Денсаулық

Ұжымдық иммунитет қалыптастыру керек!

Облыста 30 мамырда бір тәулік ішінде коронавирус инфекциясын жұқтырған 32 жағдай тіркелді. Аурушаңдықтың өсу  деңгейі — 0,3%.

Бұл туралы Ақтөбе облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаровтың қатысуымен өткен «Вакцинация мен КВИ бойынша ағымдағы жағдай туралы» баспасөз мәжілісі кезінде айтылды.    

Жалпы, пандемия басталғалы облыста КВИ-мен ауырған 11235 жағдай тіркелген, оның ішінде 64,5%-ы — ауру белгілерімен (7241) және 35,5%-ы — симптомсыз (3994) жағдай. Қауіпті індет жұқтырғандардың 10273-і (91,4%) жазылып шықты.

Жалпы  тіркелген 11235 науқастың 1,8%-ы — сырттан әкелінген, 17,2%-ы — ауру адаммен қарым-қатынаста болғандар, 81,0%-ы — жергілікті жағдайлар, оның ішінде 24,1%-ы — профилактикалық мақсатта тексерілгендер. 30 мамырда КВИ-мен ауырған 32 жағдай тіркелді, оның  ішінде  ауру симптомдары бар – 17 (Ақтөбе қаласы – 14, Алға ауданы – 2, Мұғалжар ауданы – 1), симптомсыз – 15 (Ақтөбе – 9, Алға ауданы – 1, Байғанин  ауданы – 1, Мәртөк  ауданы – 2, Мұғалжар ауданы – 1, Хромтау ауданы – 1). Бір тәулік ішінде өкпе қабынуымен 5 адам тіркелді. Облыста 1094 ауру ошағы белгілі болған, оның ішінде 144-і — ұйымдарда, 950-і — үйлерде және 5-еуі — медициналық ұйымдарда. Ақтөбе облысының «жасыл аймаққа» кіргеніне 5 күн болды. Егер жағдай осындай тұрақты болса, ертең облыстың Бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы шығып, кейбір карантиндік шаралар алынып тасталатын болады. Дегенмен, бетперде кию, арақашықтықты сақтау, дезинфекциялық шаралар жүргізу секілді талаптар әлі де сақталуы тиіс, себебі қауіп толық сейілді деуге әлі ерте, — деді Мұхтар Сербаев.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, қазіргі кезде инфекциялық ауруханаларда 398 адам ем алып жатыр, оның 267-сі — Ақтөбеде, 132-сі аудандарда емделіп жатыр.

Жансақтау бөлімінде 28 адам бар. Оның ішінде 24 адам — Ақтөбеде, 4 адам — аудандарда. 2 адам жасанды желдету аппаратына, 5 адам өкпені инвазивтік желдету аппаратына қосылған. Карантиндік стационарларда 18 адам бақылауда. (Мәртөк ауданында — 11, Қарғалы ауданында — 7 адам).

Жалпы, стационарлардағы кереуеттердің 26,7 пайызы, жансақтау бөліміндегі кереуеттердің 17,4 пайызы толық, — деді ол.

Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, биыл ақпан айынан бастап облысқа 156950 мыңнан астам вакцина әкелінген. Оның ішінде бірінші компонентпен 81418 адам, екінші компонентпен 39023  адам егілген.   

Ауруды тоқтатудың жолы — вакцина алу. Біз ұжымдық иммунитет қалыптастырып, бұрынғы өмірімізге қайта оралу үшін вакцина алуымыз керек, —  деді Бекболат Ізбасаров.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button