Мәдениет

Айсәуленің жүлдесі

Сәуірдің басында Башқұрстанның Сибай қаласында ІІ халықаралық жас музыканттар байқауы өтті.

Оған Қазақстаннан, оның ішінде, біздің облыстан Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты музыкалық білім кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Нұржамал Мукеева мен музыка мамандығының ІІІ курс студенті Айсәуле Қайырғазина қатысып қайтты.

Қатысушы 80 өнерпаз фортепиано, домбыра, қурай, баян аспаптары бойынша сынға түсті. Оның ішінде, домбыра арқалап барып, башқұрт елінде «Адай» күйін мәнерлеп тартып, Ғарифолла Құрманғалиевтің әні «Қаламқасты» және халық әні «Желкілдекті» нақышына келтіре орындап, көрерменнің ерекше ықыласына ие болған Айсәуле Қайырғазина ІІ дәрежелі дипломға ие болды. Сондай-ақ, біздің Айсәуле 2010 жылы Башқұртстанда өтетін Х халықаралық «Ирандық мондары» башқұрт әндерін орындаушылар байқауына шақырту алды.

Осы сапарда Нұржамал Ерсайынқызы сол Сибай қаласында өткен «Мектеп-ЖОО-ғылым: шығармашылық жолында» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып, білім берудегі несиелік технология туралы баяндама оқығанын айтты.

– Башқұрт еліндегі жоғары оқу орындары несиелік технологияға енді көшіп отыр, баяндама сол үшін де маңызды болды. Енді Башқұрт мемлекеттік университеті Сибай институты мен біздің Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты алдағы 5 жылда ғылыми шығармашылық достастықта жұмыс жасайтын болады, – дейді ол. Сондай-ақ, Нұржамал Мукееваға конференцияға белсенді қатысқаны үшін аталған институт ректоры Алғыс хат тапсырыпты.

Олжалы оралғандар институт ректоры Ғалымжан Нұрышевтың Башқұртстанға жер жолмен барып-қайтуға материалдық жағдай жасап, өнерлі жастарды қолдағанын жеткізді.

Енді Айсәуле Қайырғазинаның репертуарына башқұрт әні қосылмақ.

Халықаралық байқауға бірінші қатысуым – осы. Домбырадан дәріс беретін оқытушым – дәстүрлі әндерді орындайтын әнші Гүлмарс Аманбаева. Жақында мен Ғарифолла Құрманғалиевке арналған байқауға дайындалған едім. Аяқ астынан шақырту келіп, Башқұрт еліне жол түсті. «Шақырған жерден қалма» демей ме. Енді келер жылда өтетін байқау үшін  башқұрт әнін орындауға дайындаламын, – дейді жүлдегер.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button