Денсаулық

Қауіп әлі де сейілген жоқ

Облыста соңғы тәулікте коронавирус инфекциясы бойынша — 22, пневмониямен 5 жағдай тіркелген. Мамандар Ақтөбе облысының қазір «жасыл аймақта» тұрғанын, дегенмен қауіптің әлі де сейілмегенін айтады.

Бұл туралы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров баспасөз мәслихаты барысында мәлімдеді.

— 6 маусым күні коронавирус індетін жұқтырған 22 адам тіркелді. 17 адамда аурудың клиникалық белгілері болса, бесеуі — симптомсыз. Аурушаңдықтың өсу деңгейі — 0,2 пайыз. Қазір Ақтөбе облысы «жасыл аймақта». Облыстың Бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес бірқатар нысандарға жеңілдіктер беріліп, жұмыстарын жалғастырып жатыр. Дегенмен тұрғындарға әлі де қауіптің сейілмегенін айтқымыз келеді.

Сондықтан баршаңызды бетперде тағуға, қолды жиі жуып, антисептиктерді пайдалануға, әлеуметтік қашықтықты сақтауға шақырамыз. Отбасылық мерекелік шаралар мен мерекелік іс-шараларды өткізуге тыйым салынғанын тағы да еске салғымыз келеді, — деді Мұхтар Сербаев.

Өз кезегінде сөз алған Бекболат Ізбасаров пандемия басталғалы облыста жалпы саны 11408 адам КВИ-мен ауырғанын,10727 адамның аталған індеттен жазылып шыққанын атап өтті. Қазіргі таңда инфекциялық ауруханаларда 266 адам ем алып жатыр. Ал үй карантиніне 2399 адам алынған. Оларға медициналық бақылау жүргізілуде.

— Вакцинациялауға келсек, облыстағы барлық емдеу мекемелерінде вакцинаның үш түрі де бар. Бүгінгі күнге дейін облыстың 87 777 тұрғыны бірінші компонентпен, ал 41 843-і екінші компонетпен егілген. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жалғасуда, — деді денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары.

Айта кетейік, облыс аумағында блок-бекеттер жоқ. Мобилді мониторингтік топтар   эпидемияға қарсы іс-шаралар бойынша  рейдтік тексерулер жүргізуді жалғастыруда.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button