Басты жаңалықтар

Суға түсу маусымы басталды

Жаз басталса өзен-көлдердің жағасы тұрғындарға лық толады. Ақтөбеде әдеттегідей, 1 маусымнан бастап суға түсу маусымы ресми түрде ашылды. Енді рұқсат етілген аумақтарда суға түсуге болады. Алайда төтенше жағдай қызметкерлері жағажайға барған әрбір тұрғын қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауы керектігін ескертеді.

Жағажайлар тексеріліп, жасақтар даярланды

Бүгінде жағажайларда рейдтік іс-шаралар жүргізіліп, тұрғындарға арнайы ережелер түсіндірілуде. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Дүйсен Оразкелдінің айтуынша, облыста қазір тұрғындар үшін 62 жағажай қызмет көрсетеді. Оның 13-і — Ақтөбе қаласында. Сондай-ақ қала тұрғындары үшін «Tree of life Aqtobe» аквапаркі де өз жұмысын бастады. Тұңғыш Президент атындағы Орталық саябақ аумағында орналасқан аквапаркте 3 ашық бассейн бар. Одан бөлек ойын алаңдары мен жағажай да орналасқан. Ал облыс аудандарында 49 жағажай ашылды.

  • Қыркүйек айына дейін жалғасатын суға түсу маусымына дайындық шаралары ерте басталды. Жағажай иелері мен жергілікті атқарушы орган өкілдері қажетті инфрақұрылымды әзірледі. Жағажайлардың түбін тазартауға 64 өтінім келіп, үш сүңгуір тобы жұмыс істеді.  Сонымен қатар құтқарушыларды оқыту курстары өткізіліп, оларға сертификаттар берілді. Құтқарушылар жасағына оқуға келгендер суға кеткен адамды құтқарудың тәсілдері мен оған алғашқы көмек көрсету шараларын үйренді. Биыл 500-ге жуық адам оқытылды. Ақтөбе қаласындағы жекеменшік жағажайлардың өз құтқарушы жасақтары бар. Коммуналдық жағажайларға мектептердегі алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері жұмылдырылып отыр. Ол үшін облыстық білім басқармасы өкілдерімен арнайы жоспар бекітілді, — дейді Дүйсен Оразкелді.  

Оның айтуынша, қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша күнделікті профилактикалық жұмыстар атқарылып жатыр. Қазіргі таңда қалада екі мобильді топ құрылып, халыққа түсіндіру шаралары жүргізіліп, жағажай маңындағы тұрғындарға практикалық жұмыстар көрсетілуде.

  • Күнделікті рейдтік іс-шараларға құтқарушылардан басқа, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар мен еріктілер де қатысуда. Тұрғындарға төтенше жағдай кезінде қандай шұғыл медициналық көмек көрсетілуі керек екендігі түсіндірілуде, — дейді ол.

Қауіпті аймақтар

Биыл суға түсу маусымы басталмай жатып, қауіпсіздік ережесін сақтамай, арты қайғымен аяқталып жатқан оқиғалар да тіркеліп үлгерді. Қауіпсіздік ережелерін ескермеудің салдарынан 7 ақтөбелік суға кеткен. Оның үшеуі — бала.

Ал өткен жылы 23 адам тілсіз жаудың құрбаны болған. Оның  бесеуі мас күйінде, он үші рұқсат етілмеген жерге шомылыпты. Төрт адам балық аулап жүріп суға батқан, біреуі су қоймасына құлап кеткен.

Мұндай қайғылы жағдайларға адамдар көбінесе суға түсуге болмайтын жерге шомылу, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамау, балаларды қараусыз қалдыру, суға мас күйінде түсу кезінде тап болып жатады.

Ақтөбеде суға шомылу кезінде  қауіпті аймақ саналатын орындар бар. Дүйсен Оразкелдінің айтуынша, қала аумағында Россовхоз, Кірпішті елді мекендеріне барар тұстағы көпір асты су қоймасы, Жаңақоныс ауданындағы Жіңішке өзені қауіпті саналады. Сол сияқты Заречный және Қарғалы елді мекендеріне барар жолдағы көпір асты сулары да адамдардың суға кету қаупін тудыратын аймақтардың бірі.

  • Рұқсат етілмеген аймақтардағы өзен-көлдердің түбінде қоқыс болса, адамның өміріне қауіп төндіруі мүмкін. «Су — тілсіз жау» демекші, оқыс оқиғалардан сақтану керек. Қауіпсіздік шараларының алдын алуға бағытталған түрлі түсті плакаттар, суға түсуге болмайтын аумақтарды білдіретін белгілер дайындалып, қауіпті жерлерге орнатылды.

Сондай-ақ бүгінде «2 gis» электронды карта бағдарламасы көпшілікке кеңінен таныс. Қазір осы бағдарламаға да жағажайлардың қай жерлерінде суға түсуге рұқсат етілгені туралы ақпарат енгізіліп жатыр. Бұл жұмыстар бір аптаның ішінде толықтырылады, халыққа да өте пайдалы болмақ.

Сонымен қатар әлеуметтік желілерде де кеңінен насихатталып жатыр. Демалушыларға жазатайым оқиғаның алдын алу мақсатында судағы қауіпсіздік ережелері жазылған үнпарақтар таратылады, — дейді ол.

Жыл сайын суда құтқару қызметінің материалдық-техникалық базасы нығайып келеді. Биыл да құрылым қызметі үшін барлық техникалық құралдар жабдықталып, сүңгуірлердің арнайы киімдері де жаңартылыпты.

 Суға шомылу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтай біліңіз:

  • Суға шомылатын арнайы орынды дұрыс таңдай біліңіз.
  • Суға түсуге болмайтын белгіден аспаңыз, тыйым салынған жерлерге шомылмаңыз және суда жүрген моторлы қайықтарға жақын жүзбеңіз — бұл сіздің өміріңізге өте қауіпті.
  • Ата-аналар балаларға қамқорлық жасап, суға шомылу кезінде қараусыз қалдырмауы керек!
  • Ішімдік ішкен жағдайда суға түсуге болмайды!

Тыйым салынады:

  • Жүрек ауруымен ауыратын адамдарға суға түсу кезінде қосымша қорқыныштар пайда болады;
  • Қатты толқын кезінде суға түсуге болмайды;
  • Үлкендердің қарауынсыз балаларды суға шомылуға жібермеу керек.
  • Камерамен және басқа да талапқа сай келмейтін құралдармен суға түспеу керек;
  • Салқын суда ұзақ болмау, суда ұзақ болу денені салқындатады;
  • Қауіпті жағдай туралы хабар естігенде суда болмау керек;

Барлық балалар мына ережелерді есте сақтау керек:

  • Суға тек арнайы жерлерге түсу керек;
  • Суға түсу кезінде кемелерге, басқа да жүзу құралдарына жақын бармау керек.
  • Камерамен, тақтайлармен, басқа да жүзуге болмайтын құралдармен суға шомылуға болмайды, ескерту белгілері берілген кезде судан дер кезінде шығу керек;
  • Таныс емес жерлерге, жағалауларға суға сүңгімеу керек;
  • Су температурасы 180С-тан төмен болғанда суға түсуге болмайды;
  • Суға сынған әйнектерді лақтыруға болмайды, олар суға түсушілерге қауіпті болады.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button