Жаңалықтар

Қаза тапқан әскерилерді еске алды

2016 жылы 5 маусым күні Ақтөбеде бір топ лаңкес  №6655 әскери бөліміне және қару сататын  «Паллада», «Пантера»  дүкендеріне шабуыл жасаған болатын. 

Осы террорлық акт кезінде жеті адам қаза тапты. Биыл аталған оқиғаға бес жыл толып отыр. Осыған орай №6655 әскери бөлімінде  қақтығыс кезінде қаза тапқан әскери азаматтарды еске алу шарасы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова,  Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров, облыс прокуроры Марат Қайыпжанов, ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев және қаза тапқан азаматтардың ата-аналары мен туыстары, ардагерлер қатысты.

Сол күні қарулы топ екіге бөлінеді. Бірінші топ қару-жарақ дүкендеріне бағыт алса, екінші топ әскери бөлімді басып алмақ болады. №1 бағыттағы автобусты тоқтатып, мініп алған лаңкестер әскери бөлімнің қақпасын бұзып кіреді. Оларға қарсы шыққан, яғни «Батыс» өңірлік ҰҚК әскери қарсы барлау бөлімінің жедел уәкілі майор Даниэль Майлыбаев, келісімшарт бойынша жұмыс жасап жүрген Берікжан Қалиев, қатардағы жауынгер Досбол Сапаров оққа ұшады.

— Қайғылы оқиғаға бес жыл толып отыр. Лаңкестерге қарсы шыққан әскери қызметкерлердің ерлігі ұмытылмақ емес. Олар соңғы демі қалғанша Отан алдына берген антына адал болды. Еліміздегі тұрақтылықты сақтап қалды, — деген қала әкімі бұндай оқиғаның енді қайталанбауын тіледі.

Жиналғандар «Мәңгілік сапта» мемориалды тақтасының алдына  гүл шоқтарын қойып, марқұмдарды  бір минут үнсіздікпен еске алды.

2016  жылы келісімшарт бойынша жұмыс жасаған, қазір зейнеттегі Жеңіс Талдыбаев сол күнгі оқиғаны былай деп еске алды:

— Сол күні кезекшілікте болдым. Сағат 14.40-та сыртқы қақпада қатты соққы болды. Не болғанын білмек болып сыртқа шықтым. Автобустан он-он бес шақты адам атып шықты. Дереу солдаттарды ішке кіргізіп, бронежилет кигіздім. Кезек бөліміне кіріп, ішке дабыл бергіздім. Шабуыл жасалып жатқанын айттық. Сол кезде  Досбол Сапаров, Даниэль Майлыбаев, Берікжан Қалиев есімді қызметтес достарымыз қаза тапты. Бұл оқиға бәрімізге сабақ болды.

Досбол Сапаровтың әкесі Еркінбек Әбдікәрімов ұлының ерлігін құрметтеп, еске алып жатқан азаматтарға алғысын айтты. Ал Даниэль Майлыбаевтың анасы Ақтөбеге осымен екінші рет келіп отыр.

— Екі балам бар. Даниэль үйдің үлкені еді. Артында төрт баласы қалды. Алматыдан немерелерімізді ертіп келдік. Баламызға арналған музейді көрдік, — деді Даниельдің анасы Гүлстан Есенқызы.

Жиналғандар әскери бөлімдегі қаза тапқан жауынгерлерге арналған музейді көрді.

Сондай-ақ бұл күні  қазақ тапқан әскерилердің құрметіне самбодан жарыс өтті.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button