Басты бет » Жаңалықтар » Мұрағатта 13 мың құжат сақталған

Мұрағатта 13 мың құжат сақталған

Ақтөбе облыстық полиция  департаментінің мұрағатында қуғын-сүргінге ұшырағандардың және Германияда әскери тұтқында болғандар мен Кеңес Одағы азаматтарының құжаттары сақталған. Мұрағатта 13 мыңнан астам құжат бар.

Оның ішінде ақталуға жатпайтын азаматтардың мұрағаттық қылмыстық істері бойынша құжат саны — 617, қуғын-сүргінге ұшыраған, сот органдарымен ақталған азаматтарға қатысты  9  936 құжат болса, бұрынғы әскери тұтқындар мен Германиядан оралған КСРО азаматтарының материалдарының саны — 2 520.

Биыл облыстық полиция департаментінің арнайы мемлекеттік мұрағатына қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың туыстарынан 76 өтініш пен сұраныс түскен. Оның  бәріне жауап берілген. Ресейден бес адам сұраныс жіберген.

Жалпы, ақталған азаматтардың туыстары, өкілдері мұрағаттағы құжаттармен танысуға, қолжазбалар мен фотосуреттерді және басқа да жеке құжаттардың көшірмелерін алуына болады. Құжат көшірмелері азаматтарға  жеке басын куаландыратын құжат және нотариатпен куаландырылған сенімхат арқылы беріледі. Мұрағаттағы қылмыстық істермен танысқан адамдардан құжаттағы іске қатысы бар адамдардың және олардың жақындарының құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіретін мәліметтерді пайдаланбау жөнінде  қолхат алынады.

Қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың атылғаны және олардың жерленген жері туралы мәліметтер мұрағаттағы қылмыстық істе тіркелмеген, яғни жоқ. Бірақ 20-50 жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарды жаппай жерлеудің ресми орны Ақтөбе қаласы маңындағы Түйетөбенің етегі болып есептеледі. Облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, осыдан екі жыл бұрын Ресейдің Новосибирск қаласының 28 жастағы тұрғыны Роман Завадовский үлкен атасы Иван Завадовский туралы іздейді. Бірақ ешқандай ақпарат таба алмайды. Кейін «Мемориал» сайты арқылы облыстық полиция департаментіне хабарласады. Атасының жиырмаға жуық суреті мен құжаттарының көшірмесін алды. 1989 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен Завадовский Иван Владимирович қайтыс болғаннан кейін ақталған. Жалпы, бұндай мысалдар өте көп. Мыңдаған адам өзінің туыстары туралы мәліметтерді мұрағаттағы материалдар арқылы біліп жатыр.

Кәмшат ҚОПАЕВА.