Жаңалықтар

Суда сақ болыңыз!

Елек өзенінің жағасына тынығуға барып, суға батып бара жатқан әйелін құтқармақ болған ақтөбелік суға кетті. Жедел құтқару жасағының күшімен азаматтың денесі 2,5 метр тереңдіктен шығарылды.

— 30 мамыр күні облыстық төтенше жағдайлар департаментінің кезекші бөліміне Ақтөбе қаласы маңындағы «Шие бағы» бау-бақша ұжымында әйел адамның суға батып бара жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жедел түрде құтқарушылар жіберілді. Оқиға орнына жеткен  қалалық төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлері 1962 жылғы азаматшаны құтқарды. Ал суға батып бара жатқан әйелін құтқармақ болған 1960 жылы дүниеге келген ақтөбелікті аман алып қалу мүмкін болмады. Жедел құтқару жасағының күшімен азаматтың денесі су түбінен 2,5 метр тереңдіктен шығарылды. Белгілі болғандай, 4 адам Елек өзенінің жағасында ішімдік ішіп, демалып жатқан, — дейді Ақтөбе қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Айбат Жаңабергенов.

Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тұрғындарды барынша сақ болуға, балаларды қараусыз қалдырмауға, судағы қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін сақтауға шақырады. Сондай-ақ  тұрғындарға мас күйінде суға шомылуға және  тексерілмеген, жабдықталмаған  жерлерге суға түсуге болмайтынын ескертеді. Айбат Жаңабергеновтің айтуынша, соңғы бір ай көлемінде су жағасында ішімдік ішіп, тыйым салынған аймаққа суға түскен 30 адамға айыппұл салынған.

Ал жыл басынан бері Ақтөбе қаласы аумағында  5 адам суға кетіпті. Оның екеуі — бала.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button