Жаңалықтар

Абаттандыру жұмыстарымен танысты

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласын абаттандыру бойынша бірнеше жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты.

Облыс басшысы әз Наурыз көшесі бойындағы көпірдің, Саябақ және Пожарский көшелеріндегі жол жөндеу жұмыстарының барысын қарап шықты. Сондай-ақ   Молдағұлова даңғылы бойындағы суағар жүйесін, Бөкенбай батыр көшесін көгалдандыру жұмыстарымен танысты.

Оңдасын Оразалин Тұрғындар қалашығы ауданындағы үйлердің қасбетін жаңарту жұмыстарын биыл тамыз айына дейін аяқтауды тапсырды.

Белгілі болғандай, жуырда Ақтөбеде қаланың тарихи ауданын қайта жаңарту жұмысы басталды. 113 үй жаңартылып жатыр. Олардың шатырын, қасбетін жөндеу, аулаларды, спорт алаңдарын, жаяу жүргіншілер аумағын абаттандыру, кіші сәулеттік пішімдерді қалпына келтіру қарастырылған. Сонымен қатар Тұрғындар қалашығының тарихи келбетін сақтау міндеті тұр.

Облыс әкімі ағайынды Жұбановтар көшесіндегі көп қабатты үйлердің аулаларының абаттандыру жұмыстарымен де танысты.

Айта кетейік, осы жылы Ақтөбеде 67 балалар алаңы орнатылып, 200 ауланы асфальттау жоспарланып отыр.

Облыс басшысы жауапты тұлғаларға, қала басшылығына қаланы дамыту жобасын ерекше назарда ұстауды тапсырды.

— Біздің міндетіміз — тұрғындарға барынша жағдай жасау. Бұл бағытта көптеген ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Олардың әрқайсысы сапалы әрі уақытында орындалуы керек, —  деді Оңдасын Оразалин.

Облыс әкімі Ақтөбенің 152 жылдығына орай мерекелік іс-шаралар өткізілген қаланың ашық алаңдарын да аралады.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button