Басты жаңалықтар

Абаттандыру жұмыстарын бақылауды тапсырды

Ақтөбеде аумақтарды қураған ағаштардан тазарту және жасыл желектерді күтіп-баптау жұмыстары күшейеді.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин басқарма басшылары, аудан әкімдері бейнебайланыс арқылы қатысқан аппарат жиынында Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровқа осындай тапсырма берді.

Қаланың абаттандырылуын бақылауда ұстаңыз. Тал егеді, бірақ кейін суармайды, қарамайды. Бүкіл қала бойынша осындай проблема бар. Көптеген абаттандыру жұмыстары жүргізілуде, дегенмен кепкен ағаштар жағымсыз әсер қалдырады. Біраз жұмыстар атқарылды, бірақ ағаштар дұрыс суғарылмаған. Осы мәселені шешу үшін жүйелі шешім қабылдау керек, — деді О.Оразалин.

Сондай-ақ облыс әкімі мемлекеттік сатып алуды тездетуді тапсырды. Мемлекеттік сатып алу байқауларының барлығы аяқталмаған, тіпті жарияланбағандары да бар. Негізінен, бұл жұмысты созып отырған – аудандар.

Облыс әкімі мемлекеттік сатып алулар басқармасына:

Әлі де жарияланбаған құрылыс жобалары бар. Жарты жыл өтті. Бұл жұмыс қашан басталады? Қысқа мерзімде байқаулардағы кідірістерге талдау жасап, себебі техникалық немесе адами фактор екенін анықтап беріңіз,— деп тапсырды.

Жиын барысында сондай-ақ балалардың құқығын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сонымен қатар өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты мәселелер қаралды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша қазір облыста Covid-19-ға қарсы екпенің көлемі жеткілікті дәрежеде.

Жұмысты күшейту керек, соның ішінде түсіндіру жұмыстарын қарқынды жүргізу қажет. Коронавирус індетінің қарқынын баяулату тікелей екпеге байланысты, — деген облыс әкімі жауапты тұлғаларға санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ерекше назарда ұстауды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button