Басты жаңалықтарТәуелсіздік — 30

Мыңғырған малы бар, жаңғырған жолы бар

Биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толды. «Елу жылда ел жаңа» дегендей, осы уақыт ішінде өзгерген тұстарымыз көп екен. Егемендіктің елең-алаңында дағдарысқа тап болып, мемлекеттің іргетасы саналатын ауылдарымыздың күйі кетіп қалды. Ең бірінші мал кетті. Кеңшар тарады. Жұмыссыз қалғандар қалаға ағылып, ауыл адамынан айырылды. Алайда үкіметтің ауылға көңіл бөлуі елді мекендердің еңсесін тіктеді. Шаруа қожалықтары көбейді. Кәсіпкерліктің көші қалыптасты. Тарих таразысына салғанда аз болғанымен, ел үшін 30 жылдың маңызы өте зор.

Сондықтан бүгінгі күні жеткен жетістіктерімізді саралап, ауылдардың қазіргі ахуалымен оқырмандарды тағы бір таныстыру мақсатында Шалқар ауданына сапарлатып қайттық.

Шұбаты көп Шілікті

Ақтөбеден түнде шыққан жүрдек пойызбен  Шалқар қаласынан өтіп барып, таң ата Кішіқұм ауылдық округінің орталығы Шіліктіден түстік.  Қызылорда облысымен шектесіп жатқан Шілікті шалғайлығына қарамастан, тұрмысы тәуір, күнкөрісі күйлі көрінді. Алдымен көзге ауыл ішіндегі өріп жүрген түйелер түсті. Сөйтсек, аудандағы түйесі көп аймақтың бірі осы Кішіқұм екен. Округте 1509 Ойсылқараның тұқымы барын білдік. Сондықтан әр үйден шұбат үзілмейді. Келген қонақты да осы ағарғанмен қарсы алады.

Бізді күтіп алған округ әкімі Құрышбек Қазбеков ауыл ішін аралатып, әлеуметтік нысандармен таныстырды.

Ауылдың ортасындағы алаңға егілген талдар бой көтеріп қалыпты. Әкімнің айтуынша, биыл да 120 түп тал отырғызылған. Саябақтың аумағын жыл сайын жас талдармен кеңейте бермек. Шілікті үшін әрбір тал қымбатқа түседі. Себебі ауылда су тапшы. Бұрынғы Кеңес заманындағы тартылған ауызсу түгел жетпейді. Қасындағы Тоғыз стансасына күндіз, Шіліктіге түнде беріледі екен. Оған қоса жері қатты, еккен ағашың шыға бермейді. Сол себепті талдардың орнын қазып, ішіне басқа топырақ әкеліп, тыңайтқыш қосып  бір жыл бұрын дайындап алады екен. Келесі жылы егіледі. Одан кейін көшеде өріп жүрген малдардан қорғау үшін міндетті түрде қоршау керек. Міне, әрбір тал осындай төзімділікті талап етеді. Жыл сайын мұндай жұмыстарды ұйымдастырып, мектеп, клуб, дәрігерлік амбулатория, балабақша, әкімшілік үйінің аулаларын көмкеріп, көркейтіп тұрған жасыл желектер — ауыл әкімінің он жылдан бергі еңбегінің жемісі.

Менің бар ойым — ауылды көріктендіру. Тұрғындар тұрақты. Жыл сайын жаңа үйлер салынады. Биыл ауылға ауызсу тартылады деп күтіп отырмыз. Бұл — халық күткен ең қуанышты жаңалық. Көгілдір отын болмағанымен, ауызсу келсе, біраз жеңілдік қой. Әр үй бақша салып, тал егер еді. Біздің басты проблемамыз — су мен жер. Кішіқұм экологиялық апат аймағына жатады.

Территориямыздың бәрі құрғап кетті. Бұрынғыдай бұлақтар жоқ. Сондықтан төрт түлік ауылға келіп су ішеді. Бойдақ малдарды бағатын малшы да жоқтың қасы. Жеке тұрғындар көбіне шаруа қожалықтарына қосады. Малшы, тракторшы іздеп жүрген бір адам. Округте  45 шаруа қожалығы, «Кішіқұм» ауылшаруашылық кооперативі жұмыс істейді. Сондықтан жұмыссыздар туралы сөз қозғаудың қажеті жоқ. Жұмыс бар. Жұмысшы бармайды, — дейді округ әкімі.

Бұл — барлық ауылға тән жағдай. Бүгінде Қішіқұм ауылдық округіне Шіліктіден өзге Қарашоқат, Шоқысу, Ақеспе елді мекендері қарайды. Жалпы округ бойынша халық саны екі мыңнан асады. Түйеден бөлек  4437 ірі қара, 6897 қой-ешкі, екі мыңға тарта жылқы бар. Міне, тұрғын санына қарай осынша малды шақсаңыз, округтің тұрмыс деңгейін өзіңіз саралай беріңіз.

Шіліктіге баратын жол жайсыздау. Қара жолмен 100 шақырымға екі сағаттай жүресіз. Бірақ теміржолдың бойындағы ауыл тұрғындарына аудан, облыс орталығына келу түк емес. Бірнеше пойыз өтеді. Бір ерекшелігі, округтің төрт елді мекені де теміржолдың бойында орналасқан.

Кенжеғалидың келіндері

Шұбат демекші… көп жұртқа таңсық түйе сауғанды да көрдік. Шіліктіден 45 шақырым жердегі «Нұрбек» шаруа қожалығына соқтық. Біз келгенде  екі әйел түйе сауып жатты. Олар шаруа қожалықтың иесі Кенжалының келіндері екен. Екі-үш бала боталарды идіріп тұр. Малшы ауылдың қызу тірлігі айдалаға сән беріп тұрғандай. Әріректе бір топ құлынды бие көрінеді. Оны да саууға дайындап қойған.

Қазақтың қос өркешті түйесіне, түрікпеннің нарын шатыстырып, сүтті түйелер шығардық. Күніге екі рет сауады. 50-60 литр сүт алынады. Тапсырыс берушілер көп. Сатып алушылардың күні бұрын берген тапсырыстарын дайындап қоямыз. Шаруашылықты қос ұлым жүргізеді. Осы тұрғанда 20 түйе сауамыз. Он биені желіге байлаймыз. Қымыз бет шұбаттың тұтынушылары өте көп. Біз тек дайындаушымыз, — дейді Кенжалы Мәмбетов.

Шаруашылық ақбас сиырын алуға несиеге өтініш берген. Болашақта сүт өнімдерін дайындап, сөреге шығармақ.

Алайда шаруа қожалығы су тапшылығын көріп отыр. Жайлаудағы жалғыз құдық көп малға жетпейді. Сондықтан  Кенжалы ақсақал ұңғы құдық қаздырмақ. Айтуға оңай болғанмен, оның да бағасы ойландырады.

Ойыншықтау неге зерттелмейді?

Округте  жусанды дала, төбелерден басқа туристердің көзін тартатындай ештеңе жоқ. Бірақ  аңыз бен ертегінің отаны екен. Ертедегі әйгілі тау көтерген Толағай оқиғасы осы жерде болған дейді. Жауыны аз, өзен-көлі жоқ жерге қарап тау әкеліп, суға толтыру жергілікті жұрттың ертеден келе жатқан арманынан туған болар, бәлкім. Шындыққа әбден жанасады. Көз ұшындағы Сынтас көшке ұқсайды. Бір байдың ерке қызы ұзатыларда жасауының бәрін алтынмен аптап, күміспен қаптаса да  көңілі толмай: «Мына бір жері алтынмен қапталмаған екен» — дегенде, әкесі қызының қанағатсыздығына күйініп: «Тас бол» деп қарғаған екен. Мұндай аңыз әр өңірде бар. «Келіншектауды» еске түсіреді.

Ал Тоғыз ауылының іргесіндегі Ойыншықтаудың тарихы тіпті қызық. Бұл жалғыз төбеге барсаңыз, етегінен бастап басына дейін неше түрлі кескінді тастарды көресіз. Кез келген тас аңға, құсқа, қуыршаққа, ыдысқа жалпы жер бетіндегі барлық затқа ұқсайды. Ойыншықтаудың тарихына тереңірек қанығу үшін бұл жерді он жылдан бері зерттеп жүрген Тоғыз ауылының тұрғыны, кітапханашы Жұмабай Әбішевті ертіп алдық.

 

Оның айтуынша, бұл тау 1980 жылға дейін «Қарғыс тауы» деп аталып келген екен. Бірақ кейін ол аты ұмытылып, Ойыншықтауға айналыпты. Аңызға сенсек, бір кемпірдің жалғыз қызы болған. Қыздың құрбылары бұлақтан су әкеліп, аналарына қолғабыс етсе, бұл қыз қолындағы қуыршағымен күндіз-түні ойнай беріпті. Шешесіне қолғабыс етпей, айтқан тілді алмапты. Соған назаланған кемпір қызын: «Уа, Құдай! Бар болсаң осы қолыңдағы қуыршақтай бол» — деп қарғаған екен. Содан сол қыз осы тауға айналып кетіпті-міс.

Бүгінде бұл таудың «ойыншықтары» азайған. Алматыға көрмеге арнайы қойылған бұл тастар үздік атаныпты. Ал Өзбекстаннан келген зерттеушілер  қапшықтап алып кеткен. Жалпы, бұл жерге келген адамдар естелік ретінде ала берген. Алайда ойыншық тастар әлі де жетіп артылады. Шалқар аудандық музейінде ең таңдаулы, әдемі мүсіндер тұр.

Бұл оқиға 19-ғасырдың екінші жартысында болған дейді. Көпке дейін бұл тауға ешкім мән бермеген. Мен бұл тауды зерттеп жүргеніме 13 жыл болды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Шалқар энциклопедиясына кіргіздік. Аудандық, облыстық газеттерге де мақалалар жарияладым, — дейді Жұмабай Әбішов.

Оның айтуына қарағанда, қазақ даласындағы қарғыстың көбі 19-ғасырдың екінші жартысында қабыл болған екен. Тоғыз ауылының ар жағында «Шайтан тау» деген де бар. Кешкісін қыздардың күлкісі шығатын көрінеді. Тылсым. Құпиясы ашылмаған жұмбақ аңыз күйінде қалып тұр. Бәрі де ғылыми зерттеуді қажет етеді. Нағыз зерттелуі тиіс сайын даланың құпиясы осылар шығар, сірә!

Түлектер түлеткен ауыл

Ертеңіне Мөңке би ауылына жол тарттық. Шалқар қаласынан 60 шақырымдай жерде орналасқан округтің шаруасы мығым. Ауылдың 30 жыл ішінде барлық нысандары жаңарған. Жаңа мектеп, фельдшерлік пункт, монша,  балабақша, орталық саябақтар — тәуелсіздіктің жемісі. Қазіргі таңда ұялы байланыс пен интернет бар. 2006 жылдан бастап мемлекеттік бағдарламамен 5 тұрғын үй салынған.

Ауыл әкімі Нұрбек Бисеков те абаттандыру жұмыстарын қолға алыпты. Соның арқасында көшесі көрікті, орталығы жасыл желекке оранған. Биыл бұл ауылға ауызсу кірді. Өткен жылы ауылдың орталық көшесіне асфальт төселді. Биыл екі көше жөнделмек.

Айта кету керек, мектеп түлектері «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ауылға көмек қолдарын созады екен.  М.Тәжин атындағы жалпы білім беретін орта мектепте жылыжай бар. Мұны 1974 жылы туған түлектер салып берген. Оған қоса 300 мың теңгеге жарнамалауға арналған жүгіртпе жол экранын сыйлаған.

Биыл мектептің 10 жыл бұрынғы түлектері құны 500 мың теңге тұратын көрермендерге арналған жабық алаң жасап берді. Ал 20 жыл бұрынғы түлектер рәміздер бұрышы мен 500 метр су тартқыш пластикалық трубалар әперген. Шалқарлық азамат Нұркен Әспенов бір көшені жарықтандырды.

Жеке кәсіпкер Б.Ержанов мектепке шағын футбол алаңын салып берген. Балалар ойын алаңы да 1961,1971 жылы туған түлектердің тартуы.

Ауыл азаматтарының көмегін айтпай кетуге  болмайды. Солардың жанашырлығымен көшеміз көркейіп жатыр. Орталық жастар саябағы жыл сайын құлпырып келеді. Ұлы Отан соғысының құбандарына арнап ескерткіш салып берген де ауылдың жігіттері. Мәдени-көпшілік шараларды өткізуге сахна сыйлады. Өткен жылы карантинге қарамастан, 1983 жылы туған түлектер ауылдың шетіне «Мөңке би ауылы» белгісін қойып кетті. Қайда жүрсе де туған ауылын ұмытпай, артық шегесі болса ауылдың құрылысына қағатын түлектерге алғысымды айтамын, — деді ауыл әкімі.

Округте 38 шаруа қожалығы бар. Солардың бірі «Орда» шаруа қожалығын көрдік. Көрдік те қызықтық. Қожалық иесі Жұмағали Құлетов екі жыл бұрын жылқы өсіріп, бие байлауды қолға алған екен. Қазіргі таңда желісін 100 биеге толтырмақ. Шаруашылықты ашқанда ең бірінші малшыға жағдай жасауды ойластырыпты. Төрт бөлмелі еңселі үй салды. Оның қарсысында жаздық үйі тағы бар. Моншаның құрылысы бітіп тұр. Мал қорасы ұзын, аулалары да кең. Жұмысшылар жыл сайын қора-қопсыны жөндеп, бүтіндеп әуре болмайды. Барлығы заманауи үлгіде, жаңа  құрылыс материалдарымен салынған. Бұл шаруашылыққа да малшы, көмекші, сауыншылар керек. Айлық жалақысы, ішіп-жемінен бөлек, 100 мың теңге. Ұялы байланыстың барлық түрі ұстайды. Теледидар көрсетіп тұр.

Өткен жылы карантинде бір литр қымыз алу үшін кезекке тұрдық қой. Қайда тұрсаң да, ауылдың тағамынан артық дәрумен жоқ. Сол себепті елге қызмет жасайын, қымыз дайындайын деген оймен бұл істі бастап отырмын. Алда көп жоспарларым бар. Өзім Ақтөбе қаласында тұрамын. Бірақ жаным ауылдың тірлігін аңсап тұрады. Мал ауылдан қашпау керек. Табыстың бәрі — осында. Бие сауып, қымыз дайындап, мал өсіріп, оның өнімін елге ұсынатын боламын. Өйткені шаруаларға Үкіметтің қолдауы көп. Жақында тереңдігі 120 метр құдық қаздырдым.  Оның жарты ақшасын субсидия қылып мемлекет төлейді, — деген шаруашылық басшысы алдағы уақытта қой алатынын айтты. Сөйтіп, «Саралжынсудың» өрісін малға толтырмақ.

Дүйсенбектің қамшысы

Мөңкебилік Дүйсенбек Зарипов қамшы өреді. Оған қажетті қайысты өзі дайындайды екен. Кәдімгі малдың терісін илеп жұмсартады. Бұл өнер оған әкесінен қонған. Қазіргі таңда Дүйсенбектің қамшысына сұраныс көп. Жалпы, Шалқар жұрты жүйрікті көп ұстайды. Сондықтан бәйгесі көп ауданда қамшы ұстайтын шабандоздар жетерлік. Келін түсірген үйлер беташарға көп алады.

Көбіне қыста тоқимын. Әрі кеткенде 30 қамшы шығарамын. Себебі қайыс дайындау қиын. Оған қоса ноқта-жүген жасаймын. Жалпы, атам қазақ қамшысыз атқа мінбеген ғой. Қамшының да түрлері бар. Алты тұтам ат қамшы, жеті тұтам жер қамшы деп аталады. Жыланбауыр деген де бар. Оны көбіне атқа отырған қыз-келіншектер ұстайды. Төрт өрім қамшы тайға мінген балаларға ыңғайлы, — деп түсіндірді ол.

Қазір тобылғы сапты қамшы табу қиын. Бірақ Дүйсенбек тобылғыны басқа өңірден іздеп табады екен. Оның сөзіне қарағанда, таулы жерде өсетін тобылғы бұл жақта таусылған. Ертеректе болғанымен, өртеніп, түрлі себептермен өспей қалған.

Бір сиырдың терісінен 15 қамшы шығады. Бұдан басқа ат әбзелдерінің бәрін дайындай береді. Дүйсенбектің қамшысы арзан әрі сапалы. Бір қамшының құны небәрі 4-5 мың теңге тұрады.

Көл қалай тазартылып жатыр?

Бұрын-соңды облыста көл тазарту жұмыстары болды ма? Табиғаттың құрғақшылығынан Шалқар көлінің бестен бір бөлігі ғана қалған. Сондықтан биыл алғаш рет көл табанын тазарту жұмыстары басталғанда шалқарлықтардың тазартушы мердігерлерге күмәнмен қарағаны рас. Ауданның байлығы, тіршілігі, көркі болған, бүгінгі таңда оның тағдыры елдің назарында тұрған көлге барып, оны тазарту жұмыстарымен танысу Шалқарға келгендегі басты мақсатымыздың бірі еді. Біз барып көзімізбен көргенше көлді қалай тазартатынын түсінген жоқпыз.

Көлдің астын қалай тазартпақшы? Алайда көл жағасындағы қарқынды құрылыстарға қарап, күмәніміз сейілгендей. Айнала құмнан қоршау жасап, ауыр техникалар зыр жүгіріп жүр. Суда арнайы техника тұр. «Земснярад» деп аталатын техника көлдің астындағы қара балшықты суымен бірге сорып, жаңағы құмның ішіне айдайды. Сол кезде балшығы қалып қояды да, суы суағар трубалармен  көлге қайта ағып кетеді.

Көлді тазартып жатқан  «Толағай — 2050» ЖШС-ның өндіріс бойынша орынбасары Рашит Сламбекке де алғашқы сұрағымыз бұрын көл тазартудағы тәжиірибесі туралы болды.

Бұл сұрақты Шалқар қаласының тұрғындары көп қойды. Әрине, біздің серіктестік екі жыл ішінде осындай 30 жобаны жүзеге асырды. Көбіне өзендерді тазаладық. Сондықтан шалқарлықтардың алаңдауына негіз жоқ. Барлық жұмыс көз алдарында жасалып жатыр. Жақында көл табанын тазартатын тағы бір техника келеді. Жалпы, жоспар бойынша мұндай 4 техника алынады. Жұмыстың аяқталу мерзімі 17 айға белгіленген, — деді Р.Сламбек.

Оның айтуынша, көл астындағы балшықтың қалыңдығы — 60-120 сантиметр. Көл астынан шыққан балшықтың ешқандай зияны жоқ, ауылшаруашылық мақсатқа пайдалануға болады екен. Өйткені ол — тыңайтқыш ретінде таптырмас топырақ.   Оның құнарлылығы 8-12 жылға дейін жетеді. Көл табанынан шыққан балшықпен Шалқар қаласының маңындағы сорлардың бетін жабу туралы да ұсыныс бар.

Көл жағасындағы қамыс біткен тамырымен қосып алынады. Мамандардың айтуынша, жылдан-жылға шіріген қамыс көл табанына кетіп, балшыққа айнала береді. Ал одан бөлінетін газдан балықтар қырылады. Сондықтан көлдің табаны ғана емес, жағасы да бірге тазартылмақ.

Сапар барысында Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидехановтың қабылдауында болдық. Көзіміз көрген жайларға қатысты сұрақтар қойдық.

Аудан басшысы мал ішетін суға байланысты жұмыстардың қолға алынғанын айтты. Аудан бойынша 25 шаруа қожалығы ұңғы құдық қаздырып алған. Жер астынан су шығарудың құны 3 миллион теңге болса, оның жартысын үкімет субсидия қылып қайтарады.

P.S. Жалпы, Шалқар ауданының 30 жылда жеткен жетістіктері көп. Еліміз тәуелсіздік алғалы ауданда 11 мектеп, 11 балабақша бой көтерген. 13 денсаулық сақтау нысаны салынып, 21 мәдени ошақ ашылды. «Ғасыр құрылысы» атанған Жезқазған-Шалқар-Бейнеу тасжолы аудан экономикасының жандануына айтарлықтай үлес қосып отыр.  Аудан тұрғындарының 81 пайызы көгілдір отынмен қамтылса, 27 елді мекенге ауызсу кірді. Сонымен қатар 22 елді мекенде интернет бар. Тұрғындар күтіп жүрген Шалқар-Бозой тасжолын салу жалғасып жатса, Шалқар-Ақтөбе тасжолын жөндеу — көп ұзамай қолға алынатын шаруа.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Ақтөбе-Шалқар-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Back to top button