Жаңалықтар

Тұтынушыға арналған ақпараттық жүйе таныстырылды

Ақтөбе облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің ұйымдастыруымен e-tutynushy.kz ақпараттық жүйесінің таныстырылымы онлайн режимде өтті. 

Таныстырылымды ҚР Сауда және интеграция министрлігінің тапсырысы бойынша ақпараттық жүйені әзірлеген мамандар жүргізді. Шараға облыстық басқармалар, Ақтөбе қаласы және аудан әкімдіктеріне қарасты мемлекеттік органдардың қызметкерлері, кәсіпкерлер, қоғамдық бірлестік өкілдері және тұтынушылар шақырылды.

Ақпараттық жүйенің әзірлеушілері қатысушыларға тұтынушылар өтініштерін қабылдау, қарау процесін автоматтандыру бағытындағы сервистің тұтынушыға тиімділігі, қолжетімділігі туралы және сайт арқылы бірыңғай ақпараттық жүйені қолдану тәсілі туралы ақпараттар берді.

Тұтынушылар үшін заманауи ақпараттық технологияларды қолдану өз құқығын қорғау тетіктерінің  қолжетімділігі мен ашықтығын, жеделдігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ тұтынушылар үшін арыз-шағымдарын қараудың тиімді тәсілі екенін атап өткен жөн. Ақпараттық сервистерді қолдану тұтынушылар екі жақтың да уақытын үнемдейді. Енді азаматтар үйлерінен шықпай-ақ, ұялы телефондарының мобильді қосымшасы арқылы құқықтық қолдау шараларын ала алады.

Еске сала кетейік, е-tutynushy.kz бірыңғай ақпараттық жүйесі биылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істеп тұр. Аталған ақпараттық жүйе тұтынушылардың өтініштерін қабылдау, қарау процесін автоматтандыруға, оларды тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесінің барлық деңгейлерінде жүйелеуге және есепке алуға арналған.

Аталған жүйе арқылы тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесінің барлық деңгейлерінде тұтынушылардың өтініштерін қарау қамтамасыз етіледі.

Айта кететіні, тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша сотқа ұсынылатын өтініштер бұл жүйе арқылы жіберілмейді.

Гүлзада АЛМАТБАЕВА,

Ақтөбе облысы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button