Басты бет » Денсаулық » АИТВ-ның алдын алу — бағдарламаның  басты бағыты

АИТВ-ның алдын алу — бағдарламаның  басты бағыты

Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында  қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін жеткізу жобасы ұсынылды. Бағдарламада инфекциялық аурулармен күресуге және жарақаттану мен жазатайым оқиғалардан болатын өлім-жітімді төмендетуге назар аударылды. Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде адам иммун тапшылығы, яғни  АИТВ-ға шалдыққан адамдарды емдеумен қамту 29 пайызға артады деп жоспарланды. Бағдарламаны жүзеге асырудан күтілген нәтижелер бойынша атқарылып жатқан жұмыстар қазірдің өзінде жемісін бере бастады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  «Сындарлы қоғамдық диалог —  Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деген Жолдауында елімізде  денсаулық сақтау саласына, әсіресе медициналық қызмет сапасын жақсартуға көп көңіл бөлінетінін атап көрсеткен болатын.  Жолдауда айылғандай, АИТВ-ның алдын алу мақсатында мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп, көптеген іс-шаралар атқарылып жатыр. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген дана халқымыз. Халық арасында АИТВ жұқпасының алдын алу шараларын кеңінен насихаттап, таралу деңгейін төмендетуге күш жұмсалуда.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен ЖИТС орталығының жұмысы жақсы жолға қойылды. Орталықта қазір емдеу, алдын алу, эпидемиологиялық, ұйымдастыру, әдістемелік бөлімдер мен диагностикалық зертхана  жұмыс істеуде. Екі жылжымалы, бір стационарлы сенім бекеттері бар. Орталық үкіметтік емес ұйым мүшелерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізуді қолға алды. Олар дәрігерлермен бірге инъекциялық есірткі тұтынушылар мен сексуалдық қызметкерлерінің шоғырланған жерлеріне барып, шприцтер мен мүшеқаптар, ақпараттық ағарту материалдарын тұрақты түрде тегін таратып тұрады. ЖИТС орталығының мамандары жылжымалы сенім бекеті мамандарымен халықтың осал тобы арасында күндіз де, түнде де рейдтер жүргізеді.

АИТВ жұқпасы анықталған адам өзінің денсаулығында кінәрат барын естігенде, қатты күйзеліске түсіп кететін кездер жиі болады. Орталықтағы дәрігерлердің көмегімен және психолог маманның кеңесінен кейін уақытында  ем қабылдап жүрген пациенттер өздерін қоғамның тең мүшесі ретінде сезініп, үміттері қайта жанғандай болады. Халықтың осал топтары үшін ЖИТС орталығындағы «Достық» кабинетінде тегін медициналық тексерулер жүргізіліп, АИТВ жұқпасы анықталған адамға  орталық дәрігерлері тегін қызмет ұсынады. АИТВ инфекциясы — әзірше емі жоқ ауру. Бірақ ауру созылмалы санатқа ауысса, адамның ұзақ өмір сүруіне болады. Антиретровирустық терапия тегін жүргізіледі. Емді тұрақты түрде қабылдап, дәрігерлердің бақылауында жүргендер арасында АИТВ-ның берілу қаупі нөлге дейін төмендейді.

ЖИТС орталығының құрылғанына 30 жылдан асты. 1989 жылы Ақтөбе облысында АИТВ жұқпасы бірінші рет анықталды. АИТВ жұқтырған адамдарды емдеу ісі  жүйелі қолға алынды. Нәтижесінде  жылдан-жылға АИТВ жұқпасын жұқтырғандар саны азайып келеді. Оның ішінде  аналардың саны азайды. Уақтылы ем қабылдап жүрген аяғы ауыр әйелдер дүниеге дені сау бала әкелді.

Денсаулық сақтауды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында салауатты өмір салты мен адам капиталын дамытуға басымдық берілді.

 Жасқайрат СҮЛЕЙМЕНОВ,

 ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының бас дәрігері.