Денсаулық

Тегін тексеріл!

Ақтөбеде адам иммун тапшылығы синдромына, яғни АИТВ-ға  шалдыққан 351 адам тіркеуде тұр. Оның 318-і тұрақты түрде дәрі қабылдайды. ЖИТС орталығындағы (жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы) «Достық» кабинетінде тек АИТВ емес, өзге де жұқпалы ауруларға тегін сараптама жасалады.

Қазір қоғамда гомосексуалистер, трансгендер, есірткі қолданатындар, сексуалдық қызмет көрсететіндер және жыныс мүшесін ауыстырғандар туралы жиі айтылады. Дәстүрлі емес жолды таңдағандар туралы қоғамның көзқарасы да әртүрлі. Бірақ қалай десек те, бұндай адамдар арамызда жүр. ЖИТС орталығындағы «Достық» кабинетіне келетіндердің басым бөлігі осындай жандар.

Орталықтың дерматовенеролог дәрігері Ботагөз Бимұратованың айтуынша,  аталған кабинет 2005 жылы ашылыпты.

Бұл жерге адам иммун тапшылығы вирусы, яғни АИТВ жұқтыру қаупі жоғары топтағы адамдар келеді. Олар кез келген емханаға барып қаралуға қысылады. Ашылып сөйлеспейді. Ал бұл жерде науқастың ашылып сөйлеуіне жағдай жасалған. Кабинетте АИТВ және  өзге де  жұқпаларға тегін сараптама жасалады. Тағы бір ерекшелігі, мұнда тексерілуге келген пациенттер туралы барлық мәлімет құпия сақталады. Тіпті ол адам өзінің аты-жөнін де айтпауға еркі бар. Осы салада еңбек етіп жүргенде байқағаным, қазір гомосексуалистер көбейіп барады. Бірақ біздің мақсатымыз — ол адамдарды тергеу, айыптау емес, мақсат — адам иммун тапшылығы вирусының алдын алу. Ілгеріде Вич-ке  есірткіге тәуелділер мен сексуалдық қызмет көрсететіндер ғана шалдығатыны айтылатын. Ал қазір кез келген адам вирус жұқтыруы мүмкін. Мәселен, қазіргі күні орталықта 351 адам тіркеліп тұрса, оның ішінде отбасылы және тәуір қызметте жасайтын адамдар бар. Ауру адамның әлеуметтік дәрежесіне қарамайды. Вирусты кез келген жерде жұқтырып алуға болады. Қазір әлеуметтік желімен танысатындар көп. Олар желі арқылы сөйлесіп жүріп, кездескен кезде бірден жыныстық қатынасқа түседі. Бұндай қатынастың соңында адам тек АИТВ емес, өзге де қауіпті жұқпалы ауруларды жұқтырып алуы мүмкін, — дейді Ботагөз Бимұратова.

«Достық» кабинетінде гинеколог, дерматовенеролог, психолог мамандар жұмыс жасайды. Мәселен, сараптама қорытындысы оң нәтиже көрсетсе, науқас орталық дәрігерлерінен тегін ем алады. Сондай-ақ мерезге, гепатитке де сараптама жасалады. Аталған кабинетте сараптаманың бірнеше түрі бар. Мәселен, АИТВ-ге экспресс тестілеу өткізіледі. Саусақтан алынған қан сараптамасының нәтижесі 20-25 минуттың ішінде анықталады. ИФТ сараптамасы (иммундық ферментті талдау) жасалады. Күдік болмас үшін сараптама нәтижесінде АИТВ жұқпасы анықталмаған адамдар 2-3 айдан соң қайталап сараптама жасатады. Өйткені әр адамның иммундық жүйесі әртүрлі. Жұқпа кейде кеш белгі бере бастауы әбден мүмкін. Сондай-ақ тексеруге келгендерге тегін мүшеқаптар беріледі.

Ботагөз Бимұратованың айтуынша, биылдан бастап облыста пилотты жоба қолға алыныпты, яғни қауіпті топтағы адамдар аурудың алдын алу үшін препараттар ішеді. Ол ауру адаммен жыныстық қатынасқа түскен жағдайда немесе өзге де жолмен жұқтыру қаупі болған кезде  вирус жұқтырмайды. Қазіргі таңда аталған препараттардың тиімділігі туралы қауіпті топтағы адамдарға түсіндіріліп жатыр.

ЖИТС орталығының мамандары жылжымалы сенім бекетінің мамандарымен бірге күндіз де, түнде де рейдтер жүргізеді. Олар халықтың осал топтарымен кездесу өткізіп, ЖИТС орталығында «Достық» кабинеті жұмыс істейтінін және ол жерге келіп тегін кеңес, ем алуға болатынын түсіндіреді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button