Жаңалықтар

Мемлекеттік қызмет сапасы қандай?

Мемлекет тарапынан көрсетілетін қызмет сапасында кемшілік болмауы тиіс. Алайда облыстағы бірқатар мекемелер талапқа сай жұмыс жасамай отыр. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мәселелері бойынша ведомствоаралық жұмыс тобының жиынында осы проблемалар айтылды.
Жиында облыста мемлекеттік қызметтің сапасын қадағалайтын қоғамдық бақылау тобы білім беру, жұмыспен қамту және өзге де әлеуметтік мекемелердегі кемшіліктерді ортаға салды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді бақылау басқармасының бас маманы Марал Гильмановтың айтуынша, Ақтөбе қаласындағы №20, №23 мектептердің ғимараты талапқа сай емес. Күрделі жөндеу жүргізілуі керек. Мәселен, қоңырау шалу түймесі жұмыс істемейді, едендердің тозығы жеткен. Сондай-ақ қаладағы кейбір білім ордаларының басшылары бірінші сыныпқа бала қабылдау кезінде «орын жоқ» деп бас тартқан. Ал талап бойынша ата-ана тұрғылықты жеріне жақын жердегі мектепке баласын беруіне немесе өзге мектепті таңдауына болады. Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Метгүл Қосымбаеваның айтуынша, қазіргі таңда бірінші сыныпқа баратын оқушылардың 40 пайызы тіркелген. Бұл жұмыстар тамыз айына дейін жалғасады.
Азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің ғимараты да талапқа сай емес. Қызметкерлер жарығы әлсіз бөлмеде отырып жұмыс жасайды. Ғимаратта келушілер үшін қолайлы жағдай жоқ. Аталған мекеменің тіркеу бөлімі жетекшісінің міндетін атқарушы Маргарита Игисенованың айтуынша, аумағы сегіз жүз шаршы метр болатын жер жалға алынған. Ғимарат төбесінің ескіргені жалға берушіге ескертілген. Аталған мәселелер алдағы уақытта шешімін таппақ.
Жиында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Ақтөбе облысы бойынша филиалының қызмет көрсету сапасына қатысты да бірқатар кемшіліктер айтылды.
Сондай-ақ ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі әлеуметтік тапсырысы негізінде Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы «TALAP» қолданбалы зерттеулер орталығы» қоғамдық қоры мемлекеттік қызметтер сапасына мониторинг жүргізген. Департаменттің мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді бақылау басқармасының бас маманы Нұркамал Шамишеваның айтуынша, жетпіс мемлекеттік қызметтің сапасы тексерілген. Денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қамту және өзге де салаларға бақылау жүргізіліп, бірқатар кемшіліктер анықталған. Мониторинг кезінде мамандардың біліктілігі, мәдениетінің төмендігі, күту алаңдарында орындардың аздығы, автотұрақтың жоқтығы және өзге де олқылықтар тіркелген.
Қоғамдық бақылау тобының мүшелері тиісті мекеме өкілдеріне ескертулер беріп, кемшіліктерді жоюды тапсырды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button