Жаңалықтар

Салығыңызды төледіңіз бе?

Облыстық мәслихат депутаттары кезекті отырыста салық саясатын жүзеге асыру мәселесін талқылады.

Облыстық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Аманжол Жақанов салық саясатын іске асыру, түсімдердің тиісінше орындалуын қамтамасыз ету және бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту бойынша қосымша резервтерді іздестіру, сондай-ақ биылғы міндеттер туралы баяндады.

Оның айтуынша, жергілікті бюджетке 123,7 миллиард теңге түскен.

— Жоспардан тыс 23,8 миллиард теңге түсті. Осылайша облыстық бюджет 142 пайызға, ал қалалық бюджет 118 пайызға орындалды. Аудандық бюджет те артығымен толды.

2020 жылы мемлекеттік бюджетке қосымша 40,5 миллиард теңге түсті. Бұл салықтар, басқа да міндетті төлемдер есебінен түскен қаржы. Осы орайда салық түсімдері біздің департамент мамандарының еңбек нарығына қатысушылардың кірістерін заңдастыру бойынша жүргізіп жатқан жұмыстарының нәтижесінде де толығып жатқанын айта кетсем деймін. Айталық, өткен жылы тіркелмесе де жұмыс жасап тұрған 625 кәсіпкерлік субъектісін анықтадық. Осындай шаралардың арқасында мемлекеттік сатып алуға араласатын 226 қатысушы бюджетке 272,8 миллион теңге төледі.

Биылғы 4 айдың қорытындысы бойынша облыстық бюджетке 16,3 миллиард теңге, қалалық бюджетке 19,9 миллиард теңге, аудандық бюджетке 11,7 миллиард теңге түсті. Жалпы, осы аралықта мемлекеттік бюджетке салықтардың есебінен қосымша 4,4 миллиард теңге түсті.

Сонымен қатар салық салынатын базаны кеңейту және қосымша резервтерді қамтамасыз ету жөніндегі бекітілген іс-шаралар жоспары аясында 2021 жылғы 4 айда бюджет қосымша 1,2 миллиард теңгемен толықты. Қазіргі уақытта экологиялық заңнаманы бұзу бойынша тексерістер жүргізілу үстінде. Бұл істе 2,7 миллиард теңгеге заңбұзушылықтар анықталды.

Темекі, мұнай, алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымын тоқтату бойынша да іс-шаралар атқарылып жатыр. Мысалы, 1 745 литр немесе 3 490 бөтелке алкоголь өнімі тәркіленіп, иесіне  75,1 мың теңге көлеміндегі айыппұл салынды.

Мұнымен бірге облыста 3815 адам жалпы құны 189 миллион теңге көлеміндегі көлік салығын төлемей жүр. Бұл шынымен де үлкен мәселе. Бірақ мәселенің екінші жағы бар: көлік құралы әлгілердің атында болса да, іс жүзінде оларда ештеңе жоқ. Болмаса автокөлік үш жылдан астам уақыт бойы пайдаланылмай тұр, яғни жарамсыз. Осыған байланысты жылжымалы және жылжымайтын мүлікті мемлекеттік органдарда тіркеу есебінен шығару бойынша рақымшылық жасау, артынша салық берешегін есептен шығару сияқты шаралар ұсынылып отыр, — деді ол.

Баяндамашы өз сөзінде халыққа ыңғайлы болсын деген оймен  «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасының іске қосылғанын тілге тиек етті. Сол арқылы салықтарды төлеуге, берешектің бар-жоғын тексеруге, басқа да амалдарды орындауға мүмкіндік бар.

Департамент  басшысын тыңдаған депутаттар соңында бірқатар сұрақ қойып, қаулы шығарды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button