Білім

«Оқуға құштар мектеп» жобасы:   кітапханалар жаңарады. Оқырман көбейеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген тапсырмасына сәйкес  Білім және ғылым министрлігі  «Оқуға құштар мектеп» жобасын бекіткен болатын. Аталған жобаның арқасында оқушы­лар мен жастардың көркем әде­биет­ке қы­зығушылығы артады, еліміздегі кітап­ха­налардың материалдық-техникалық базасы нығаяды. Бұл жоба 2020-2025 жылдарға арналған білім беру ұйымдарының кітапханаларын дамыту жөніндегі жол картасы аясында жүзеге аспақ. Жыл сайын мектеп кітапханалары көркем әдебиетпен қамтылып отырады. 

Мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі мектеп кітапханаларының қорында 200 миллионнан астам кітап бар. Оның 38 миллионы — көркем әдебиеттер мен мерзімді басылымдар. Дегенмен олардың 20-30 пайызы жарамсыз екен. Яғни кеңес дәуіріндегі идеологиялық сипаттағы кітаптар.  Сол себепті мектеп кітапханаларын көркем әдебиетпен толықтыру мәселесі өзекті болып отыр.

Біз облыстық білім басқармасының қосымша білім беру және тәрбие жұмыстары бөлімінің басшысы Асхат Ізбасармен аталған жобаны жүзеге асыруда біздің облыста қолға алынған жұмыстар туралы сөйлескен едік... 

Жобаның мақсаты — оқушылардың оқу мәдениеті мен белсенділігін арттыру. Мектеп жанындағы кітапханалардың кітап  қорын толықтыру, материалдық-техникалық базасын нығайту, заман талабына сай құралдармен жабдықтау, — дейді Асхат Ізбасар. Оның айтуынша, мектеп кітапханаларындағы кітаптардың басым бөлігі — оқулықтар. Бұл тек біздің облыстағы ғана жағдай емес. Еліміз бойынша солай. Сол себепті білім беру ұйымдарының кітапханаларын дамыту жөніндегі 5 жылға жоспарланған жол картасы бойынша жыл сайын кітапхана қорын көркем әдебиетпен толықтыру міндеті тұр.

Қазақ классиктерінің ең үздік туындылары,  әлем әдебиеті жауһарлары (қазақ тіліндегі аудармалар),  қазіргі жазушылар мен ақындардың үздік шығармалары кітапхана төрінен орын алады. Сондай-ақ кітапханалар анықтамалықтар, ғылыми-танымдық әдебиеттермен де қамтылады, — дейді Асхат Ізбасар.

Тұжырымдама жасалды

Облыста білім беру ұйымдарына қарасты 388 кітапхана бар. Жалпы кітап қоры — 6 339 244.

Біздің облыста «Оқуға құштар мектеп» жобасын жүзеге асыру  тұжырымдамасы жасалды. Жоба аясында біраз жұмыс істеу жоспарланып отыр. Білім беру ұйымдарының кітапханалары қазақ әдебиеті, әлем әдебиеті және салалық әдебиеттермен қамтылады. 460 кітапханашы біліктілік арттыру курсынан өтеді.

Тағы бір үлкен жұмыс — кітапханалардың материалдық-техникалық базасын жаңарту да осы жоба аясында жүзеге аспақ (автоматтандырылған ақпараттық бірыңғай жүйе енгізіліп, инвентарлармен толықтырылады). Нақтырақ тоқталсақ, 100 кітапхана компьютерлік техникамен қамтылады. 65 мектептің кітапханасында жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен бірге 58 мектептің кітапханасы заман талабына сай жиһаздармен жабдықталып, инвентарлармен толықтырылады. 10 мектеп кітапханасына автоматтандырылған кітапханалық-ақпараттық бірыңғай жүйе енгізіледі. Облыстағы 404 мектепте «Оқуға құштар мектеп» бұрышы жасақталады (қазірдің өзінде 256 мектепте аталған бұрыш ашылды), — дейді басқарма қызметкері.

Жобаның бір бағыты — оқушылардың көркем әде­биетке  қызығушылығын арттыру. Оқушылардың кітап оқуына мониторинг жүргізіледі. Облыс бойынша 1 айда — 7 мың оқушы, 3 айда — 23 мың оқушы, 6 айда — 54 мың оқушы, 9 айда — 78 мың оқушы, 12 айда 123 мың оқушының кітап оқуға құштарлығын арттыру жоспарланып отыр екен.

Барлық білім беру ұйымдарындағы оқу кабинеттерінде, кітапханаларда, мектеп фойесінде оқушылардың көркем әдебиет сөрелері жабдықталады (142 буккросинг алаңы, 500 оқу кабинеті, 404 мектеп фойесі көркем әдебиет сөрелерімен жабдықталатын болады).

— Қазақстан Республикасының академиялық Ұлттық кітапханасы, Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы, Қазақстанның ашық кітапханаларымен  бірге, виртуалды экскурсия жасау, электронды каталогты пайдалану, кітапхана мамандарымен тәжірибе алмасу мақсатында байланыс орнатылды.

Сондай-ақ жоба серіктестері ретінде облыстық мәдениет басқармасына қарасты кітапханалар тартылып, «Кітап-FEST» жобасы аясында көше бағдарламасын, көшпелі жазғы оқу залдарын, «Ашық аспан астындағы кітапхана» PR және мобильді акцияларын ұйымдастыру жоспарланып отыр, — дейді А.Ізбасар.

Алғашқы нәтиже

Жоба аясындағы алғашқы нәтижелер бар. Мектеп және балалар кітапханаларындағы оқырмандар саны қазірдің өзінде 20 пайызға артты.

Облыстық білім басқармасының әлеуметтік желілерінде арнайы #оқуға құштар мектеп хэштегі ашылды.

«Оқуға құштар мектеп» жобасын жүзеге асыру мақсатында аудандық және қалалық білім бөлімдері басшыларының қатысуымен «Оқы да басқаға қалдыр» шарасы ұйымдастырылды.

Сонымен қатар «Мен оқыған кітапты сен де оқы» оқырмандар керуені басталды. Бұл шара желтоқсан айына дейін жалғасатын болады.  Оқырмандар керуенінің мақсаты — мұғалімдердің оқушылармен, ата-аналардың балалармен кітап оқуын ұйымдастыру, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру. Оқырмандар керуені аясында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 100 кітап оқылатын болады. Оқырмандар керуенін жүзеге асыру үшін атаулы күндерге байланысты тақырыптар ұсынылды, — дейді Асхат Ізбасар.

Екіжақты байланыс

Облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығы мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің білім беруді жаңғырту орталығы арасында «Оқуға құштар мектеп» жобасын жүзеге асыру мақсатында екіжақты меморандумға қол қойылған. Қазір соған байланысты жоспар жасалып, шаралар ұйымдастырылып жатыр екен.

Жақында осы екі мекеме «Білімнің алтын көпірі» атты әдістемелік телекөпір ұйымдастырды.  

Жалпы, екі орталық арасындағы келісім аясында бірлескен жаңа форматтағы іс-шаралар мен семинарларды ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар кітап оқуды насихаттау да күн тәртібіндегі мәселе, — дейді Асхат Ізбасар.

Оның айтуынша, республика көлемінде жүзеге асырылып жатқан «Оқуға құштар мектеп» жобасы негізінде басқа да аймақтармен әріптестік қарым-қатынас орнату жоспарланып отыр.

12-14 мамырда «Оқуға құштар мектеп» жобасын жүзеге асырудың тиімді жолдары» тақырыбында облыстық семинары өтті. Шараға жобаға жауапты мамандар мен білім беру ұйымдарының кітапханашылары, барлығы 400-ге жуық маман қатысқан. Семинар барысында «Алматыкітап» баспасының мамандары, Білім және ғылым министрлігінің республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана қызметкерлері, «Е кітапхана» жобасының жетекші, үйлестірушілері мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі білім беруді жаңғырту орталығының әдіскерлері баяндама жасап, жобаны жүзеге асырудың тиімділігі туралы айтты.

P.S. Жоба жүктеген міндет — осы. Жоспар жүзеге асқанда кітапхана оқырмандарының саны артады. Сондай-ақ кітапханалардың сән-салтанаты да артып, кітап қоры көбеймек.  

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button