Жаңалықтар

Облыс «жасыл аймақта»

Облыста соңғы тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 53 жаңа жағдай тіркелді. Бұл туралы «Вакцинация мен КВИ бойынша ағымдағы жағдай туралы» тікелей эфир барысында айтылды. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров өңірдегі бүгінгі жағдай туралы мағлұмат берді.   

27 мамырда бір тәулік ішінде КВИ-мен ауырған 53 жағдай тіркелді. Оның ішінде 32 адамда ауру белгілері байқалған, 21-і — симптомсыз. Жалпы, пандемия басталғалы облыста 11 110 адам қауіпті вирус жұқтырған. Оның 64%-ы — симптомды және 35%-ы — симптомсыз.  Жалпы тіркелген 11110 науқастың 1,8%-ы — сырттан келгендер, 17,2%-ы — ауру адаммен қарым-қатынаста болғандар, 81,8%-ы — жергілікті жағдайлар, оның ішінде 23%-ы профилактикалық мақсатта тексерілгендер. Сонымен қатар 3412 адам үй карантинінде, — деді Нұрсұлу Беркімбаева.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, соңғы тәулікте облыста коронавируспен 53 адам, өкпе қабынуымен 15 адам тіркелген. Жалпы, пандемия басталғалы облыста ковид жұқтырған 11110 адамның 10169-ы ауруынан толық айығып шыққан. Қазіргі уақытта инфекциялық стационарларда 390 адам ем алып жатыр. Оның 264-і — қалада, 126-сы аудандарда.

Стационардағылардың саны азайып келе жатыр. Жансақтау бөлімінде 32 науқас ем алып жатыр, оның 25-і — қалада, 7-еуі — аудандарда. Жансақтау бөліміндегі науқастардың 7-еуі — жасанды желдету аппаратына, 10-ы өкпені инвазивтік желдету аппаратына қосылған. Карантиндік стационарларда 7 адам бақылауда, оның ішінде 6 адам — Мәртөк ауданында, 1 адам — Қарғалы ауданында. Жалпы, стационардағы кереуеттердің 29,1 пайызы, жансақтау бөліміндегі кереуеттердің 18,6 пайызы толық. Өңірдегі 11 зертханаға індет басталғалы 588888 ПТР-тест әкелінді, соңғы тәулікте 2436 зерттеу жүргізілді, — деді ол.

Шара барысында вакцина мәселесі де айтылды. Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, биыл ақпан айынан бастап облысқа 156 950 вакцина әкелінген. Оның ішінде бірінші компонентпен 79 562 адам, екінші компонентпен 37877 адам егілген.

Облыс бойынша 47 мобилді мониторингтік топ тұрақты түрде эпидемияға қарсы іс-шаралары бойынша рейдтік тексерулер жүргізіп келеді. Мобильді мониторингтік топтардан және жергілікті полиция қызметінен түскен материалдарға сәйкес анықталған тәртіпбұзушылықтар үшін жалпы сомасы 51 миллион теңге болатын 412 айыппұл салынды. Сонымен бірге Координациялық орталықтардан түскен шұғыл хабарлама негізінде жүргізілген 48 тексеріс нәтижесінде 7 263 330 теңге көлемінде 49 айыппұл салынып, ұйғарымдар берілді. Ақтөбе облысы 27 мамыр күні «сары аймақтан» «жасыл аймаққа» өтті. Дегенмен қауіп әлі толық сейілген жоқ. Сондықтан әзірге жеңілдіктер қарастырылған жоқ, босаңсуға мүлде болмайды, барлық эпидемиологиялық талаптар сақталуы  тиіс. Бір ескерте кететін жайт — түрлі мерекелік шаралар, соның ішінде отбасылық басқосулар өткізуге де тыйым салынған, — деді Нұрсұлу Беркімбаева.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button