Мереке

«Бақытты бала — бақытты ел» акциясы

Брифинг

Өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова мен Ақтөбе облысында білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Жанар Мұхамбеталина «Бақытты бала — бақытты ел» атты республикалық акциясын өткізу туралы баяндады.  

Биыл 1 маусым — Балаларды қорғау күніне орай бірқатар шаралар жоспарланып отыр. Бұл шаралардың барлығы 20 маусымға дейін жалғасатын «Бақытты бала — бақытты ел» республикалық акциясы аясында өткізілмек.

  • Акцияның негізгі мақсаты — еліміздегі балалардың жақсы өмір сүруін қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік құрылымдардың, қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес-топтардың басын біріктіру, балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қоғамда алдыңғы орынға шығару, — деді Нұргүл Бертілеуова.

Оның айтуынша, аталған акция бірнеше блоктан тұрады. Олар: «Отбасында өмір сүру бақыты», «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол!», «Құқықтық күзет», «Балалар бастауы», «Таңғажайып әлем», «Мейірімділік — балаларға», «Спорт әлемінде» және «Бала қауіпсіздігі».

  • Акция онлайн және офлайн форматта республикамыздың түкпір-түкпірінде ұйымдастырылуда. Отбасы институтын нығайту мақсатында көпбалалы отбасылар туралы арнайы бейнеролик әзірленуде. Бұл жергілікті телеарнада және әлеуметтік желілерде насихатталатын болады. Сондай-ақ он екі баланы патронаттық тәрбиеге алған Жетесовтер отбасының онлайн концертін өткізу жоспарланып отыр. «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» блогы бойынша мамыр айында барлық техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы оқушылардың қатысумен кәсіби шеберлік байқауы өтті. Сондай-ақ мереке күні «Ақтөбе — мүмкіндіктер мекені» деп аталатын облыс әкімінің дарынды балалармен кездесуі жоспарланып отыр. Блогер балалар арасында «Мен Тәуелсіздікті қалай түсінемін?» деген тақырыпта бейнебайқау ұйымдастырылмақ. 5 маусымға дейін «Анаға тағзым» орталығында күн сайын сағат 10.00 мен 12.00 аралығында қоғамдық қабылдау жүргізіледі.

Бұған дейін саябақтардағы аттракциондардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында арнайы мониторингтік топ өкілдері тексеру жұмыстарын жүргізді. 20 маусымға дейін әлеуметтік жағынан осал топтағы отбасы балаларына театрға, музейге тегін билеттер берілмек, — дейді Нұргүл Бертілеуова

1 маусым күніне арналған мерекелік шаралардың негізгі бөлігі түске дейін қаламыздағы бірқатар саябақтарда ұйымдастырылады. Атап айтсақ, Тұңғыш Президент атындағы Орталық саябақ, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион алаңында, «Денсаулық» саябағында және «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында мерекелік шаралар өтеді.

Биыл пандемияға байланысты тек қала сыртындағы 11 лагерь жұмыс істейтін болады. Оның екеуі — мемлекеттік, қалғаны — жекеменшік лагерьлер. Мемлекет тарапына 2400-ге жуық балаға лагерьлерде тегін демалуға жолдама берілмек.

Брифинг соңында Жанар Мұхамбеталина бала құқығын қорғау заңдарына тоқталып, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті. Сондай-ақ балаларды құқықтық ақпараттандыру мақсатында облыстық білім басқарамасының жанынан арнайы сенім телефоны арқылы қабылдау жүргізілетіні айтылды. Айта кетейік, анықтама телефондары: (87132) 55-17-92, 54-03-52. Жедел желі: 8-702-031-25-22.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button