Жаңалықтар

Жылыжайды аралады

Кеше Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген Нидерланд королдігінің еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Андре Карстенс бастаған топ Пригородный елді мекенінің аумағында орналасқан «Green Capital Kazakhstan» ЖШС жылыжай кешенін аралады.

Құрамында Нидерланд королдігіндегі ҚР Төтенше және өкілетті елшісі Асқар Жұмағалиев, облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, «KUBO» компаниясының өкілі Ботир Салиев, «Van der Hoeven Horticultural Projects» компаниясының өкілі Анна Сычинская, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай, т.б. бар топ жылыжайдың жұмысымен танысып, мұнда өсірілетін қызанақтың сорттарын көрді.

Жылыжайда бүгінде қызанақтың екі сорты өсіріледі. Оның бірі — черри, екіншісі-мерлис. Халықаралық және заман талаптарына сай жабдықталған кешенде қуаттылығы 7 мың тоннадан астам қызанақ өндіретін жаңа гидропоника технологиясы қолданылады. Қазіргі таңда өндіріс орнында 120 адам жұмыспен қамтылған. Аталған жоба «Агроэкспорт» және «Агробизнес» бағдарламалары бойынша қаржыландырылған.

«Green Capital Kazakhstan» ЖШС қаржы жөніндегі директоры Эмиль Милушевтің айтуынша, кешен ультра-климат жүйесінде жұмыс істейді. Яғни мұнда қандай ылғал, ауаның қажет екендігі автоматты түрде таңдалады. Кешендегі жарықтандыру да солай. Бұл — өндірістегі жылыжайдың соңғы үлгілерінің бірі.

  • 2022 жылы жылыжай кешенінің аумағын тағы 10 гектарға арттырып, үшінші кезеңін жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Мұнда өсірілген өнім өзіміздің Ақтөбе облысынан бөлек, Нұр-Сұлтан, Алматы, көршілес Ресей Федерациясына шығарылады. Нарықтағы бағасы — бір келісі 300 теңге, — дейді Э.Милушев.

Жылыжай кешенін аралаған Нидерланд королдігінің еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Андре Карстенс инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда Ақтөбенің әлеуеті зор екенін жеткізді.

  • Бүгін белгілі сарапшылар, жылыжай кешендерінің басшылары мен техник-агрономдардан құралған делегация Ақтөбедегі жылыжай кешенін аралап, осындағы жұмыстарды өз көзімізбен көріп жатырмыз. Бұл кешен — біздің осы елдегі ең үлкен жылыжайлардың бірі. Алдағы жылдары бұдан да ары қарай дамиды деп сенеміз. Осындай жобаларды Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында да жүзеге асырмақ ойдамыз. Біз үшін Қазақстанда, оның ішінде Ақтөбеде жылыжай кешенін дамыту өте қолайлы. Себебі бұл облыс климаты, инфрақұрылымы, электр энергиясы жағынан өте тиімді. Алдағы уақытта да біз ақтөбеліктермен тығыз жұмыс жасайтын боламыз, — деді ол.

Айта кету керек, «Green Capital Kazakhstan» ЖШС облыста 2017 жылдан бері жылыжай кешенін салу бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асырып келеді. Бесінші буын жылыжай кешені гидропоникалық негізде көкөністерді жыл бойына өндіруге арналған. Кешен қосымша жарықтандыру жүйесі,

сондай-ақ климатты бақылаудың тиімді жүйесімен жабдықталған.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button