Білім

129 жастың тілегі

Ақтөбе қаласындағы №51 гимназияда түлектердің мектеппен қоштасуына арналған «Балалық шақтың сыңғырла, соңғы қоңырауы» атты шара өтті.

Мектеп алаңы алдын ала тақырыпқа сай безендіріліпті. Санитарлық талаптарды сақтаған медициналық маска киген көпшілік биылғы мектеп бітірушілер мен әр сыныптың жетекшілерін қол соғып, қарсы алды.

Әуелі №51 гимназияның директоры Гүлназия Дәрібаева оқушылар мен ұстаздарды мерекелерімен құттықтап, мектеп бітіруші түлектерге ақ тілегін жеткізді.

Биыл мектепті жалпы саны 129 оқушы болатын бес класс бітіргелі отыр. Карантиндегі шектеу шаралары кезінде оқу процесіне бұрын-соңды болмаған өзгерістер енді ғой. Бірақ өзгерістерге біз әрқашан да дайынбыз. Себебі мемлекет тірегі — ұстаздар, мектеп болғандықтан, біз барлығына да дайын болдық. Бізге үлкен жауапкершілік жүктелді. Осыны сезіне отырып, жан-жақты дайындалып, қашықтан оқытуды дер кезінде қолға алдық. Оқушылардың көп бөлігін онлайн, аз бөлігін офлайн оқыту аймақта бірінші рет болған жағдай. Осындай қиындықтар болса да, оқушыларымыз биылғы оқу жылын толағай табыстармен аяқтап отыр. 129 түлектің 14-і — «Алтын белгіге», 14-і — үздік аттестатқа үміткер. Қала бойынша ең алдыңғы мектептердің бірі деп те айтуға болады, — деді Гүлназия Жанұзаққызы.

Гимназия директорының айтуынша, ұлттық бірыңғай тестілеу форматы да өзгерді. Биыл оқушыларға үлкен мүмкіндік беріліп отыр. Анығы, тестті екі рет тапсырып, жоғары балын есептетуіне болады екен.

— Өткенде тапсырған ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінде түлегіміз, «Алтын белгіге» үміткерлердің бірі Сара Досхал 133 балл жинап, қала, облыс бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Алайда ол тест қорытындысына қанағаттанбай, математика пәнінің екі сұрағына қарсылығын білдіріп, апелляциялық комиссияға шағымданды. Тағы бір «Алтын белгі» үміткері Ажар Мұқтарова 113 балды қанжығасына байлады. Әсемгүл Әбужакил «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған республикалық пәндік олимпиадада қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен үшінші орынға ие болды. Әсем Хайруллина Беларусь елінде өткен халықаралық ғылыми жобалар байқауында жүлдегер атанды. Түлектерге сәттілік тілеймін, жоғары нәтижелер басқа оқушыларға да жұғысты болсын! — деген гимназия басшысы Әсемгүл мен Әсемнің ата-аналарына Білім министр Асхат Аймағамбетовтің қолы қойылған Алғыс хаттарды табыстады.

Түлектердің бір тобы алтын ұя — мектебі, ұстаз, балалық шақ туралы өлеңдер оқыса, тағы бір тобы «Соңғы қоңырау» әнін шырқады. Сондай-ақ ұядан ұшқалы тұрған гимназистер мектеп қабырғасындағы соңғы вальстерін биледі. Ата-аналар атынан сөз сөйлегендердің бәрі де түлектердің алдағы ҰБТ сынағынан сүрінбей өтіп, қанаттары талмай, дегендеріне жете берулеріне тілеулес екендігін жеткізіп, ұстаздарға шығармашылық жетістіктер, толағай табыстар тіледі.

Бір топ түлек балалық шақтың соңғы қоңырауын соғып, сыңғырлатып, «51» деген жазуы бар көп шарды көкке ұшырды. Оның соңынан сапта тұрған түлектердің қолдарындағы әуе шарлары да көкке көтеріліп бара жатты. Білім ұясынан 18-ші түлектердің ұшуы еді бұл күн. Шара түлектердің орындауындағы «Қимай тұрмын» әнімен түйінделді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button