Жаңалықтар

Кітапханадағы экскурсия

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми- кітапханасында Ақтөбе гарнизонындағы әскери полиция бөлімі отбасымен жұмыс жөніндегі қызметтің ұйымдастыруымен экскурсия өткізілді.

Шараға қатысқан әскери қызметшілер отбасыларымен бірге Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жоспарланған «Мемлекеттік рәміздер — ұлт мақтанышы» атты кітап көрмесіне қатысып, кітапхана жұмысымен танысты.

Кітапхана маманы алдымен ғасырдан астам тарихы бар кітапханадағы абономенттік қамтамасыз ету, оқу залы, өнер әдебиеттері, шет тіліндегі әдебиеттер, өлкетану және коворкинг тағы да басқа бөлімдермен таныстырды.

Кітапханада оқырмандар үшін барлық жағдай жасалған. Қалаған кітабыңыздың аудио түріндегі нұсқасын да тыңдауға болады. Балалар әдебиетіне де аса мән берілген.

Кітапхананың бас маманы Жамал Жұмагереева қорда 350 мыңға жуық кітап барын, оның ішінде шет тілінде де кітаптар жеткілікті екенін айтты.

— Балалардың жазғы демалыстарын қызықты әрі тиімді өткізу мақсатында кітапханамен бірлесе отырып, осы іс-шараны ұйымдастырдық.  Балаларға қажетті, қызықты кітаптар өте көп екен. Балаларымен қоса, ата-аналары да кітапхана оқырмандарының қатарына қосылып, кітаптар жаздырып алуда, — дейді әскери қызметшілердің отбасы мүшелері мен жұмысты ұйымдастыру қызметінің штаттан тыс бастығы Ләззат Жақыпова.

«Отан — отбасынан басталады» деп дана халқымыз айтқандай, отбасы, бала, тәрбие — бір-бірімен ажырамас ұғымдар. Саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін сапалы білім қажет екені белгілі. Осындай тәлім-тәрбиелік мәні зор жұмыстардың берері мол.

 Светлана НҰРБАЕВА,

ҚР Қорғаныс министрлігі

Ақтөбе гарнизоны баспасөз қызметінің

баспасөз хатшысы.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button