Мәдениет

Филармония артистері «Сыған серенадасына» шақырады

Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның ұжымы алғаш рет танымал ақын, драматург Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» музыкалық спектаклін сахналағалы отыр. Бұл — көрермен қауым көптен күткен жаңа бағдарлама һәм тың жоба.

Олай деуіміздің себебі, концерттер, түрлі музыкалық жобалар ұйымдастырып жүрген облыстық филармония бұрын-соңды  спектакль ұсынып көрмеген. Ән мен актерлік ойын қатар өрілетін қойылым бұған дейін талай театрда сахналанса да, ақтөбелік кәсіби әншілерден құралған шығармашылық топ бұны мүлде басқа қырынан көрсетпек.

— Жас Шәмші жаңбырлы күндердің бірінде Сағыныш есімді арумен танысады. Бірақ екеуінің сезімі бір арнада тоғыспайды. Жауапсыз махаббаттың кесірінен жалғыздық күйін кешкен сазгер аяқастынан сығандар тобырына тап болып, Изольда деген қызды ұнатып қалады. Өзге ұлттың қызы да сезімді жауапсыз қалдырмайды. Осы ғашықтық ғаламаты, артынша оның машақаты, өзге де оқиғалар Шәмшінің әуезді әндерімен сүйемелденіп отырады.

Романтикалық туындының көрермендерді бейжай қалдырмайтыны сөзсіз, — дейді Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның қызметкері Әсем Берікқызы.

Оның айтуынша, қазақ вальсінің короліне арналған музыкалық спектакльге 80-нен астам филармония артисі атсалысады. Атап айтсақ, қазақ камералық хоры, камералық оркестр, «Аққу» би ансамблі, классикалық музыка ансамблі, «Екі езу» сатира театрының өкілдері «Сыған серенадасында» жаңа қырынан көрінбек. Ал басты кейіпкер Шәмшіні қазақ камералық хорының артисі Нұржан Қаражанов, Изольданы классикалық музыка ансамблінің солисі Алина Оспанова, композитордың анасын қазақ камералық хорының артисі Гүлжахан Досаева, Алеконы классикалық музыка ансамблінің солисі Бэджо Калмыков, Баронды «Екі езу» сатира театрының артисі Бекбол Тәтебаев, Баронессаны «Екі езу» сатира театрының артисі Гүлзат Ермағамбетова, Сағынышты классикалық музыка ансамблінің солисі Лаура Таусарова сомдайды.

Музыкалық спектакльді Алматы қаласынан келген режиссер Сырым Мұхамед-Хафиз қойған. Суретші — Айзат Ордабаева, ал дыбысын қадағалаған ҚР Мәдениет саласының үздігі Дулат Дәрібай.

Сонымен, 2-3 маусым күндері сағат 19.00-де Өнер орталығы ғимаратында сырлы сазға толы спектакльдің премьерасы өтетінін хабарлаймыз.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button