. Барлығы — 80 адам. Ал басты кейіпкер Шәмшіні қазақ камералық хорының артисі Нұржан Қаражанов, Изольданы классикалық музыка ансамблінің солисі Алина Оспанова, композитордың анасын қазақ камералық хорының артисі Гүлжахан Досаева, Алеконы, яғни сыған жігітін классикалық музыка ансамблінің солисі Бэджо Калмыков, Баронды «Екі езу» сатира театрының артисі Бекбол Тәтебаев, Баронессаны «Екі езу» сатира театрының артисі Гүлзат Ермағамбетова, Сағынышты классикалық музыка ансамблінің солисі Лаура Таусарова сомдады. Бір қызығы, Бэдж оның ұлты — сыған. Сондықтан оған өз ұлтының адамын ойнап, өз тіліндегі әндерді орындау қиынға соқпады, — дейді Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның директоры Елубай Кенжалиев.

Ән мен актерлік ойын қатар өрілген қойылым — көрермен қауым көптен күткен жаңа һәм тың жоба. Сондықтан келушілер де көп болды. Әрі ақтөбелік кәсіби әншілерден құралған шығармашылық топтың талай театрда сахналанған «Сыған серенадасында» қаншалықты жарқырай көрінетіні де қызық-ты. Залда негізінен аға буын өкілдері байқалды. Солардың бірі — Үмітай Сағындықова:

— Жалпы алғанда, спектакль ұнады. Әншілердің актерге айналғанын ескерсек, жақсы өнер көрсетті деуге болады. Тек сахна концертке арналып жабдықталғасын, кейде актерлердің дауысы естілмей жатты. Бәрінен де Шәмшінің әндерінің орындалуы көңілімнен шықты. Жанды дауыста әрі оркестердің сүйемелдеуімен айтылған соң, музыка тіптен құлпыра түседі ғой. Жастық шағымыздың әндерін тыңдап, бір марқайып қалдық. Алдағы уақытта да осындай қойылымдарың ұсыныла берсін, — деп лебізін білдірді.

Ал жас Шәмшіні сомдаған қазақ камералық хорының артисі Нұржан Қаражановты сөзге тартқанымызда, бұл спектакльдегі алғашқы рөлі екенін, сондықтан қобалжығанын атап өтті.

— Әрине, Шәмшіні сомдау оңай болған жоқ. Спектакльде әріптестерімізбен өлең жолдарымен «сөйлестік», қарасөз болмады. Бұны жаттау да біраз шаруа (күліп). Сондай-ақ 7 ән орындадым. Арасында дуэтке де кезек бердік. Ол жағынан аса қиналмадым. Өйткені қазақ вальсі королінің әндерін жастайымыздан шырқап жүрміз. Кезінде даңқты композитордың әндеріне арналған байқауларға да қатыстым. Қысқасы, қолдан келгенше барымды салдым. Бағасын көрермен қауым бере жатар, — дейді жаңа қырын паш еткен әнші жігіт.

«Сыған серенадасы» музыкалық спектаклінің қысқаша мазмұнына тоқталсақ, жас Шәмші жаңбырлы күндердің бірінде Сағыныш есімді арумен танысады. Бірақ екеуінің сезімі бір арнада тоғыспайды. Жауапсыз махаббаттың кесірінен жалғыздық күйін кешкен сазгер аяқастынан сығандар тобырына тап болып, Изольда деген қызды ұнатып қалады. Өзге ұлттың қызы да сезімді жауапсыз қалдырмайды. Осы оқиғалар арқау болған қойылымда Шәмшінің сағынышқа толы әуезді әндері әуелейді. 

Айта кетейік, 24 маусым күні Өнер орталығы ғимаратында аталған спектакль қайтадан сахналанбақ. Қапы қалмаңыздар!

 Ашық аспан астындағы фестиваль

 Тағы бір жаңалық — филармония ұжымы ашық аспан астында өтетін жаңа жобаның шымылдығын түрмек. Мәдениет мекемесінің басшысы Елубай Кенжалиевтің айтуынша, жергілікті халықтың музыкалық талғамын көтеріп,  жас ұрпақты шығармашылыққа баулу, жалпы ақтөбеліктерге көтеріңкі көңіл күй сыйлау мақсатында «Music Fest Open Air» атты ашық аспан астындағы музыка фестивалі өткізіледі.

— Мамыр айынан бері демалыс күндері қаламыздың ашық алаңдарында түрлі мәдени ұйымдардың өнер көрсететіні белгілі. Соны жалғастыру үшін біздің филармония Өнер орталығы ғимаратының алаңында, яғни дәл алдында «Music Fest Open Air» атты музыка фестивалін өткізуді қолға алып жатыр. Алдағы сенбі күні  ашылуы болады. Екі сағатқа созылатын концерт аясында бірінші боп «Классика түні» атты концерт ұсынылады. Кешке Ахмет Жұбанов атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі, классикалық музыка ансамблінің әншілері және «Аққу» би ансамблі атсалыспақ.

Аталмыш фестиваль маусым мен шілде айларында әр аптаның сенбі күнінде өтеді деп жоспарланып отыр. Мәдени шара жаз бойы қала қонақтарына түрлі бағыттағы концерттік бағдарламаларды ақысыз ұсынады. Арасында әлемдік композиторлардың шығармалары да болады. Тек ауа райы қолайлы болуын тілеп отырмыз. Әйтпесе дайындығымыз жақсы, — дейді Е.Кенжалиев.

Жаңа жүйе қолға алынбақ

Ол көрермендер арасында енді абонементтік жүйенің енгізілетінін тілге тиек етті. Соған сай, тұрақты келушілер бір жыл бойы өтетін концерттік бағдарламаларға 20 пайыздық жеңілдікпен бірден билет ала алады. Алдын ала мұндай қызметке жүгінгендерге де басқа да артықшылықтар қарастырылған. Бұл — Еуропа елдерінде бұрыннан қалыптасқан жүйе.

— Сол арқылы біз көрермендердің музыкалық деңгейін өсіруді көздеп отырмыз. Қашанғы эстраданы тыңдай береміз?! Ұлттық аспаптарды төрге оздырып, нағыз музыка  мамандарын тыңдайтын кез жетті. Әлгіндегі музыкалық фестиваль, абоненттік жүйе де сол үшін жасалып отыр. Жаздағы концерттерде соны мықтап насихаттаймыз, — дейді Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның директоры Елубай Кенжалиев.

Әңгімелесушіміз өз сөзінде әлі де концертке жиналатын көрермендердің аздығын, жаппай өнер кештеріне келу кемшін екенін жасырмады. Жоғарыда аталған ашық аспан астындағы фестивальдің өткізілуі де сондықтан.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button