Мереке

Сыңғырласын әрқашан балалықтың күлкісі

1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күні «жасыл аймаққа» енген құтты мекенде өз деңгейінде аталып өтті. Жылдағы дәстүр бойынша қаланың барлық саябақтарында түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылып, балаларға тегін балмұздақ таратылды.

 «Әсем әуен әлемі — балалық шақ!»

Бүлдіршіндердің мерекесін ақтөбеліктер биыл да ерекше атап өтті. Балаларға арналған ойын-сауық мерекелік бағдарламалар қаламыздағы барлық саябақтарда жергілікті уақыт бойынша сағат 10.00-де басталды. Атап айтар болсақ, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев атындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағы, Ақтөбе Арбаты, «Авиатор» алаңы, А.Пушкин атындағы саябақ, «Нұр Ақтөбе» ауданындағы  Есет батыр ескерткішінің алаңында бұл күні түрлі қызықты шаралар ұйымдастырылып, ертегі кейіпкерлері балалардың көңілін көтерді. Сондай-ақ  бүлдіршіндер «Менің Отаным — Қазақстан!», «Бақытты балалық шақ», «Мен бақытты баламын!» тақырыптарында асфальтқа сурет салып, «Көңілді старт» жарысына қатысты. Барлық алаңда шара соңында балаларға тегін балмұздақ үлестірілді.

Аквапарктегі демалыс

Өмірдің мәні мен сәні, әр отбасының базары мен ажарына айналған бүлдіршіндердің мерекесінің көңілді өтуіне қаламыздағы «Tree of life» аквапаркінің басшылығы да өзіндік үлесін қосты. Бұл күні мұнда облыс бойынша көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың  400 баласы тегін демалды.

Жыл сайын балалар күнінде осындай мерекелік шара ұйымдастыруды дәстүрге айналдырғанын айтқан аквапарк басшысы Марат Сырбаев биыл облыстың аудандарынан 200, сондай-ақ Ақтөбе қаласының Астана мен Алматы аудандарынан 200 балаға тегін демалыс ұйымдастырғанын айтты. Сағат түскі 14.00 мен 17.00 аралығында балалар суға шомылып, мерекелік дастарқаннан дәм татты.

— Бүгін мереке күнінде Ақтөбе қаласы Алматы ауданы әкімдігінің қолдауымен қаламыздағы теңдесі жоқ аквапаркте демалып жатырмыз. Әрине, бұл алдымен оқудағы үлгерімімнің арқасы. Осы ретте ұстаздарыма да алғыс айтқым келеді. Ал достарымды мерекесімен және жазғы каникулға шығуларымен құттықтаймын. Өзім де жазғы демалысымды барынша тиімді өткізуге тырысамын. Бұйырса, отбасымызбен Алматы қаласына, кейін Атырау қаласында тұратын әжемізге барамыз, — деді аквапаркке демалуға келген №60 мектептің 6-сынып оқушысы Мерей Асқар.  

Айта кетейік, қаланың қақ ортасында орналасқан аквапарк кезекті маусымын 28 мамырда бастады. 3 гектар алаңды алып жатқан демалыс орталығында төбешігі бар үш бассейн орналасқан. Сулы аттракциондары бар балалар аймағы жеке жерде. Демалуға келушілер үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда күн сайын мыңнан астам адам тыныға алады.

Жаңа алаң — балалар игілігіне

1 маусым күні Ақтөбе қаласы Астана ауданына қарасты «Айболит» бау-бақша ұжымында балалар мен жасөспірімдерге арналған ойын және спорт алаңы, демалыс орны ашылды. «Стройкорпорация Медин» ЖШС салған алаңның жалпы құны — 19 958 311 теңге. Айта кетейік, бұл жоба — «Халық  қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отырған 10 жобаның ең ауқымдысы. Аталған бағдарлама аясында балалар мерекесі қарсаңында Жаңақоныс пен Құрашасай тұрғындар алабында да  балаларға арналған 5 ойын алаңы ашылып, 1 комплекс жөндеуден өткізілді.

Халық қатысатын бюджет бағдарламасы әлі де жалғасын табуда. Халықтың белсенділігі де жоғарылап келеді. 2022 жылы жүзеге асатын жобалар қабылданып сараптамадан өтті. Бүгінгі күні 11 жобаға бюджеттік өтінім дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта балаларға арналған ойындар алаңдарын салу, спорт алаңдарын жөндеуден өткізу, скверлерді абаттандыру, оқушылардың мектеп пен балабақшаға кедергісіз баруына арналған жаяу жүргінші жолдарын салу жобаларын іске асыру жоспарлануда.

Полицейлер құттықтады

Балалар мерекесінен ақтөбелік полицейлер де қалыс қалмады. Ақтөбе қалалық полиция басқармасының Астана ауданы №2 қалалық полиция бөлімінің жеке құрамы «Аяла» балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілерін арнайы құттықтап барды. Бұл мекемеде қиын жағдайға тап болған балалар тұрады. Полицейлер бұл жолы балаларға арнап мерекелік дастарқан жайды. Оларды мерекесімен құттықтап, ақжарма тілектерін білдірді. Өз кезегінде орталық меңгерушілері мен тәрбиешілері полиция қызметкерлеріне алғыстарын айтты. Іс-шара соңында балалар полицейлермен бірге естелік суретке түсті.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button