«Ақтөбе — құтты мекен»Мереке

Жәрмеңке өтті

Қала күніне орай «Табыс» коммуналдық базарында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті.  Жәрмеңкеге қала және Ырғыз, Алға аудандарының кәсіпкерлері өз өнімдерін әкелді. Ақтөбе  қаласының әкімі Асхат Шахаров жәрмеңкені аралап, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілермен сөйлесті.

Базар нарқынан  10-15 пайыз төмен бағамен сатылған өнімді жұртшылық талап алып кетті. Қала әкімі сөрелерді аралап, сатушылармен тілдесті. Мәселен, Ырғыз ауданынан келген «Наурыз-Cим» серіктестігінің  өкілі Марлен Сәрсенбаев екі тонна балық әкеліпті.

Нұра ауылының маңындағы Малайдар көлінен ауланған шортан, сазан балықтарын әкелдік. Келісін 750 теңгеден сатып жатырмыз. Ал базарда келісі 850-900 теңге. Тек «Табыс» емес, Тұрғындар қалашығы, «Нұр Ақтөбе» аудандарында да жәрмеңке ұйымдастырылып жатыр екен. Соған да апарамыз ба деген ойымыз бар. Екі тонна балықты екі күнде сатып бітіруіміз керек, — дейді серіктестік өкілі.

Алға ауданынан келген «Реймқұл», «Ақжол», «Разия», «Еркін күш», «Таңшолпан» шаруа қожалықтары сиыр етін 1700 теңгеден сатты.  Бұндай жәрмеңке қаланың Тұрғындар қалашығы, «Нұр Ақтөбе» аудандарында және «Рамазан» серіктестігінің  дүкендерінде ұйымдастырылды.

Қала күн сайын кеңейіп келеді. Осыған байланысты атқарушы билік  депутаттармен ақылдаса отырып,  жан-жақты жоспар бойынша жұмыс істейді. Ең алдымен, тұрғындардың талап-тілегі ескеріледі. Қала үлкейіп, халық саны көбейген сайын проблема да көбейеді. Инфрақұрылымды дамыту, қаланы күтіп ұстау мәселесі бірінші кезекте қаралады. Өндіріс, ауыл шаруашылығы салаларына ерекше мән беріледі.

Бүгін қала күніне орай жәрмеңке ұйымдастырылып жатыр. Шаруашылық иелері сапалы әрі арзан өнімдерін көпке ұсынуда. Әрине, сүйікті қаламыздың мерекесін кең көлемде өткізуге болар еді, бірақ қазіргі жағдайға байланысты халықты бір жерге шоғырландыруға болмайды. Басты байлық — денсаулық. Барлық шара  санитарлық талаптарға сай өткізіледі, — деген қала әкімі жиналғандарды қала күнімен құттықтады.

Таңертеңгі уақыттан жәрмеңкеге ағылған жұртшылық түске дейін арзан өнімдерді алды. Жұмыртқа, сүт, ет, қаймақ, құрт, тары, жарма секілді өнімдерді таласып алып жатты. Мерекеге орай базарда көңілді әуен ойнап тұрды.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button