«Ақтөбе — құтты мекен»Мереке

Спортшылар бақ сынасты

Ақтөбе қаласының 152 жылдығына орай шаһардың бірқатар бөлігінде спорттық жарыстар өтті. Ақтөбе қалалық әкімдігі мен қалалық денешынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен ашық аспан астында өткен шараларға спортшылар белсене қатысты.

Тұңғыш Президент атындағы Орталық саябақ алаңындағы таэквондо жарысына  6-11 жас аралығындағы 180 спортшы қатысты. 15 салмақ дәрежесінде күш сынасқан балалар арасында Ақтөбе қаласынан бөлек, Алға және Мұғалжар аудандарынан келген жас спортшылар бар.

  • Таэквондо біздің өңірде 1991 жылдан бастап дамып келеді. Бүгінде қалада 1500-ден астам бала осы спорт түрімен шұғылданады. Олармен 40-қа жуық жаттықтырушы жұмыс істейді. Шәкірттеріміз соңғы 4-5 жылда республикалық додалардан жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Қазақстанның Ұлттық құрамасында да біздің ақтөбелік спортшыларымыз көп. Осындай жарыстар арқылы үздіктер іріктеледі, — дейді таэквондодан облыстық федерация директоры Рузалия Грачева.

Оның айтуынша, жарыс жеңімпаздары маусым айында өтетін облыстық турнирге жолдама алатын болады.

Сондай-ақ бұл күні қаладағы Шахматшылар аллеясында тоғызқұмалақтан және дойбыдан жарыс өтті. Ақтөбе қалалық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен өткен шараға тоғызқұмалақтан 30 оқушы қатысты. Жарыстың бас төрешісі Нұрбек Қабиевтің айтуынша, бүгінде аталған спорттан біздің өңіріміз республика бойынша үздік үштіктің қатарында.

  • Қазір қалада 200-ге жуық оқушы тоғызқұмалаққа қатысады. Жастардың қызығушылығы жоғары. Спорт мектебіне балаларды 7 жастан бастап қабылдаймыз. Бүгінде барлық аудандарда филиалдарымыз жұмыс істейді, — дейді ол.

№32 орта мектептің оқушысы Айша Жадырасынова екі жылдан бері тоғызқұмалаққа қатысады. Аз уақыттың ішінде жеткен жетістіктері де аз емес.

  • Тоғызқұмалақ — математикалық, логикалық жағынан адамның ойлау қабілетін дамытататын ойын. Сондай-ақ тапқырлыққа үйретеді.

Бүгінгі қаламыздың туған күнінде бізге осындай мерекелік көңіл күй сыйлаған ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз, — дейді кішкентай қатысушымыз.

Сондай-ақ бұл жерде дойбы жарысына қатысушылар легі көп болды. Шара соңында жүлдегерлерге дипломдар мен медальдар табыс етілді.

Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион алаңында үстел теннисінен де жарыс өтті. Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен шараға түрлі салада қызмет етіп жүрген жастар бас қосты. Бүгінде Ақтөбе қаласында үстел теннисінен шәкірттер даярлайтын онға жуық орталық бар.

  • Жарысқа №24 лингвистикалық мектеп-гимназиясынан келіп тұрмын. Жалпы, қоғамдық жұмыстарға, спорттық жарыстарға белсене араласамын. Бүгінгі шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып жатыр.

Осы орайда ақтөбеліктерді туған қаламыздың 152 жылдығымен құттықтаймын. Шаһарымыз жылдан-жылға гүлденіп, өркендей берсін, — дейді Камила Қожамұратова.

Орталық стадион алаңында спортшылар стритбол жарысынан да сынға түсті. Бүгінде бұл спорт түрі жастар арасында жақсы дамып келеді.

Сондай-ақ бұл күні «Юнис сити» ауданында шағын футболдан жарыс, «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында «Көңілді старт» сайысы өтті. Шағын футболға 7-8 және 10-12 жас аралығындағы 40 спортшы қатысты. Жарыстың бас төрешісі Еркебұлан Жақсылықовтың айтуынша, жүлдегерлерді марапаттау рәсімі 1 маусым күні өтеді.

Жарыста, карантин талаптарына сәйкес, командалар кезекпен шақырылып, үзіліс жарияланып отырды.

Қала күні ұйымдастырылған спорттық шаралардың қорытындысында Ақтөбе қаласы әкімдігі атынан дипломдар мен медальдар, сыйлықтар табыс етілді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button