Жаңалықтар

Екі ел арасындағы алыс-беріс артады

Кеше Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген Нидерланд Корольдігінің ресми өкілдері мен кәсіпкерлері осындағы әріптестерімен кездесті. Дөңгелек үстелде шетелдік спикерлер өздерінің бизнестегі мүмкіндіктерін айтса, біздің тарап экономикалық әлеуетімен таныстырды.

Облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы бүгінгі шара ең алдымен екі ел арасындағы әріптестікті нығайтуға бағытталғанын, бұл бизнестің әр саласын қамтитынын атап өтті. Артынша Қазақстан Республикасындағы Нидерланд Корольдігінің Төтенше және өкілетті Елшісі Андре Карстенс Ақтөбе жеріне бірнеше рет келіп тұрғанына қуанышты екенін білдіріп, сөзін төмендегідей сабақтады:

— Біз осындағы сүт өндіретін компания мен жылыжайлардың жұмысымен жақсы таныспыз. Өндірісі мен ауыл шаруашылығы дамыған өңірдің экономикалық қарқыны туралы да білеміз. Мақсат — әріптестікті жаңа деңгейге шығару. Яғни тауарайналым көрсеткішін әрі қарай өсірсек дейміз. Сол үшін де делегация өкілдерімен Қазақстанға келіп қалдық. Ақтөбеден кейін Орал, басқа да қалаларға бару жоспарда бар, — деді.    

Ал Қазақстан Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Асқар Жұмағалиев әріптестіктің әлеуетін жаңа деңгейге көтеру — Елбасы мен Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы екенін, бұл мәселе жуырда ғана Үкімет басшысы Асқар Маминнің жетекшілігімен ұйымдастырылған кеңейтілген отырыста да талқыланғанын тілге тиек етті.

— Бүгінгі нидерландылық делегацияға ең мықты деген өкілдерді іріктеп алдық. Сол арқылы компаниялар арасындағы байланысты нығайтуды көздейміз. Одан бұрын Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстанның Премьер-министрі Асқар Маминнің қатысуымен өткен келіссөзде тарихи құжаттарға қол қойылды. Қомақты мөлшерде инвестиция тартылатын болды. Бұл — өте жақсы нәтиже. Енді, міне, сол алыс-беріс аясында Ақтөбеде де әріптестікті одан әрі күшейтуді мақсат етіп отырмыз.

Қазіргі таңда арадағы байланысты жақсарту үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Шетелдік инвесторларды осылай шақырғанда тәжірибе алмасуды және ұмытпайық дегім келеді. Сондықтан кез келген сұрақтарыңызды қойып, телефон нөмірлеріңізді алмасып, таныстық құруға талаптаныңыздар, — деді Асқар Жұмағалиев.

Екі Елшінің сөзінен соң «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының аймақтық директоры Олжас Әліпбаев облыстың экономикалық дамуы мен инвестициялық мүмкіндіктері туралы баяндады.

Сонымен қатар, шетелдік делегация мүшелері — «KUBO» компаниясының ресми өкілі Ботыр Салиев, «Van der Hoeven Horticultural Projects» компаниясының ресми өкілі Анна Сычинская, «Hoogendoorn» компаниясының жобалар жетекшісі Арджан Новбахари, т.б. өздерінің қызметі туралы жан-жақты мәлімет беріп, компанияларымен таныстырды. Сол сияқты қазақстандық тарап, негізінен, жылыжайлардың өкілдері жұмысы жөнінде хабардар етті.

Басқарма басшылары, қаржы институттарының мамандары, кәсіпкерлер мен журналистер қатысқан басқосуда инновациялар жобалар, ауыл шаруашылығы саласындағы жаңашылдықтар сөз болды. Шара Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғимаратында ұйымдастырылды.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.   

Басқа жаңалықтар

Back to top button