Білім

Қазандағы қанды оқиға қайталанбасын десек…

Мамыр айында Татарстан Республикасының астанасы — Қазанда болған қанды оқиғадан кейін біздің елімізде де жаппай білім беру мекемелері тексеріліп, ішкі істер органдары мен білім беру ұйымдарының басшылары балалардың қауіпсіздігін нығайту жұмыстарына белсене кірісті. Бұған дейін де білім беру мекемелерінде жүргізілген қауіпсіздік шаралары тағы да күшейтіліп, облыста антитеррорлық қорғану талаптары қайта қарастырылып жатыр. Осы орайда біз кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне жауап беретін құқық қорғау және білім беру мекемелерінің өкілдерімен тілдескен едік.

Ұсыныс және көрсеткіш

Бұған дейін баспасөз беттерінде жариялағандай, Қазандағы қанды оқиғадан кейін бірқатар Үкімет мүшелері мен Парламент депутаттары балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына қатысты өз пікірлерін білдірген болатын. Мәселен, 12 мамырда өткен ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Андрей Линник еліміздегі мектептер мен балабақшалардың қауіпсіздігіне көңіл бөлу керектігін айтып, Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Ол мектептегі күзетшілердің көпшілігі егде жастағы азаматтар екенін, олардан ешқандай кедергісіз мектептің ішіне өтіп кетуге болатындығын, қастандық жасаушы келген жағдайда қарсылық көрсетуі мүмкін болмайтынын айтқан. Сондай-ақ Андрей Линник елімізде қару-жарақты алып жүру, сақтау, оған рұқсат беруді қатаң қадағалау керек екенін де жеткізген. Ал ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мақпал Тәжмағамбетова Қазан қаласында болған қайғылы жағдай кез келген елде қайталануы мүмкін екенін, бұл жерде, ең алдымен, ел жастарын рухани дағдарыстан аман алып шығу керектігін айтып, жазба жариялаған болатын. Бұл мәселеге қатысты ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те пікір білдіріп,  еліміздегі қазіргі жағдайға талдау жасап, балалардың қауіпсіздігі бойынша қосымша шаралар қабылдау туралы тапсырма берді.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Марал Мыржықбаеваның айтуынша, бүгінде оқу жылының аяқталғанына қарамастан, өңірде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жан-жақты жұмыстар жүргізілуде.

Қазіргі таңда облыстағы мектептердің 100 пайызы бейнебақылаумен қамтылған.

Дегенмен олардың арасында қосымша камераларды қажет ететін білім беру ұйымдары да бар. Сондай-ақ бүгінде өңірдегі барлық білім беру мекемелерінде психологтар еңбек етуде. Олар қиын отбасынан шыққан, мінез-құлқында ауытқушылығы бар балалармен тиісінше жұмыс жасайды. Ал мектеп оқушыларының арасында бұзақылық жасап, заңбұзушылықтарға барғандарды инспекторлар үнемі қадағалап отырады. Алдағы жаңа оқу жылына дейін елімізде, оның ішінде облысымызда білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық шаралар қабылданатын болады. Апта басында Үкімет отырысында осы мәселе қаралып, талқыланды, — дейді ол.

Инспекторлар жетіспейді, күзет қызметі тапшы

Облыстық полиция департаментіне қарасты жергілікті полиция басқармасының ювеналды полиция тобының инспекторы, полиция капитаны Анар Марзакенованың айтуынша, биыл 13 мамырда полиция басқармасына ҚР Ішкі істер министрлігінен білім беру мекемелерін тексеру жөнінде арнайы тапсырма келіп түскен. Соған сәйкес облыстағы 402 мектеп пен 40 колледждің, 200-ден астам мектепке дейінгі білім беру ұйымының бейнекамерамен, күзет қызметімен қамтамасыз етілуі тексерілген.

Тексеру  кезінде анықтағанымыздай, облыстағы жеке мектептер ғана лицензияланған күзет қызметімен қамтылған. Ал мемлекеттік мектептердің ішінде онға жуығында ғана арнайы мамандандырылған күзет қызметі бар. Ал облыс бойынша балалармен жұмыс жасайтын инспекторлардың саны  — 94. Сондай-ақ білім беру ұйымдарына бөлінген ювеналды полиция бөлімдерінің 59 инспекторы бар.

Осыған дейін біз білім беру ұйымдарына бекітілген кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлардың санын көбейтуге байланысты облыс әкімдігіне хат жолдаған болатынбыз. Алайда Үкіметтің 2008 жылғы 15 сәуірдегі №339 шешіміне сәйкес бүгінде Ақтөбе облыстық полиция департаментінің лимиті 2080 маманнан аспауы керек. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар мектеп инспекторларының штаттық санын тиісті нормаға жеткізу мәселесі мүмкін еместігін хабарлады. Жалпы жүргізілген талдауларға сәйкес қазір облыс бойынша білім беру мекемелеріне 145 инспектор қажет, — дейді А.Марзакенова.

Полиция капитанының айтуынша, бұған дейін облысымызда балалардың өміріне қауіп төндіру дерегі бойынша департаментке екі рет жалған ақпарат түскен. Оның екеуі де Ақтөбе қаласындағы №51 мектеп-гимназиясына қатысты болған. Тексеру шаралары кезінде ешқандай қауіп болмағандығы расталды.

Балалардың қауіпсіздігі туралы сөз қозғағанда, олардың тек білім беру мекемелеріндегі жүріс-тұрысы, іс-әрекеті ғана қадағаланбайды. Сондай-ақ отбасында, көшеде, көпшілік орындардағы тәртібі де бақылауда болуы керек. Әр баланың қауіпсіздігіне оның заңды өкілі, яғни ата-анасы тікелей жауапты. Егер бала оқу орнында құқықбұзушылыққа жол берсе, онда сол мекеменің басшылары да жауап береді.

Айта кету керек, биыл жыл басынан бері облыста кәмелетке толмағандардың қатысуымен 16 қылмыс тіркелді. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда, 38,5 пайызға (2020 жылы — 26 қылмыс) төмен. Қылмыс түрлеріне келсек, денсаулыққа ауыр, қасақана зиян келтіру бойынша — 1, жеңіл түрде зиян келтіру бойынша — 1, зорлық-зомбылық көрсету бойынша — 1, жеке мүлікке қол сұғу — 2, алаяқтық ісі бойынша — 3, сондай-ақ бопсалау бойынша 6 дерек тіркелген. Өкінішке қарай, биыл жасөспірімдер арасында бопсалау дерегі көбейіп отыр. Және оның барлығын бір жасөспірім жасаған. Ол ересек адаммен бірге автокөліктердің мемлекеттік нөмірлерін ұрлап, кейін тұрғындардан сыйақыға ақша талап еткен. Сонымен қатар жасөспірімдердің қатысуымен қоғамдық жерлерде 2 бұзақылық дерегі тіркелді, — дейді А.Марзакенова.

Айта кету керек, қылмысқа барғандардың 3-еуі мектеп оқушысы болса, 8-і — колледж оқушысы, ал біреуі — жоғары оқу орнының студенті. Енді біреуі — еш жерде оқымайтын кәмелетке толмаған жас. Олардың бәрі қазір профилактикалық есепке қойылған.

—  Соңғы жылдары жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны азайған. Бұған карантин кезінде полиция қызметкерлерінің апта сайын рейдке шығып, дәстүрлі түрде алдын алу шараларын ұйымдастырғаны ықпал етті деп ойлаймыз. Бұрын профилактикалық шаралар тоқсан сайын жүргізілсе, қазір жоспарлы түрде ай сайын өткізіледі.

Қазіргі таңда инспекторлар суға түсу маусымы кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ терезеден құлау деректері бойынша алдын алу шараларын ұйымдастыруда. Атап айтсақ, тұрғын үйлерді аралап, ата-аналармен, балалармен әңгімелесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр, — дейді ол.

Ювеналды полиция тобы инспекторының айтуынша, алдағы уақытта елімізде жастар мен балалардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында күзет қызметі күшейтіліп, барлық оқу орындарында дабыл нүктесі мен сенім телефондары жұмыс жасайтын болады.

Ал жергілікті полиция басқармасының аға инспекторы, полиция капитаны Талғат Құттымұратовтың айтуынша, биыл жыл басынан бері облыста кәмелетке толмағандардың қатысуымен 25 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан бір адам көз жұмып, 35 адам жарақаттанған.

Мектеп басшылары не дейді?

Ақтөбе қаласындағы №60 орта мектептің директоры Абзал Тәжімішев:

Біз қашанда «Бала өмірі бәрінен қымбат» деген қағиданы ұстанамыз. Сондықтан біздің мектеп ұжымы оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді үнемі басты назарда ұстайды. Айта кету керек, қазір қалада бала саны бойынша біздің мектеп алдыңғы орында тұр. Сол үшін біз оқушылардың мектепке келіп-кету жолында, сондай-ақ білім алу процесі кезінде толықтай қауіпсіз болуын қадағалап отырамыз.

Әлемде соңғы болып жатқан оқиғаларға байланысты мектеп ұжымы да, ата-аналардың да алаңдаушылық білдіретіні рас. Сондықтан мектептің қауіпсіздігін күшейту, оқушылардың психологиясын зерттеу, олардың интернетке тәуелділігін, өзге де жаман әдеттерге әуестенбеуін бақылап, тиісінше іс-шаралар қабылдап жатырмыз. Алдағы уақытта осы орайда облыстағы барлық білім беру ұйымдарында «Қауіпсіз мектеп» жобасын жүзеге асыру өте маңызды деп ойлаймын.     

Ырғыз ауданы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің директоры Айбек Алданов:

Біздің мектепте биылғы оқу жылын 654 оқушы аяқтап отыр. Оның 48-і — мектеп бітіруші түлек. Бұған дейін жүргізілген профилактикалық іс-шаралардың арқасында мектеп ғимараты 40 бейнекамерамен жабдықталды. Оның 32-сі ғимараттың ішін бақылайтын болса, 8-і мектептің кіреберісінде орналасқан. Қоршаудың аумағы, акт, спорт залдар да бейнебақылаумен қамтылған. Мектептің кіреберісінде күзетші отырады. Қазіргі таңда 3 қызметкер кезектесіп ғимаратты күзетеді. Биыл мектеп ғимаратының кіреберісіне металл детекторын орнаттық. Ауданымызда бұған дейін ешқандай келеңсіз жағдайлар болған жоқ. Жалпы, бүгінгі күні әлемдегі оқыс оқиғалар мектептегі қауіпсіздік мәселесінің өзектілігін көрсетеді. Әсіресе біз қорғанысы мен қауіпсіздік саласы дамыған дейтін АҚШ, батыс мемлекеттерінде мұндай қақтығыстар жиі кездеседі. Осындай келеңсіз жағдайлардың біздің елімізде болмауы үшін қауіпсіздік шараларын уақытында қабылдап, «қиын» балалармен жан-жақты жұмыс жасалуы керек деп ойлаймын. Балалар — біздің болашағымыз. Сондықтан олардың өміріне ешқашан қауіп төнбеуге тиіс!

Мәртөк ауданы №4 орта мектептің директоры Мұрат Айтназаров:

Әлемде болып жатқан оқиғалардан түйетініміз, мектептерде, арнаулы және жоғары оқу орындарында жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық сақтық шаралары қабылдануы керек. Мектептерде қылмысқа деген нөлдік төзімділік пен зорлық-зомбылықты болдырмау, төтенше жағдайда қорғанысқа дайындық жоспары да болуға тиіс. Ата-аналар мен мектеп ұжымы білім ордасын қауіпсіз және қолайлы қылу үшін атсалысуы қажет.

Қазіргі таңда біздің мектебімізде 400-ден астам оқушы білім алуда. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 16 бейнекамера орнатылып, мектептің жан-жағы түгел бақылауға алынған. 1-сынып оқушыларын ата-аналар өздері әкеліп, алып кетеді. Ал қалған оқушыларға мектеп автобусы ұйымдастырылған. Мектепте күзетшілер мен психолог мамандар жеткілікті. 

 P.S. Психологтардың айтуынша, қазіргі қоғамда телефон мен планшетке телміріп, іштей оқшауланған балалар шынайы өмірде кейбір мәселелермен бетпе-бет келгенде оны қалай шешу керектігін білмейді. Сондықтан өз ренішін білдіріп, кек қайтарудың, өзіне назар аудартудың жолы ретінде суық қарудың көмегіне жүгінеді. Ақырында қайғылы жағдай салдарынан кінәсіз адамдар зардап шегеді. Сондықтан мамандар кез келген ата-ана отбасында баласымен сырласып, оның ортасы мен мінез-құлқындағы өзгерістерге назар аударуы керектігін айтады. Ал білім беретін мекемелер балалардың қауіпсіздігі үшін үнемі ата-аналармен тығыз байланыста болуы керек.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button