Басты жаңалықтарДенсаулық

Екпе: денсаулығың өз қолыңда

Облыста вакциналау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда аймақта барлығы 98 827 адам екпе алған. Оның 66 468-і екпенің бірінші компонентін алса, 26 359 адамға екінші компоненті егілген. Ақпан айынан бастап облысқа Ресейдің «Спутник V» вакцинасының 107 200 дозасы жеткізілсе, Қытайдың  «Нayat Vax» екпесінің  17 400 дозасы әкелінген.

Қазіргі күні қаладағы «Keruen City», «Мега Шығыс» сауда, ойын-сауық орталықтарының ішінде медициналық пункт және Қобыланды батыр атындағы орталық стадион мен «Астана» сауда үйі, Орталық базар, теміржол вокзалы маңында жылжымалы кешендер жұмыс істеп жатыр.

Қала тұрғындары алғашқы уақыттағыдай емес, жылжымалы кешендерге белсенді түрде келіп вакцина алып жатыр. Мәселен, «Мега Шығыс» сауда орталығындағы медициналық пунктке  демалыс күндері жүзге дейін тұрғын келіп екпе алған. Дегенмен соңғы екі -үш күнде адамдар саны сәл саябырсыпты. Себебі қазір тұрғындарға Қытайдың «Xayat Vax» екпесі салынып жатыр. Көпшілігі Қытайда жасалғандығынан үрейленіп, екпе алуға жүрексінетін көрінеді.

Соңғы екі-үш күнде адамдар сәл саябырсыды. Бұған дейін күніне жүзге жуық адам келетін болса, қазір азайып тұр. Көпшілігі вакцина Қытайда өндірілгендіктен күдікпен қарайды. «Мен «Спутник V» екпесін алғым келеді. Неге жоқ? Қашан келеді?» деп сұрап жатқандар бар. Алайда екі вакцинаның да әсер етуі бірдей. «Нayat Vax» екпесін алып жатқандарда айтарлықтай кері әсер білініп, қызу көтеріліп, қандай да бір ауырсынулар болып жатқан жоқ. Барлығы жақсы қабылдап жатыр.

Екпені барлығы алуы керек деп есептеймін. Себебі індетті тоқтатудың басқа жолы жоқ. Өзім де алғашқылардың бірі болып «Спутник V» екпесін алдым. Алғашқы күні әлсіздік байқалып, аздаған қызу көтерілді. Алайда қатты ауырсыну болған жоқ. Негізі, көп нәрсе адамның өзіне байланысты. Қорқып, «ауырып қаламын» деп уайымдамау керек. Барлығын жеңіл қабылдауға тырысқан жөн.

Екпе алуға келген адамдарға міндетті түрде денсаулығына қатысты сұрақтар қойылады. Егер адам онкологиялық ауруға шалдыққан болса, гормоналды препараттар қабылдап жүрсе, жүкті болса, дәріге аллергиясы болса, оларға екпе салынбайды. Қызу, қан қысымы көтеріліп тұрса да екпе салынбайды. Коронавируспен ауырғанына екі-үш ай болған адамдарға да екпе салмаймыз. Екпені мүлде салуға болмайтын адамдар болады. Олар учаскелік терапевке барады. Терапевт дәрігерлік комиссияға жібереді. Комиссия оған «екпе алуға болмайды» деген анықтама береді. Анықтама ауруына байланысты уақытша да берілуі мүмкін. Сырқаты жазылғасын ол екпе алады, — дейді №5 қалалық емхананың терапевті Аягөз Мешітбаева.

Медициналық пунктке келген тұрғындарға екпе салып отырған тәжірибелі медбике Қаламқас Есқожаева «Спутник V» мен «Нayat Vax» екпесінің  сақтау, егуіндегі айырмашылықты айтып берді. Мәселен, Ресейде өндірілген екпені тоңазытқышта  18 градус салқындықта сақтау керек. Бір құты бес адамға арналған. Ал Қытайда өндірілген екпені мұздатқышта сақтауға болады және бір құтыдағы доза бір адамға ғана егіледі.

— «Нayat Vax» вакцинасынан қорқудың қажеті жоқ. Екпені алушылар жақсы қабылдап жатыр. Нұсқаулығында барлығы көрсетілген. Әрине, кез келген екпенің жанама әсері болады. Екпе алғаннан кейін отыз минут осы жерде бақылаймыз. Барлығы жақсы қабылдап жатыр. Вакциналау науқаны басталғаннан бері менің жеке тәжірибемде екпенің жанама әсері айтарлықтай білініп, қызу көтеріліп, ауырған адам болған жоқ. Жалпы, вакцинаны алған адам үш күн учаскелік дәрігердің бақылауында болады. Егілгеннен кейін кешкілік парацетамол дәрісін ішуге кеңес береміз, — дейді медбике.

Қаламқас Есқожаеваның өзі де екпе алыпты. Ешқандай жанама әсері болмағанын айтады.

Сауда орталығындағы сатушылар да вакцина алып жатыр. Орталықта ұзақ жылдардан бері іс тігіп, саудасын жүргізіп отырған Мәриям есімді сатушы да екпе алыпты.

Орталықтағы радиохабарлағыш арқылы медициналық пункт ашылғанын,  екпе алуға болатыны айтылды. Екі-үш күн бойы «алсам ба, әлде қалай?..» деп ойланып жүрдім. Соңында өзімнің, отбасымның, айналамдағылардың саулығы үшін тәуекелге бел будым. Дәрігер тексерді, сұрақ қойды. Қарсы көрсетілім болмаған соң екпе алуға рұқсат етті. Вакцинаны алғаннан кейін отыз минуттан соң жұмысыма кірісіп кеттім. Ешқандай кері әсері болған жоқ. Маған Ресейде өндірілген екпені салды. Жақсы қабылдадым. Алайда үйдегі кіші ұлым екпеден кейін ауырды. Қызуы көтерілді. Қалшылдап, тоңды. Парацетамол дәрісін ішті. Екі  күннен кейін жанама әсердің барлығы кетті. Қазір жұмысына барып жүр. Дәрігер кез келген екпенің кері әсері болатынын айтып ескертті. Сондықтан қатты үйрейленгеніміз жоқ, — дейді Мәриям.

Ер адамдарға аяқкиім сатып тұрған Мақсат медициналық пунктке бірінші болып барыпты.

Қасымыздағы бутикте екпе салып жатқанын айтты. Ешқандай ойланбастан дәрігерге тексертіп, екпе салдырдым. Себебі күнделікті нәпақамды саудадан тауып отырмын. Екпе алып, бұрынғыдай алаңсыз жұмыс жасағымыз келеді. Қазір базарға келушілер азайды. Бұрын келген адам еркін аралап, саудасын жасайтын. Қазір көпшілігі вирус жұқтырып аламын деп қорқады. Өзіміз де қорқамыз. Былтыр вирус жұқтырып, бір ай дегенде әрең жазылдым. Ал екпе алсаң, алаңсыз жүруге болады. Сондықтан денсаулығы жақсы, ауру-сырқауы жоқ адамдардың екпе алғаны жөн деп есептеймін. Вакцина алған соң ертеңіне сәл қызу көтерілгендей болды. Бірден парацетамол дәрісін іштім. Басқа жанама әсерді байқамадым, — дейді Мақсат.

Сатушы Ержан да вакцина салдырғанын айтты. Орталықта бес жылдан бері сауда жасайды.

Пандемияға дейін сауда жақсы жүрді. Қазір де тауар өтіп жатыр. Алайда бұрынғыдай емес. Оның үстіне шектеу көп. Егер халық жаппай екпе алса, еркін жұмыс жасар едік, әрі өзіміздің денсаулығымызды қорғаймыз. Мен де көп ойланбай, вакцина салдырдым. Алғашқы күні әлсіздік байқалды, ұйқым келді. Кешкілік қызу түсіретін дәрі іштім. Ертеңіне жұмысқа келдім. Жүгіріп жүргенде екпе алғанымды да ұмытып кетіппін, — дейді Ержан.

18 жастан асқан кез келген тұрғын жылжымалы кешендерге барып, екпе алуына болады.

ВАКЦИНАНЫ ҚАНДАЙ КЕЗДЕ КЕЙІН АЛУ КЕРЕК?

Бұлшық етке инъекция жасау барысында қан кетіп, осыған байланысты температурасы көтерілетін жедел инфекциялық аурулары бар адамдарға екпені уақытша алуға болмайды. Вакциналау сауыққаннан кейін екі-төрт аптадан соң жасалады.

Сондай-ақ созылмалы ауру өршіп тұрғанда екпе салынбайды.

Жақын арада жүктілікті жоспарлап жүрген әйелдерге де вакцина егілмейді. Екпенің екінші дозасын алғаннан кейін екі айдан соң ғана жүктілікті жоспарлау керек.

ПТР-әдісі кезінде COVID-19 оң нәтиже көрсеткен адамдар және жұқпалы ауруы бар адамдармен, оның ішінде COVID-19 вирусын жұқтырғандармен байланыста  болған адамдарға да екпе салынбайды. Бұндай адамдар карантин мерзімі аяқталған соң ғана егіледі.

Коронавирус  жұқтырып ауырған адамдар сауыққаннан кейін 6 ай өткен соң ғана вакцина алуына болады.

Сондай-ақ қан ауруына (тромбоциттердің төмендеуі немесе қан ұюының бұзылуы) және иммунитет тапшылығы ауруларына шалдыққан адамдарға емдеу шарасы аяқталғанан кейін вакцина алуға кеңес беріледі.

 КІМДЕРДІҢ ЕКПЕ АЛУЫНА БОЛМАЙДЫ?

«Hayat Vax» вакцинасының кез келген компонентіне (белсенді және қосымша заттарына) ауыр аллергиялық реакциясы бар адамдарға және  осы вакцинаның алдыңғы дозасын енгізгенде аллергиялық реакциялар пайда болғанда және  жүктілік кезінде, бала емізетін аналарға, 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге екпе алуға болмайды.

ЖАҒЫМСЫЗ ӘСЕРІ ҚАНДАЙ?

 Вакцинациядан кейінгі жағымсыз әсерлер:

– инъекция орнында ауырсыну сезімінің болуы;

– инъекция орнының қызаруы, аздап ісінуі;

– дене қызуының көтерілуі, аздап бас ауруы;

– өте сирек — жүрек айну және құсу, іш өтуі, бас айналуы, тез шаршағыштық,

бұлшық ет ауруы, артралгия, ұйқышылдық;

– инъекция орнында тері бөртпесі пайда болуы;

– инъекция орнының қышуы.

Бұл көріністердің ұзақтығы әдетте, үш күннен аспайды және арнайы емдеуді қажет етпейді.

«Hayat-Vax» вакцинасына байланысты жағымсыз реакциялар тіркелмеген.

Вакцинаның толық курсы — 2-4 апта, яғни  2 дозадан тұрады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button