Тәуелсіздік — 30

Ата тарихпен қауышу

Тәуелсіздік шежіресі: 1998 жыл

1998 жыл елімізде Халық бірлігі және ұлттық тарих жылы болып жарияланды. Қай мемлекет үшін де бірлік — тұрақтылықтың кепілі болса, ал тарихты түгендеу, «Бұрын кім едік, бүгінгі күнге қайдан келдік?» дегенді анықтау да, ең алдымен, сол бірлікті арттыру, бекіте түсу үшін қажет екені — бесенеден белгілі жайт.

Бүгінде халқымыздың тарихқа, өткенді білуге құмарлығын біржақты мақтаншақтыққа жоритындар бар. Тарихты зерттеу, насихаттау барысында көп даңғазалыққа бой алдырғанымыз, әркім өз атасының, өз руының «атақ-даңқын» түгендеуге ұмтылып, қажетсіз дау-дамайлар өрбіткеніміз рас. Бірақ о баста, яғни тәуелсіздіктің бастапқы жылдарындағы тарихты қазбалауға, білуге деген құлшыныстың себебі мүлде басқа еді: патшалық Ресейдің, одан кейінгі Кеңес Одағының ғалымдары қазақ халқының тарихына қатысты ең бір әділетсіз ұстаным ұстанды, яғни тарихымызды мүлде жоққа шығарды. Олар жазған тарих бойынша, қазақ — ешқашан басы қосылып, мемлекет құрып көрмеген, ешқашан өркениет көшіне ермеген, «аға» халық — орыстың қол астына «өз еркімен» кіргенге дейін тек мал соңында қыбырлап жүре берген момын жұрт. Қазақ халқы тарихтың әр кезеңінде Ұлы даланың иесі болған, қалалар салған, мемлекет құрған сақ, сармат, ғұн, түркі, оғыз бен қыпшақтың ешқайсысына да өзін мұрагер санай алмайды, олардың бәрі — біздің ата-бабаларымызды «жаулап алушылар» ғана-мыс. Тарих ғылымының саясаттың қолшоқпарына айналғанынан бейхабар бірнеше буын ұрпақ өз тарихын, міне,  осы сарында оқып, санасына сіңірді…

Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында тарихымызды әділдік тұрғысынан қайта түзу, қайта жазу, тарихи сананы түлету ең алдыңғы кезектегі, ең маңызды істердің қатарына қойылды. Мысалы, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығының атап өтілуі — шетелдердің, соның ішінде көрші елдердің архивтеріндегі біздің тарихқа қатысты деректерді жинастырып, жарыққа шығару секілді, Халық бірлігі және ұлттық тарих жылы болып жарияланған 1998 жылдан бастау алып, бүгінге дейін жалғасып келе жатқан жан-жақты зерттеу жұмыстарының жемісі. Тағы бір мысал: 2000 жылы еліміз киелі Түркістан шаһарының 1500 жылдығын тойлаған еді. Бұл мерзім сол кездегі ғылыми айналымдағы еңбектер арқылы белгіленген. Ал кейінгі зерттеулер Түркістан тарихының одан гөрі әріде екенін көрсетті. Қала аумағынан табылған тарихи жәдігерлердің қола дәуіріне жататынын растайтын құжаттарға өз еліміздің ғана емес, Америка, Әзірбайжан, Өзбекстан елдерінің ғалымдары да қол қойған. Қазір Түркістан қаласының тарихы осыдан 3 мың жыл бұрын басталғаны туралы декларацияға құжаттар әзірленіп жатыр.

Сондай-ақ, жуырда жария етілгендей, елімізде қазақ тарихының тағы бір үлкен тарауы — Жошы ұлысының, яғни Алтын Орданың тарихын зерттейтін институт ашылады.

Жаңа астананың тұсаукесері

1997 жылдың 10 желтоқсанында еліміздің астанасы Алматы қаласынан Ақмола (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласына көшірілген еді. Нақ осы күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы және Президенттің штандарты жаңа астанаға жеткізілді.

Ал жаңа астананың тұсаукесері 1998 жылдың 10 маусымында өтті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1998 жылғы 6 маусымда Ақмола қаласының аты «Астана» болып өзгертілді.

Ол кезде Ақтөбеден елордаға тіке қатынайтын пойыз да болмады. Ақтөбеден астанаға қарай бет түзеген пойыз Тұзтөбе, Орынбор арқылы Ресей жерін басып өтіп барып, Қазақстанның солтүстігіне бұрылатын. Ақтөбеден шыққан жолаушы елордаға 36 сағат жол жүріп, өзге ел арқылы жететін. Ал бүгін ел игілігін көріп отырған Хромтау-Алтынсарин теміржолы 2004 жылдың соңында ғана іске қосылып, елордаға тіке жетуге мүмкіндік туды.

Жол қиындығына қарамастан, 1998 жылы өткен Астананың халықаралық тұсаукесеріне ақтөбеліктер барынша атсалысты. Тіпті балаларға дейін осы тойға өз үлестерін қосты. Мысалы, М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балалар мектеп-интернатының оқушысы Асылгүл Айдарова  сол кезде облыстық «Ақтөбе» газетінде жарық көрген «Жас жеткіншектер көзімен» атты мақаласында: «Өткен аптада Астанада «Жас астана — жастардың көзімен» халықаралық фестивалі өтті. Оған Ресей, Украина, Өзбекстан, Беларусь, Түркия және басқа елдердің жас жеткіншектері қатысты…

Осы үлкен жиынға Ақтөбе облысынан дарынды балалар мектеп-интернатының өкілдері де қатысты. Менімен бірге 10-сынып оқушысы Рита Жұмағалиева Астанадағы фестиваль бағдарламасына сәйкес көптеген шаралардың нақ ортасында жүрді», — деп жазыпты.

Астананың орталық мәдени-демалыс паркінде ашық эстрадалық концерт сахнасы салынып, бұл ақтөбеліктердің жаңа астананың тойына тартуы болды. 3-4 қазанда Астанада «Ақтөбе облысы мәдениетінің күндері» өтті.

Ел астанасы Сарыарқаға біржола көшірілгеннен кейін, оны абаттандыру ісі қарқынды түрде жүргізіле бастады. Осы жұмыстар барысындағы ең алғашқы айтулы еңбектердің бірі — Төле, Қазыбек және Әйтеке билердің ескерткіші еді. Ескерткіш 1998 жылы орнатылды.

2019 жылы 20 наурызда Астананың аты «Нұр-Сұлтан қаласы» болып өзгертілді.

Күй атасы

Осы жылдың тағы бір айтулы оқиғасы — ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлының 175 жылдық мерейтойының кең көлемде атап өтілуі еді.

Кемеңгер жазушы Әбіш Кекілбаев күйшінің ұлылығын: «Құрманғазы тек сұңғыла емес, теңдесі жоқ сұңғыла. Елден алабөтен ұзақ ғұмыр сүрмесе де, елден алабөтен қызық дәурен көрмесе де, күллі адамзат нәсілі бастан кешкен, кешірмек ахуалдың бәрін қаз-қалпында мөлдіретіп жеткізе алған телегей-теңіз мол мұра қалдырды. Адам түсіндіргіштігі, заман түсіндіргіштігі жағынан, тіпті барша болмыс пен тіршілікті алақаныңдағы нәрседей жарқыратып жайып салуы жағынан әлемдік ақыл-ойдың көптомдық кітапханасымен пәрмендес мұндай мол қазына бір адамның көкірегінен шыққанына қайран қалмасқа болмайды», — деген бірауыз сөзбен паш етті.

Ұлы күйшінің 175 жылдық мерейтойына арналған шаралар алдымен оның асыл сүйегі жатқан Ресейдің Астрахан жерінде ұйымдастырылып, қарашаның 27-сінде Алматыдағы Республика сарайында салтанатпен атап өтілді. Жиынды сол кездегі ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашып, құттықтау сөз сөйледі. Бұдан соң Қазақстанның халық артисі, профессор Еркеғали Рахмадиев баяндама жасады. Жиында Астрахан облысының губернаторы Анатолий Гужвин, Әзірбайжанның әйгілі өнер шебері Болат Бұлбұлоғлы сөз сөйлеп, жүрекжарды лебіздерін жеткізді.

Салтанатты шара өнер шеберлерінің үлкен концертімен аяқталды.

Жаңажол газы беріле бастады

1998 жылдың басында біздің облыста газбен қамту мәселесі аса қиын, тығырыққа тірелген жағдайда еді. Облысқа газ жеткізумен айналысатын Бельгияның «Трактебель» компаниясы газ беруге шектеу енгізуді көздеді. Бұған себеп — халықтың жұмыссыздығы салдарынан тұтынылған көгілдір отынға уақтылы ақы төленбей, қарыздың жиналуы еді. Жыл басында қарыздың көлемі 9 миллион долларға жеткен.

Сол кездегі облыс басшылығы мен «Трактебель» компаниясы басшылығы арасындағы келісімдерге сай, бұл қарызды 1998 жылдың қыркүйегіне дейін бөліп-бөліп төлеу көзделді. Тек осы келісімдердің арқасында ғана Ақтөбе қаласы газ желісінен мүлде ажыратылмады.

Сырттан келетін газдың осындай түйткілдері аз болмады. Сондықтан газға деген сұранысты ішкі көздерден өтеудің жолдары қарастырылды. Сөйтіп, 1998 жылдың қараша айында Ақтөбеге Жаңажол кен орнынан газ жеткізілді.

Жаңажол — Ақтөбе газ құбырының жалпы ұзындығы — 261,7 шақырым. Құрылыстың құны 1 миллиард 700 миллион теңгені құраған. Оған дейін осы жоба аясындағы Жаңажол — Қандыағаш және Қандыағаш — Алға бөліктерінің құрылысы аяқталған. Ал Алға — Ақтөбе бөлігі құрылысының аяқталуына орай облыс орталығында үлкен салтанатты шара ұйымдастырылып, оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан.

Бұл газ құбырының іске қосылуы арқылы тұрғындарға жылына 1 миллиард текше метр газ тасымалдап жеткізу мүмкіндігі туды. Ал облыстың жыл сайынғы газға деген сұраныс көлемі сол кезде 1,2 миллиард текше метр болған. Яғни, қажетті газдың басым бөлігін енді сырттан тасымалдамай, өз жерімізде өндіруге жол ашылды. Мұның экономикалық тиімділігін мамандар бір айдың өзіне ғана «160 миллион теңге» деп есептеп шығарды. Жалпы, 1998 жылы облыс орталығын, Мұғалжар, Темір, Алға аудандарының елді мекендерін Жаңажол газымен қамтамасыз етуге мүмкіндік тууының өзі зор жетістік еді. Ол кезде аталған өңірлерде тұратын халықтың жалпы саны 400 мыңнан асатын. Оған дейін облыс электр қуаты секілді газды да сырттан жоғары бағаға алып келді.

Жаңажол ілеспе газының Ақтөбеге жеткізілуіне байланысты қаланың орталық алаңында салтанатты шара өткізді. Әбілқайыр хан ескерткішінің жан-жағынан бастап, алаңға 90-ға тарта киіз үй тігілген. Бұл үлкен оқиғаны атап өту үшін, 50 мыңдай адам жиналған. Олардың алдында Елбасы құттықтау сөз сөйлеп, жұртшылықты тәуелсіздікті қастерлеуге, құрметтеуге шақырды.

Тарих беттерін парақтаған Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button