Басты жаңалықтар

«Үш тағанды» оқыңыз және жазыңыз!

БАСПАСӨЗ — 2021

Қазіргідей оқырман азайып бара жатқан кезде, соларға ілесіп, газетіңіз бен журналыңыз бірге азаятын болса, сауат пен сананың арасындағы алтын көпір қирап қалмасына кім кепіл!? Биыл 30 жылдығы тойланғалы отырған Тәуелсіздігіміздің бір жеңісі — қазақ тілді басылымдардың көбейгені десек, дау айтар кім бар?!

Қоғамдық-саяси, әлеуметтік-рухани мәселелерді қозғайтын, «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Үш таған» — сол қазақ тілді басылымдар қатарына кенжелеу енген журналдардың бірі. Дегенмен мақсаты — өзі кенжелеу жарық көргенімен, оқырманын кенже етпеуге тырысу.

Біздің көздейтініміз — ыссылы-суықты ақпараттар мен дәйекті-дәлелсіз деректемелер көбейіп тұрған қазіргі шақта қандай мәселені де байыппен барлау. Әріге бармай-ақ, журналымызда жыл басынан бері жарық көрген бірқатар материалдарды атай кетелік: «30 жыл бұрын: КСРО қалай құлады?», «Санада таразыланған сақтық», «Кешіккен кітаптың тарихы», «Баяндылық жетіспеген баяндама», «Техникамен текетіреске түскендер», «Қасіретті құжаттар», т.б.

Рас, бұлар бұрын тіпті де сөз болмаған, бұрын тіпті де қалам тартылмаған тақырыптар емес. Дегенмен қай кезде де, қай дерекке де жаңаша үңілу керектігі аян.

Бұл ретте, әрине, басты назарымызда Тұңғыш Президент — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы болғаны мәлім. Жұртшылық бұл орайда соңғы жылдары облысымызда бірқатар істер жүзеге асырылғанынан мол хабардар. Әсіресе облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің бастамасымен көне тарихты жаңғырту мақсатында көптеген шаруалар жүргізілгені, соның нәтижесінде танымал археологтардың қатысуымен «Рухани жаңғыру» — ұлттың ұлы мұраты» атты басқосу өткені белгілі. Міне, осыған орай журналымызда Қобыланды батыр, Есет батыр Көкіұлының мемориалдық кешендері, Абат-Байтақ, Әбілқайыр хан жерленген «Хан моласы» қорымдары, Кенесары ханның қарындасы — Бопайдың моласы, Есет-Дәрібай кесенесі, Ойсылқара қорымы, Досжан ишан мешіті, Исатай батыр кесенесі, Әбубәкір кесенесі, Қызылүйік ғибадатханасы және Жаманшың метеорит кратері тәрізді киелі жерлер туралы материалдарға кең орын берілді.

Сонымен қоса биылғы, өткен жылғы бірқатар нөмірлерімізде тәуелсіз елдің оқырманына қажетті жаңа фактілерді тірілттік, жаңа пайымдар ұсындық. Айталық, өткен жылы жарияланған «Кеңестік жер саясаты және ұлт өкілдерінің ұстанымдары» немесе «Ғылым мен билік тартысы» тәрізді көлемді мақалалар Қазақстан экономикасының ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы даму бағытында болған қайшылықтардың себебі мен салдарын баян етсе, биыл соның жалғасы ретінде сол кезде жұртымызды жалмаған ашаршылық туралы нақты деректерге толы материалдар ұсындық. Бұл материалдар оқырман үшін танымдық дүниелер болса, пән жүргізетін тарихшылар үшін — қосымша деректер.

Пән демекші, өткен жылдан бері журналымызда қазақ әдебиеті пәні мұғалімдеріне көмекші боларлық біршама әдеби портреттер жарық көрді. Қазақ әдебиетінің классиктері Қасым Аманжолов, Сырбай Мәуленов, Тоқаш Бердияров, Жұмекен Нәжімеденов, соның ішінде жерлес тұлғаларымыз Тахауи Ахтанов, Қуандық Шаңғытбаев, Өтежан Нұрғалиев, Есенбай Дүйсенбайұлы тәрізді қаламгерлер туралы тұшымды толғаныстар ұсынылды. Кейінгі буынды қанаттандыру мақсатында «Ұрпақ» деп аталатын айдар арқылы нөмір сайын мектеп оқушыларының өлеңдері мен мақалаларын және жариялап келеміз.

Қалай дегенде де, журналда жарияланған дүниелерді толық тізіп өтудің мүмкіндігі жоқ, қажеті де болмас. Әйтпесе өз топырағымыздан шыққан танымал жеке тұлғалар, ардақты аналар мен жалынды жастар, түрлі мамандық иелері мен кәсіпкерлер, т.б. туралы жазылған талай материалдарды шолып өтуге болар еді.

Ең бастысы, «Үш таған» — ақтөбелік оқырманды жақсы танитын журнал.

Ендеше әзірге алдағы алты айға «Үш таған» журналына жазылыңыз. Журналдың бағасы алты айға қала тұрғындары үшін — 3287,26 тг; ауыл тұрғындары үшін — 3313,08 тг. Мекен-жайымыз: Ақтөбе қаласы, Т.Рысқұлов көшесі, 190. Баспасөз үйі.

Ай сайын жүздесіп тұралық, құрметті оқырман! Өзіңіз де хат-хабар жолдап, мақалалар ұсынып тұрыңыз, жазыңыз.

Ертай АШЫҚБАЕВ,

«Үш таған» журналының бас редакторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button