Білім

Білім сапасы — білікті маман кепілі

Брифинг

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті ректорының міндетін атқарушы Рақым Бекназаров «Жоғары білім сапасы» тақырыбында брифинг өткізіп, жоғары оқу орнының білім сапасы мен қол жеткізген жетістіктері туралы айтып берді.

Оның айтуынша, бүгінгі күні университеттің экожүйесі айтарлықтай дамыған. Атап айтсақ, университет қарамағында 6 оқу ғимараты, кітапхана, 4 Студенттер үйі, студенттік емхана, 3 спорт кешені, 5 спорт алаңы, 3 спорт залы, жаңа және жаңартылған мамандандырылған оқу кабинеттері, атаулы аудиториялар, ІТ құрылым мен зертханалар, аллеялар, Студенттер сарайы, Жастар сарайы, қоғамдық тамақтану орындары, «Зерек» балаларды дамыту орталығы, «Сенім» әлеуметтендіру орталығы, сондай-ақ инновациялар паркі бар. Оқу орнында 8 факультет, 23 кафедра, 6 ғылыми-зерттеу орталығы мен зертхана жұмыс жасайды. Қазіргі уақытта университет бакалавриат бойынша — 79, магистратура бойынша – 41, докторантура бойынша 6 білім беру бағдарламалары негізінде оқытады.

Біздің университет биыл сұранысқа ие жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингісінде 4-орын алды. Ал өткен жылғы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы рейтингіне қатысқан 42 оқу орнының ішінде үздік бестікке кірді. Сондай-ақ

2020 жылы QS ЕЕСА (Шығыс Еуропа, Орталық Азия елдері) рейтингінде университет #351 – 400 позициясын иеленді. Бұл — біз үшін үлкен жетістік, — деді Р.Бекназаров.

Оның айтуынша, бүгінде оқу орнында 15 мыңнан астам студент білім алуда. Ал университеттің профессорлық-оқытушылар құрамының саны 655 адамды құрайды.  Олардың ішінде 20 ғылым докторы, 185 ғылым кандидаты, 20 PhD докторы, 259 магистр, 86 практик оқытушы бар. Оқытушылардың 19%-ы ағылшын тілінде сабақ жүргізеді. Оқытушылардың ғылыми дәрежелілік көрсеткіші — 41,4%. Ал орташа жасы — 46.

2019 жылдың қазан айынан бастап оқу орнымызда Smart ARSU мобильді қосымшасы әзірленіп, қолданысқа енгізілді. Онда студенттер мен оқытушылар үшін жатақханаларға орындарды онлайн брондау, есептесу парақтары, университетте оқу туралы анықтамалар, транскрипт және төлем орталығы үшін анықтамалар, жұмыс орнынан анықтамалар, өз еркімен оқудан шығаруға және жеке деректерді өзгерту туралы өтініштер, қорытынды мемлекеттік аттестаттау нәтижелері бойынша апелляцияға өтініштер алу, студенттерге сауалнама жүргізу, жұмысқа жіберу, электрондық студенттік билет алу, сонымен қатар кітапхана қорының сервисіне, рөлдер бойынша (студенттер, қызметкерлер, ата-аналар) қолжетімділік, сабаққа қатысым мониторингі белгіленіп, онлайн қызметтер кіргізілді. Ал 2020-2021 оқу жылынан бастап Smart ARSU мобильді қосымшасында «Студенттік парламент» атты жаңа модуль әзірленді. Жаңа модуль Студенттік парламенттің жұмысын жүйелендіруге, белсенді студенттік базаны қалыптастыруға, студенттік клубтар мен үйірмелерге тіркелуге, жаңа жобаларға қатысуға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні Smart ARSU мобильдік қосымшасына 13736 пайдаланушы тіркеліп, 85000-нан астам онлайн қызмет көрсетілген, — деді ректордың міндетін атқарушы.

Рақым Бекназаров өткен жылы университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы ҚР Білім және ғылым министрлігі қаржыландыратын іргелі және қолданбалы зерттеулер бойынша жалпы мөлшері 70 млн теңгеге 10 гранттық жоба іске асырылғанын, ал биыл

осы бағытта 162 млн теңгеге 14 жоба қолға алынғанын атап өтті.

Университетімізде жоғары білім сапасын көтеру мақсатында білім беру гранттарын беру, сондай-ақ жоғары білім беру ұйымдарында білім алушыларға әлеуметтік қолдау көрсету жолға қойылған. Атап айтсақ, оқу орнында «Бакалавр» дәрежесі бойынша республикалық бюджет қаражаты есебінен білім беру гранттарын беру туралы куәлік берілген. Қазіргі уақытта университетте мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитын білім алушылар жалпы контингенттің 30 пайызын құрайды. Ал оқу орнында жастар саясатын іске асыруда әлеуметтік осал топтағы студенттерге, оқуда озат, шығармашылық, спорттық жетістіктерге жеткен студенттерге әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Мәселен, биылғы 2020-2021 оқу жылында аталған санаттағы 2725 студентке әртүрлі көмек берілді, — деді Р.Бекназаров.

Брифинг барысында ректордың міндетін атқарушы университет оқытушылары мен студенттерінің білім мен ғылым саласындағы жетістіктерін, оқу орнының академиялық дербестігін, түлектерді жұмысқа орналастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті. Сондай-ақ ол бүгінгі күні оқу орнында білім алып жатқан шетелдік студенттердің жағдайына да тоқталып өтті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай оқу орнында өткізілген және алдағы уақытқа жоспарланған іс-шараларды да айтып берді.

Биыл облыс көлемінде, жалпы республика бойынша біздің университетте жоғары білім алуға ниеттеніп отырған жастар аз емес. Осы орайда біз абитуриенттерімізге жан-жақты ойланып, білім көкжиегін кеңейтуге, өздері ізденіп, дұрыс таңдау жасауға кеңес береміз. Ең алдымен, жоғары, сапалы білім алу үшін еңбектену керек. Себебі сапалы білім — болашақта жақсы маман болудың кепілі.

Сондықтан биылғы ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырғалы отырған түлектерге сәттілік тілей отырып, біздің университет талабы мол, білімді, жан-жақты жастарға әрдайым қолдау білдіріп, қамқорлық жасайтынын айта кеткім келеді, — деді ол.

Брифинг соңында Рақым Бекназаров журналистер мен әлеуметтік желілер арқылы келіп түскен сауалдарға тұшымды жауап берді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button