Басты жаңалықтар

Батырлар еліндегі берекелі істер

Әкім сапары

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс бабымен Қобда ауданына барып, ауылдар мен шаруа қожалықтарын, құрылыс жүріп жатқан әлеуметтік нысандарды аралады.

Қобда  — «Самара-Шымкент» республикалық жолының бойында орналасқан, ауданның бірнеше ауылдары күре жолды жағалай қоныстанған өңір. Сондықтан тіршілігі тасжолмен тығыз байланысты ауданның даму қарқыны соңғы жылдары күрт көтеріліп келеді.

Бұған дейін ауылдарды абаттандыруға, бірқатар құрылыс нысандарын салуға тапсырма берген облыс басшысы жұмыс барысының қалай жүзеге асып жатқанын көрді. Алдымен Бұлақ ауылдық округінің орталығы Әлия ауылына  барған ол ондағы салынып жатқан  жол, тротуар, жарықтандыру жұмыстарымен танысты. Аудан әкімі Болат Құлов облыс әкіміне  бұл жұмыстардың шілде айында аяқталатынын жеткізді. Ауыл тұрғындарымен жүздескен Оңдасын Сейілұлы көпшілікті алаңдататын  қандай мәселе барын сұрады.

Ауылымыз жылдан-жылға, күннен-күнге көркейіп келеді. Аудан, ауыл әкімдерінің жұмыстарына көңіліміз толады. Бізде бәрі бар. Бірер күннен кейін тұрғындар мал азығын дайындау науқанына шығады. Соған техникаларын әзірлеп жатыр. Шөптің артылғанын аудан орталығы мен көрші ауылдарға сатамыз. Жастар тек ерінбей жұмыс істеуі керек, — дейді ауылдың байырғы тұрғыны Нұрқасым Дауылбай.

Аудан әкімі батыр қыздың туған жері Бұлақ ауылында демеушілердің көмегімен шағын музейдің салынып жатқанын айтты.

Одан кейін Талдысай ауылдық округіндегі Мәдениет үйіне барған облыс әкімі жаңарған көрермен залын, 9 мыңнан аса кітап қоры бар,  «Рабис» бағдарламасымен жұмыс істейтін кітапханасын және коворкинг орталығын көріп, риза болды. Өйткені ол жер ауыл жастарының  жиі жиналатын орнына айналған. Би, вокал, домбыра, «Асыл әжелер» ансамблі және «Artstar» жастар үйірмелері жұмыс істейді. Ең бастысы, интернет бар. Онлайн режимде оқитын студенттердің сол жерге келіп, сабаққа еркін дайындалуына мүмкіндік жасалған.

Талдысай ауылындағы Абат Байтақ көшесі жөнделіп жатыр. Ұзындығы екі шақырымға жуық жол құрылысына 126 миллион теңге бөлінген. Тұрғындар тегіс жолды тамыз айынан бастап пайдаланбақ.

Аудан орталығының іргесіндегі Қобда өзенінің бойына 10 гектар жерге бау-бақша салып, алма ағашын еккен «АгроСити» шаруа қожалығы болашақта сол жерге жылыжай салмақ. Кәсіп иесі Тимур Құлметеновтің айтуынша, әзірге 6 адам жұмыспен қамтылса, маусымдық жұмысқа тағы бірнеше адам тартылады. Оның бақшасында көкөніс түрлері мен қауын-қарбыз өсетін болады.

Қайда барсаң да, жер сұраушылар көп. Бірақ жерді алған соң пайдаланбайды. Қала болсын, ауыл болсын, жерді уақытында мал өсіріп, егін, бау-бақша салатын осындай азаматтарға беруіміз керек, — деген облыс әкімі аудан әкіміне кәсіпкердің жұмысына қолдау көрсетіп отыруды тапсырып, бақша иесіне: «Бақшаң жақсы жерде орналасқан. Сатуға да, тасуға да ыңғайлы. Талабың оң болсын!» — деп,  сәттілік тіледі.

Қобданың жайлауын қалмақ сиырына толтырған «Қазақ асылдары» ЖШС Зеңгі бабаның тұқымын 3 мыңға жеткізбек. Қазірдің өзінде 2600 сиыр өріске түскен. Етті бағытта мыңнан аса көшім мен Мұғалжар жылқысын өсіріп отырған шаруашылық еліміздің батыс өңірі бойынша ең үлкені саналып отыр. Серіктестіктің басшысы Есімжан Кіржанов сиырларды Башқұртстаннан әкелген.

Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алып, шаруашылығын соңғы үлгідегі техникаларға толтырыпты. Мал азығын егуді жоспарлаған серіктестікте әзірге 20 адам жұмыс істейді. Ал маусымдық жұмыстарда жұмысшылар саны екі есе көбеймек.

Мал шаруашылығын дамытуда осындай  жетістіктерге жетіп отырмыз. Бұндай әрекеттер облыста мал санын көбейтіп қана қоймай, оны  асылдандыруға мүмкіндік береді. Облыс ішінен мал сатып  алып, бір ауданнан екінші ауданға тасуды тоқтату керек. Одан облыстың малы өспейді. Ол ақшаңды  бір қалтаңнан алып, екінші қалтаңа салғанмен бірдей. Мүмкіндігінше өрісімізді сырттан мал әкеліп толтырып, ауылшаруашылық саласының  жаңа тетіктерін игеруіміз керек, — деді облыс басшысы.

Кемпингке интернет керек

Облыс әкімі Орал-Қобда тасжолының бойындағы «Кемал» кемпингіне соқты. Қобдадан 85 шақырым жерде орналасқан кемпингте қызметтің бірнеше түрі бар. Кемпингтің басшысы Гүлжан Бекниязова алдағы уақытта дөңгелек жөндеу, газ құю бекеттері салынатынын айтты.

Екі қабатты, сәулетті ғимараттың іші қала мейрамханаларынан кем емес. Таза әрі кең. Жолаушыларды тәулік бойы қабылдайды. Ас мәзірі мол. Үстіңгі қабатта 24 орындық қонақүйі бар.

Ұзын жолдың бойында болғандықтан жолаушылар көп келеді. Тамақтанып, демалады. Әсіресе қыста қар құрсауында қалған көліктерді құтқаруға көмектесеміз. Республикалық жол болғаннан кейін Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, тағы басқа елдерден келіп жатады. Көлігі бұзылып, аударылып қалатын жағдайлар да кездеседі. Кейбір жолаушылардың ақшасы болмай қалады немесе  қалтасындағы тиын-тебені аз. Ондайда қызметімізді тегін ұсынамыз. Көп адамнан алғыс алдық, — дейді кемпингтің қожайыны.

Алыс жолдан келетін жүргізушілердің сұранысына орай жаңадан монша салынған. Кемпинг 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Негізгі проблема — ол жерде интернеттің жоқтығы. Кемпинг қызметкерлерінің айтуынша, жолаушылардың дені тамаққа тапсырыс берейін деп жатқанда телефондарына қарайды. Интернет жоқтығын білгеннен кейін кетіп қалады екен. Қазіргі кезде төлемдердің бәрі телефон арқылы жасалатындықтан, кемпингтің табысы да интернетке байланысты.

Облыс әкімі аудан әкіміне тек кемпинг қана емес, айналадағы шаруа қожалықтарын да қамтитын интернет қондыру жұмысын тез арада аяқтауды тапсырды. Аудан әкімі Болат Құлов күзге дейін бұл мәселе шешілетінін айтты.

Сібір шыршасы ауданның көркін ашады

Аудан орталығындағы сырты күрделі жөндеуден өтіп жатқан Мәдениет үйі мен жаңадан салынып жатқан мұражайдың құрылысымен танысқан облыс әкімі «Қобда орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде болды.

Орман қорының  жалпы алаңы 14364 гектар болса, оның 4032 гектары орманға айналған. Алдағы 3 жылда 1000 гектар жерге жасыл аймақ құру мақсатында орман алқабын кеңейту жоспарланып отыр. Биыл 200 түп қарағай егілген. Президенттің тапсырмасына сәйкес жасыл белдеу бойынша ауданның кіреберіс жерлерінен 100 гектар жер бөлініп, 20 гектар жерге ағаш егілді. Бұл жұмыс жыл сайын 20 гектарға көбейе бермек.

Мекемеде штаттық кестеге сай 44 адам жұмыс істейді. Маусымдық жұмыстарға тағы 7 адам аламыз. Өзіміздің жоспарымызға сай, биыл 4 гектар жерге жеміс ағаштарын ектік. Оларды тамшылатып суарамыз, — дейді мекеме директоры Оразай Омаров.

Қобда орман шаруашылығы 2018 жылы Шығыс Қазақстан облысынан Сібір шыршасын әкелген екен. Биіктігі 5 сантиметрлік шыршаларды егіп,  3 жыл бойы күтіп, баптаған. Қазір шыршалардың биіктігі метрге дейін жетіп, сатылымға шықты. Қысы-жазы жасыл түсінен айырылмайтын сібір шыршасы бұдан былай ауданның көркін ашпақ.

Көп ауылдарыңыз ұзын жолдың жиегінде орналасқан. Сол жолдан бастап ауыл шетіне дейінгі жолдың екі бетіне ағаш егіңіздер. Бұл ауылға көрік беріп,  келген қонақтарға да, жолаушыларға да мәдениеттілігімізді, тазалығымызды көрсетеді. Ауылға кіріп келе жатқан кезде жасыл желектер бой көтеріп тұруы керек, — деп тапсырма берген облыс әкімі бұл жұмысты аудан әкіміне тікелей бақылауға алуын ескертіп, сапарын қорытындылады.

Сапар барысында облыс әкімі Оңдасын Оразалин Исатай Тайманұлының кесенесіне арнайы барып, аруағына Құран бағыштады.

 Самат НАРЕГЕЕВ,

Ақтөбе-Қобда-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Back to top button