Спорт

Бір ұпай ғана әперген басымдық

Премьер-Лига

14-15 мамыр күндері 11-турдың кездесулері өтті. Бұл турда жеті ойынның төртеуі — 1:0, ал екі ойын 1:1 есебімен аяқталды.

«Ақжайық» Оралда «Қайратты» жеңіп, сенсациялық табысқа жетумен бірге турнир кестесінде үшінші орынға көтерілді. Ал соңғы жеті ойында бір-ақ рет жеңіске ие болған «Қайрат» төртінші орынға сырғып түсті.

«Тұранның» сырт алаңда «Шахтерді» жеңуі де жанкүйерлерді елең еткізген оқиға болды. Түркістандық футболшылар соңғы үш ойында да бірдей есеппен (1:0) жеңіске ие болды.

Шымкентте «Ордабасы» командасын жеңіп жатқан «Тобыл» ойынның бітуіне үш минуттай уақыт қалғанда қақпасына гол енгізіп алып, тең ойынды місе тұтты.

Турнирді сергек бастаған, үшінші орынға дейін көтерілген «Тараз» бұл жолы сырт алаңда «Атыраудан» жеңіліп, алғашқы бестіктен де төменге түсті. Тараздықтар соңғы үш ойында да жеңіліске ұшырап келеді.

«Каспийді» жеңген «Қызылжар СК» командасының үшінші орындағы командадан бір ұпайы ғана кем.

Қатарынан сегізінші рет жеңіске ие болған «Астана» көш басындағы орнын одан әрі нықтай түсті. Дегенмен бұл клуб бапкерлерін команда соңғы бес ойынның төртеуінде 1:0 есебімен ғана жеңіске жетіп жүргені ойландыратын да шығар.

*   *   *

Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңымызда Қызылорданың «Қайсар» командасын қабылдады.

Әрине, алаң иелері чемпионат басталғалы стадионға алғаш рет заңды түрде кірген 2 мың көрерменді қуанышқа бөлегісі келгені рас. Ойынды шабуылмен бастаған жерлестеріміз соңына дейін осы бағыттан ауытқыған жоқ. Футбол тілімен айтқанда, басымдық бастан-аяқ «Ақтөбе» командасының еншісінде болды. Дегенмен ынта-ықылас басқа да, оны жүзеге асыру тіпті бөлек мәселе ғой.

Қайталана беретін өкініш бұл жолы да қайта оралып соқты. Тағы да ең әуелі гол «Ақтөбенің» қақпасына енді. 28-минутта қызылордалық Каролис Лаукжемис біздің  қорғаушыларымыздың сылбырлығының салдарынан есеп ашып кетті де, бірінші таймның соңына таман, 43-минутта Эрвейн Мукам стандартты жағдайда  әуелете тастаған пасты қақшып түскен ақтөбелік шабуылшы Игорь Сергеев баспен қарымта гол соқты.

Ал екінші таймда «Қайсар» футболшылары қорғанысты күшейтті де, қатеге ұрынып қалмауды қаперден шығарған жоқ. Сөйтіп, шабуылдаудан танбаған ақтөбеліктердің діңкесін құртты да отырды.

Осылайша соншама басымдықпен ойнаған жерлестеріміз бір ұпаймен ғана қанағаттануға мәжбүр болды.

Рас, шабуылшы Игорь Сергеев осы кездесуде бір гол соғып, 7 гол авторы ретінде сұрмергендер тізімінде жеке-дара көш бастады. Бірақ бұл толық жұбаныш бола қоя ма?

«Ақтөбе»-«Қайсар» — 1:1

Гол авторлары: Каролис Лаукжемис, 28-минут (0:1); Игорь Сергеев, 43-минут (1:1).

Ескерту қағазы көрсетілгендер: Эрвейн Мукам, 48-минут; Юрий Перцух, 66-минут («Ақтөбе») — Каролис Лаукжемис, 52-минут; Думан Нарзилдаев, 56-минут; Марсель Исламқұлов, 90+3 минут («Қайсар»).

14 мамыр 2021 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион. 2000 адам.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Жасұр Нарзиқұлов (қақпашы, капитан), Михал Йерабек, Лаша Тотадзе (Юрий Логвиненко, 86-минут), Дінмұхамед Кашкен (Демият Сламбеков, 82-минут), Әділхан Таңжарықов (Олег Чернышов, 82-минут), Тонго Думбия, Эрвейн Мукам (Еркебұлан Нұрғалиев, 61-минут), Юрий Перцух, Максим Федин, Боян Дубайич (Максим Самородов, 62-минут), Игорь Сергеев.

Бас бапкердің міндетін атқарушы Владимир Зеленовский.

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Игорь Сергеев, шабуылшы — 7 доп;

Рифат Нурмугамет, жартылай қорғаушы — 3;

Максим Федин, жартылай қорғаушы — 2 (1);

Еркебұлан Нұрғалиев, жартылай қорғаушы — 1;

Михаил Йерабек, қорғаушы — 1;

Эрвейн Мукам, жартылай қорғаушы — 1 (1);

Дидар Жалмұқан, жартылай қорғаушы — 1;

Юрий Перцух, жартылай қорғаушы — 1;

Боян Дубайич, шабуылшы — 1.

(Жақшаның ішінде — пенальтиден соғылған доптар есебі).

Жерлестеріміз 11 кездесу өткізіп, 3 рет жеңді, 4 рет тең түсті, 4 рет ұтылды.  Ұпай саны — 13. Доп айырмашылығы — 18:19.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Шахтер»-«Тұран» — 0:1

Гол авторы: Танат Нөсербаев, пенальти, 20-минут (0:1).

14 мамыр 2021 жыл. Нұр-Сұлтан қаласы, «Астана-Арена» стадионы. Көрерменсіз өткізілді.

«Ордабасы»-«Тобыл» — 1:1

Гол авторлары: Самат Жарынбетов, 67-минут (0:1); Еркебұлан Тұңғышбаев, 87-минут (1:1).

80-минутта ойын ережесін өрескел бұзғаны үшін Александр Клещенко алаңнан қуылды («Ордабасы»).

15 мамыр 2021 жыл. Шымкент қаласы, БИИК спорт кешені. Көрерменсіз өткізілді.

«Қызылжар СК»-«Каспий» — 2:0

Гол авторлары: Данило Алмейда, 21-минут (1:0); Тимур Мульдинов, 53-минут (2:0).

15 мамыр 2021 жыл. Петропавл қаласы, «Қарасай» стадионы. 1800 адам.

«Ақжайық»-«Қайрат» — 1:0

Гол авторы: Павел Назаренко, 53-минут (1:0).

14 мамыр 2021 жыл. Орал қаласы, «Ақжайық» стадионы. Көрерменсіз өткізілді.

«Астана»-«Жетісу» — 1:0

Гол авторы: Марин Томасов, 4-минут (1:0).

14 мамыр 2021 жыл. Нұр-Сұлтан қаласы, «Астана-Арена» стадионы. 2500 адам.

«Атырау»-«Тараз» — 1:0

Гол авторы: Алекс Бруно, 49-минут (1:0).

15 мамыр 2021 жыл. Атырау қаласы, «Мұнайшы» стадионы. 700 адам.

*  *   *

11-турдан соң командалар турнир кестесіне төмендегідей ретпен орналасты:

  1. «Астана» (Нұр-Сұлтан) — 29 ұпай;
  2. «Тобыл» (Қостанай) — 22 ұпай;
  3. «Ақжайық» (Орал) — 18 ұпай;
  4. «Қайрат» (Алматы) — 17 ұпай;
  5. «Қызылжар СК» (Петропавл) — 17 ұпай;
  6. «Тараз» (Тараз) — 17 ұпай;
  7. «Ордабасы» (Шымкент) — 15 ұпай;
  8. «Атырау» (Атырау) — 14 ұпай;
  9. «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 13 ұпай;
  10. «Каспий» (Ақтау) — 13 ұпай;
  11. «Тұран (Түркістан) — 12 ұпай;
  12. «Шахтер» (Қарағанды) — 8 ұпай;
  13. «Қайсар» (Қызылорда) — 7 ұпай;
  14. «Жетісу» (Талдықорған) — 1 ұпай.

Чемпионат басталғалы «Астана» ғана еш ұтылыссыз ойнап келеді.

Сертификация жөніндегі комиссияның шешімімен «Жетісу» және «Шахтер» командаларынан үш ұпай шегерілгенін (уақытша деуге болады) еске саламыз. Сондай-ақ «Қызылжар СК» мен «Ордабасы» командалары әзірге 9 кездесуден өткізді.

*   *   *

12-тур кездесулері:

18 мамыр, сейсенбі

«Тұран» — «Ақжайық»

«ҚАЙРАТ» — «АҚТӨБЕ»

«Қайсар» — «Астана»

19 мамыр, сәрсенбі

«Каспий» — «Шахтер»

«Тобыл» — «Қызылжар СК»

«Атырау» — «Ордабасы»

«Тараз» — «Жетісу»

 Ертай АШЫҚБАЕВ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button