Тарих

Қамбар атты күйші өткен…

Аса дарынды күйші, А.Жұбановпен бірге қазақтың ұлт аспаптары оркестрінің ұйымдастырушысы әрі орындаушысы болған Қамбар Медетов 1937 жылы «халық жауы» деген жалаға ілігіп, атын да атауға тыйым салынған еді. Туған топырағы оның ғазиз есімімен арада 60 жылдай уақыт өткеннен кейін ғана қайта табысты.

2001 жылы Қамбар Медетовтің туғанына 100 жыл толуына орай Ақтөбеде көптеген шаралар өтті. Облыстық тарихи-өлкетану музейінде ұйымдастырылған сондай шаралардың біріне күйшінің жақын туысы ретінде 88 жастағы Айсұлу Айсұлтанованы шақырғанбыз. Қамбар Медетов оның туған қайнағасы болатын. Бізді таңғалдырған бір жағдай — Айсұлу әженің есіктен кіре бере тізесін бүгіп, кездесуге орай төрге іліп қойған Қамбар Медетовтің портретіне сәлем етуі еді…

Оның 1936 жылдан кейін көрмеген қайнағасына деген бұл ілтипат-құрметіне жиналғандар түгел сүйсіне, риза болып қараған еді. Міне, содан бері де 20 жыл уақыт өте шығып, биыл Қамбар Медетовтің туғанына 120 жыл толып отыр.

Қамбар Медетов қазіргі Мәртөк жерінде дүниеге келген. Ол — Әбілқайыр ханның жетінші ұрпағы. Домбырашылық өнерді әкесі Ерқожадан үйренген. Ерқожа Қаратаев — әнші, күйші, өнерлі әулеттен шыққан адам. Атақты музыка зерттеушісі А.В.Затаевич Қамбар Медетовтің орындаушылық шеберлігін жоғары бағалаған, одан бірнеше күй жазып алған. Сондай-ақ жоғарыда айтқанымыздай, Қамбар Медетов — Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің іргесін қаласқан қайраткерлердің бірі.

Сталиндік репрессияның құрбаны болған Қамбар Медетовтің 100 жылдық мерейтойына орай біз, сол кездегі облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері, көп ізденіс жүргіздік. Әсіресе соғыс және еңбек ардагері, байырғы журналист, сол кезде 90 жастан асқан Смағұл Мұқашевтың естеліктерінен көп мәлімет алдық. Ол Ақтөбе педтехникумында оқып жүрген кезінде Ахмет, Құдайберген Жұбановтармен бірге «Мақпал» пьесасында ойнағанын тебірене еске алды. Ғалым Ахметов пен Ахмет Жұбановтың кітаптарынан да біраз мәліметтер таптық. Осы мәліметтер негізінде жазылған мақала облыстық «Ақтөбе» газетіне жарияланды және сол мақала арқылы туған топырағы Қамбар Медетовтің есімімен қайта қауышқан еді…

Жоғарыда айтылған кездесуге Айсұлу Айсұлтановамен бірге, Халық ағарту ісінің үздігі, Арынғазы ханның ұрпағы, Қ.Медетовтің зайыбы Ихран Арынғазиеваның туысы — Роза Ахметшеқызы да шақырылды. Музейдің шағын залына көрме жасақталды. Ал ең төрге Қ.Медетовтің үлкейтілген портретін қойғанбыз. Айсұлу әже портретті көргенде сәлем етіп қана қоймай, қатты толқып, көзінен сағыныш жастары да мөлт ете қалған еді. Өзінің естелігінде ол қайнағасын ең соңғы рет 1936 жылы көргенін айтты. Осы жылы Мәскеуде қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігі өткені белгілі. Қамбар Медетов те онкүндікте өнер көрсетіп, Мәскеу жұртшылығының ілтипатына бөленген еді. Мәскеуге бара жатқан жолында ол туыстарына Ақтөбе арқылы өтетінін айтып, хабар берген. Туыстары онымен перронда кездесіп, үйдің дәмін әкеліп, мәре-сәре болысыпты. Бірақ содан қайтып көрісу жазбаған.

2012 жылы Ақтөбе облыстық сотының өтінішімен музей ісінің шебері В.Щукинмен бірге экспозиция ұйымдастырдық. Экспозицияға 1925-1929 жылдары әуелі Ақтөбе қалалық прокуратурасында еңбек етіп, кейін губерниялық сот мүшесі болып тағайындалған Қ. Медетовтің суреттері, сонымен қатар қарындасы Әсима Медетованың сот саласындағы қызметіне байланысты материалдар қойылды. Байқағаным, Санкт-Петербург университетінің түлегі, әйгілі Бақытжан Қаратаевтан бастап, біздің өңірде қазақтан шыққан алғашқы білімді заңгерлердің дені, Әбілқайыр ханның тікелей ұрпақтары екен. Солардың бірқатарының суреті мен дерегі осы экспозициядан орын алды.

Иә, Қ.Медетов Орынборда заңгерлік білім алған. Алғашқы ұлт аспаптар оркестрін ұйымдастыру барысында оның  өнері ғана емес, осы білімі де кәдеге асса керек. Ел ішінен Науша Бөкейханов, Лұқпан Мұхитов, Мәлік Жаппасбаев, Жәлекеш Айпақов сынды дарынды күйшілерді оркестр құрамына тартқан Қ.Медетов болатын. Ал 1935 жылы Алматыда қазақ филармониясы ашылғанда, Қамбар Медетов оның әкімшісі, кейіннен директордың орынбасары, яғни іргетасын қалаушылардың бірі болды.

Қ.Медетов 1937 жылы ұсталып, Қиыр Шығысқа 10 жылға айдалған. Сол жақта ауыр жұмыстан науқасқа шалдығып, 1942 жылы қайтыс болады. Хабаров өлкесіндегі Тырма поселкесіне жерленген.

Оның артында жары Ихран (толық аты — Гүлихран), 6 және 3 жастағы қыздары Рая мен  Бибізада қалды. Отбасында абзал ана Мәлике де бар еді. Әрине, «халық жауының» отбасы ретінде олар көп қиыншылық көрді. Дегенмен ең қиыны — Қамбардан келетін хаттардың тоқтауы еді. Құзырлы органдарға хат жазып, іздеу сала жүріп, оның 1942 жылы лагерьде қайтыс болғанын білу мұңлық жандарға өте қиын тиді. Сонда да біріне-бірі сүйеу болып, өмір көшіне ілесті. Рая Қамбарқызы педагог болса, Бибізада Қамбарқызы ұзақ жылдар бойы медицина саласында абыройлы қызмет атқарды. Екеуі де отбасылы боп, ұл-қыз өсіріп, ардақты әже атанды. Бибізада апай — қазақтың көрнекті ғалымы, академик Рахманқұл Бердібайдың жары. Асылдың сынығы, жақсының жары болған аяулы апамыз да биыл, 86 жасында дүниеден өтті…

Бибізада апайдың әкесінің туған жері Мәртөк топырағына Алматыдан арнайы келіп тағзым еткені, ата-бабаларының рухына Құран оқытқаны есімізде. Сол сапарында ол облыстық музейде де болып, ғасырлар куәсі, көне жәдігер — күміс белдікті тапсырған еді. Өткізбелеріне табиғи асыл тасты молынан қолданып, әсем безендірілген, кезінде хас шебердің қолынан шыққаны, дәулетті адамның тапсырысымен арнайы дайындалғаны көрініп-ақ тұрған бұл бұйымды біз музей қорында сақталған ХVIII-XIX ғасырларға  жататын басқа белбеулерден айрықша көрген едік. Бұл қымбат бұйым — 1833 жылы Ресейдің Калуга қаласында дүниеден өткен Арынғазы ханның інісі Мәмбет сұлтанның белбеуі екен. Яғни бұл — бізге Арынғазы хан әулетінен жеткен жәдігер. Мәмбет сұлтанның шөбере ұрпағы (шешесі жағынан) болып келетін Бибізада Қамбарқызы бұл белбеуді Алматыда да сұраушылар көп болғанымен, әкеміздің кіндік қаны тамған елге әкеліп, осы жердің музейіне табыстауды жөн көрдік деген еді. Осыны бүгінгі ізбасарларымыз — жас буын музей қызметкерлерінің есіне тағы бір салғым келеді. Кемінде 3-4 ғасыр тарихы бар қастерлі жәдігер назардан тыс қалмай, көпшілікке таныстырылып, әрідегі тарихи тұлғалардың, берідегі Қамбар, Ихран, Бибізада сынды ғазиз жандардың есімінің ұрпақ жадынан өшпеуіне бір сеп болса дейміз.

Қ.Медетовтің шығармашылығы, қазақ өнеріне сіңірген еңбегі туралы өзінің көзі тірісінде де, беріде де айтылды. А.Затаевич, А.Жұбанов, Е.Брусиловский секілді өнер қайраткерлері өз еңбектерінде Қамбарды асқан шебер домбырашы ретінде атады.

Дегенмен бір өкінішті де түсініксіз жайт — оның Құрманғазы атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестріне сіңірген еңбегінің көп айтылмайтыны. Қамбар Медетов СОКП-ның ХХ съезінен кейін ақталса да, өзі іргетасын қаласқан ұжым оның іздеушісі бола алған жоқ. Ол ел ішін аралап, оркестрге дарынды күйшілер тартумен қатар, ұжымдық орындаушылыққа арналған аспаптар жасауға лайық ағаш іздеп Самарқанға дейін барды, М.Бөкейханов, Л.Мұхитов сынды белгілі күйшілермен бірге дайындалған домбыралардың сарапшысы болды, осы сияқты көптеген ұйымдастыру мәселелерімен тікелей айналысты.

Туған жері Ақтөбе өңірінде Қ.Медетов есімін есте қалдыру үшін бірқатар шаралар жасалды. Оның есімі Мәртөктегі өнер мектебіне, көшелерге берілді. Мәртөк аудандық музейінің экзпозициясы Қ.Медетовтің өмірі мен шығармашылығына арналған  материалдармен толықтырылды.

Биыл да облысымыздағы өнер ұжымдары, мәдениет мекемелері Қ.Медетовтің 120 жылдық мерейтойын кеңінен атап өтуге атсалысады деп үміттенеміз.

 Шайзада МҰҚАШЕВА,

музей ардагері.

Басқа жаңалықтар

Back to top button