Басты жаңалықтарМәселе

Мазаны алған мал ұрлығы қайтсе азаяды?

Ішіп-жемін төрт түліктен тауып отырған ауылдың негізгі бас ауруы мал ұрлығы. Бұл республика деңгейінде көтеріліп жүрген шешуі қиын проблемалардың бірі. Бұған дейін талай малын қолды қылып аузы күйген қобдалықтар осыны шешудің оңтайлы жолын тапқан секілді. Содан кейін мал ұрлығына қатысты қылмыс аудан бойынша 50 пайызға азайыпты.

Сонымен…

Аудан әкімдігі 5 дрон қондырғысын сатып алған

Өткен жылы Қобда ауданы әкімдігі 5 дрон құрылғысын сатып алып, аудан аумағын әуеден бақылап отыру жұмыстарын бастаған болатын. Әуелі эпидемиологиялық жағдайға қарамастан тығылып той жасағандарды анықтады. Кейін аудан әкімі оны тек мониторингтік топ жұмысына ғана емес, өзге де қажеттіліктеріне жарататынын айтқан.

Қобда ауданы шекара маңында орналасқандықтан, шекара қызметкерлері де бұл құрылғыны екі ел арасындағы заңбұзушылықтың алдын алу мақсатында пайдалана алады. Сондай-ақ учаскелік полиция инспекторлары да жедел іздестіру жұмыстарына және мал ұрлығының алдын алу мақсатында қолданады, — деген болатын аудан әкімі Болат Құлов.

Аудандық полиция бөлімінің бастығы Ардақ Амангелдіұлы да бұл дрондардың  қылмыстың алдын алуда көп пайдасы тигенін айтады.

— Мәселен, бұрын малы жоғалып, шағым айтып келген тұрғындардың жоғын іздеуге полицейлер көлікпен шығатын. Көлікпен іздеу қиын. Жалғыз жатып қалған малды көрмей қалуың да мүмкін. Осы тұрғыда дрондардың пайдасы көп. Әуеге 3 шақырым биіктікке дейін көтеріледі және бәрін анық көруге мүмкіндік береді, — дейді ауданның бас полицейі.

15 сәуірден бастап аудан аумағында Қобда аудандық полиция бөлімі бастығының ішкі бұйрығы негізінде «Арқан» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Мақсат — мал ұрлығына қарсы тұру.

— Мал ұрлығы жаз айларында көбейеді. Малдың жайылымға шығар уақыты мен қораға тұратын кезеңі аралығында учаскелік полицейлердің де жұмысы көп болады. Тұрақты түрде біздің қызметкерлеріміз жүргізетін рейд, сондай-ақ профилактикалық шаралардың арқасында мал ұрлығының алдын алуда оң нәтиже бар. Мәселен, мал далаға шығып, әбден қораға тұрғанға дейін аудан бойынша «Арқан» профилактикалық іс-шарасын өткіземіз. Жедел-профилактикалық іс-шара барысында мал тасымалдайтын барлық көліктер тексеріліп, ауылдық округтерде рейд жүргізіледі. Рейд барысында сырғаланбаған, иесіз жүрген мал басын анықтаймыз, — дейді полиция бөлімінің бастығы.

Ардақ Амангелдіұлы аудан бойынша жасалып жатқан жұмыстардың нәтижесінде мал ұрлығына қатысты қылмыс биыл өткен жылмен салыстырғанда 50 пайызға төмендегенін айтады. Әрине, бұл тек дронның арқасы емес, полицейлердің еңбегінің нәтижесі.

— Ұрлықтың алдын алу шараларымен қатар, қылмыс жасағандарды анықтау мақсатында да нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2020 жылы 7 қылмыс жасаған 4 адамнан тұратын топты анықтадық. Ұсақ қылмыстар жасаған ұрыларды да ұстадық, — дейді ол.

Аудандық полиция бөлімі берген мәліметтерге сүйенсек, биылғы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша жыл басынан бері ауданда 2 мал ұрлығы тіркелген. Екі жағдайда да мал белгісіз себептермен өрісте жоғалыпты. Бұдан бөлек мал жоғалу фактісі бойынша 5 арыз тіркелген. Онда да тұрғындар малдарының жайылымнан келмей қалғанын айтады.

Ұйымдастырылған іздестіру жұмыстарының нәтижесінде 4 дерек бойынша жоғалған мал тәулік ішінде табылып, иесіне қайтарылған. Ал 1 дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғаннан кейін біршама уақыт өткен соң мал табылып, іс қысқартылыпты.

Жыл басынан бері аудан аумағында мал ұрлығын алдын алу мақсатында өткізілген рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде полиция қызметкерлері мал және сойылған мал етін тиісті заңды құжаттарсыз тасымалдаған 22 құқықбұзушылықты анықтаған.

Қобда аудандық полиция бөлімінің  учаскелік полиция инспекторлары қараусыз жайылып жүрген үй малдарына күнделікті тексеріс жасап, қожайындарын анықтап әкімшілік жауапкершілікке тарту шараларын да жүзеге асырып отыр. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері Қазақстан Республикасы  Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 408-бабы бойынша  117 мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Айта кетейік, полиция бөлімінің бастамасымен ауданның әр ауылында қараусыз жүрген малдарды иесіне дер кезінде хабарлау және мал ұрлығының алдын алу  мақсатында аудандық шаруашылық басшылары, жұмысшылары және ауыл тұрғындары арасында біріктірілген чаттар құрылып профилактикалық жұмыстар атқарылып жатыр.

Өтек шаруалары малын әуеден бақылап отыр

Өткен жылы Қобда ауданы бойынша Өтек ауылдық округінде мал ұрлығы көп тіркелген. Мәселен, 2019 жылы шаруалар 6 рет малын жоғалтса, 2020 жылы 5 рет полиция қызметіне жүгініпті.

Өтек ауылдық округінде қазіргі таңда 3900 ірі қара, 9300 қой-ешкі, 2800 жылқы бар. Биыл ауылдағы үш шаруа қожалығы жылқыларын әуеден бақылау үшін дрон құрылғысын сатып алыпты. Сондай-ақ ірі қараларының қайда жүргенін анықтау мақсатында GPS-трекер орнатып жатыр. Ендігі кезекте шаруақожалықтары өз малдарының жайылым жерлеріне фототұзақ орнатуды жоспарлап отыр.

2015 жылдан бері жылқы өсіріп отырған «Алмас» шаруа қожалығының иесі Аймұрат Қалиев — жылқыларын әуеден бақылау үшін дрон сатып алған шаруалардың бірі. Бұған дейін ұрыларға жем болып, аузы күйген шаруа аталған құрылғыға кеткен ақшаның адал екендігін айтады.

— Заман дамыған сайын техниканың да түрі дамып келеді. Бұрын алдымыздағы малды әуеден бақылап отырамыз деп ойладық па? 2015 жылдан бері жылқы шаруашылығымен айналысып келемін. 2017 жылы 3 жылқымды ұрлатып алдым. Ұрылар да, жылқылар да табылмады. Атып әкеткен болса керек. Биыл қыста 580 мың теңгеге дрон құрылғысын сатып алдым. Қазір күн сайын, кейде күніне екі рет жылқыларымды әуеден бақылап отырамын, — дейді Аймұрат.

Бүгінде кәсіпкердің алдында 200-ден астам Қамбарата төлі бар. Қобдалықтармен қатар ақтөбеліктерді де жылқы етімен қамтып отыр.

— Әзірге өнімдеріміз тек облыс аумағында ғана сатылып жатыр. Содан ауыспайды. Әрине, болашақта шаруашылықты үлкейтіп, мал басын арттырып жатсақ, жоспарларымыз өте көп, — деді шаруашылығы жөнінде азды-кем ақпарат берген Аймұрат Қалиев.

Тайыр Исанов та Өтек ауылдық округі бойынша алғашқылардың бірі болып дрон құрылғысын сатып алған шаруа. Алғашында қой, ірі қара малын өсіріп шаруасын бастаған кәсіпкер бүгінде тек жылқы бағады.

— Қазақ үшін төрт түліктің қай-қайсысының да осалы жоқ. Дегенмен жылқының адам өміріндегі, қазақ өміріндегі маңызы мен қызметі қашанда жоғары бағаланған. Мен бұған дейін қой да, сиыр да өсіріп көрдім. Қазір жылқы өсіруге толық шешім қабылдадым. Өздеріңіз білетіндей, жылқы малы бір орында тұрмайды. Бақташым бар. Дегенмен ұры-қарылардан сақ болу үшін биыл дрон құрылғысын сатып алдым. Қазір қолым босаған уақытта әуеге жіберіп жылқыларымды қарап отырамын. Бұрынғыдай көлікпен барып жүрмеймін. 5-6 шақырымда жатқан жерді оңай шолады. Жалпы шаруашылыққа өте қолайлы құрылғы. Сатып алған адам еш өкінбейді, — дейді «Тайыр» шаруа қожалығының иесі.

Жуырда Өтек ауылының тағы бір тұрғыны «Әбіш» шаруа қожалығының иесі Нұркен Тілешов те аталған құрылғыны сатып алыпты.   

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button