БілімБасты жаңалықтар

Соңғы қоңырау сыңғыры

25 мамырда санитарлық-эпидемиологиялық жағдайларды ескере отырып, еліміздің барлық мектептерінде 9 және 11-сыныпты бітірушілерге арналған соңғы қоңырау ашық алаңқайда ұйымдастырылды. Дәл осындай қоштасу шаралары облыстағы 416 мектептің ауласында да өтті.

Жаңақоныс ауылындағы Новый мектеп-лицейінде болған мерекелік шарада

алаңға түлектердің үш сыныбы салтанатты түрде шақырылды. Шашына ақ бантик таққан қыздар мен ақ көйлек киген ұлдар иықтарына «Түлек-2021» деген жазуы бар көк лента тағыпты.

Әуелі облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан түлектерді құттықтап, ақ жол тіледі. Сондай-ақ басқарма басшысы облыстық пәндік олимпиада жүлдегерлерін даярлаған пән мұғалімдеріне ізденісі мен шығармашылық жетістіктері үшін Алғыс хат тапсырды.

Жаңақоныс мектеп-лицейі 2015 жылы жаңа, кең ғимаратқа көшкен болатын. Мұнда қазақ және орыс сыныптары бар. Спорт секциялары мен түрлі үйірмелер қарастырылған.  Новый мектеп-лицейінің директоры Ақгүл Қисықованың айтуынша, ауыз толтырып айтатын жетістіктері де біраз.

— 2017 жылдан бері Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті мен Үздіксіз білім беру институтының бірлескен меморандумы аясында біздің мектебімізде қазақ әдебиеті, жаратылыстану кафедраларының филиалдары жұмыс істейді. Жаратылыстану-математика цикл пәндерін, психология-педагогика, сондай-ақ география, туризм, тарих-дінтану бағыттарын тереңдетіп оқытамыз, — дейді Ақгүл Қисықова.

Сондай-ақ биыл Новый мектеп-лицейі «Көркем еңбек, музыка және өнер» бағыты бойынша жұмыс істейтін республикалық пилотты 30 мектеп ассоциациясының құрамына енді. Республикалық олимпиаданың қалалық кезеңінде Новый мектеп-лицейі командалық есеп пен қала бойынша жүлделі үшінші орынға ие болып, ал облыстық кезеңде 5 оқушы жүлделі орындардан көрініп, «Ең үздік жалпы білім беретін орта мектеп» номинациясын жеңіп алды.

— Бүгін балаларымыз үлкен өмірге қадам басып отыр. 11-сыныпты 68 түлек бітіріп жатыр. Түлектерге алдағы ұлттық бірыңғай тестілеу сынағында өз күштеріне сеніп, ешуақытта мойымай, тек алға қадам басуларына тілек білдіремін. Әрқайсысыңызға сәттілік серік болып, жолдарыңыз ашық болсын! — деді мектеп-лицей директоры.

Балаларының қуанышын қызықтап, қолдауға келген ата-аналар салтанатты шараны арнайы қоршалған лентаның ар жағында тұрып тамашалады.

— Қуанышты әрі көңілсіз. Балалар өсіп, уақыт өтіп жатыр. Кәсіби педагогтер құрамына, мектеп әкімшілігіне  алғыс айтамын. Немеремнің мақсаты — Алматы қаласындағы жоғары оқу орнына түсу, қалғанын білім бәйгесіндегі нәтижесі көрсете жатар, — дейді түлектердің біреуінің әжесі.

Төменгі сынып оқушылары түлектерге арнап музыкалық бағдарлама әзірлепті. Мектеп бітіруші қыздар мен жігіттер дәстүрлі мектеп вальсін алаңды айнала биледі. Мерекенің ең әсерлі сәті — мектептегі соңғы қоңыраудың соғылғаны. Осы сәттің құрметіне көкке түрлі түсті шарлар ұшырылды.

Нұргүл АРЫНОВА.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button