Басты жаңалықтарЖеңіс

Бейбіт күннің бағасы биік!

Жеңіс күні әдеттегідей даңқты қолбасшылар мен жауынгерлерге тағзым етіп, Мәңгілік алау, Әлия Молдағұлова ескерткіші мен Батырлар аллеясына гүл қою рәсімінен басталды. Сондай-ақ бұл күні облыс әкімінің орынбасарлары Ұлы Отан соғысы ардагерлерін құттықтап барды.

96 жастағы Ғизат Тоқтабаевты облыс әкімінің бірінші орынбасары Руслан Хамбаров құттықтады.

— Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің атынан Сізді Жеңіс күнімен құттықтаймын! Сізге ұзақ өмір тілеймін! Сіздердің ерліктеріңізді құрметтеу — бүгінгі ұрпақтың парызы,- деді ол.

— Құттықтауларыңыз үшін рахмет. Ия, елді қорғау біздің буынның еншісіне тиді. Бұл шынын айтқанда, өте ауыр сынақ еді. Енді соғыс бұлты төбемізден төнбесін. Біздің басымыздан кешкен қиындықтарды жастарымыз көрмесін. Ең бастысы — бейбітшілік. Мен Ұлы Отан соғысының ардагері және жауынгер ретінде немере-шөберелеріміздің еліміздің өркендеуі жолында аянбай еңбек етуін тілеймін.

Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров соғыс ардагері Бориса Конюшенконы құттықтады.

— Құрметті Борис Иванович! Біздің бүгінгі бейбіт аспанымыз, алаңсыз тірлігіміз — сіздердің ел қорғаған ерліктеріңіздің арқасы. Сол үшін де сіздерге айтар алғысымыз шексіз. Өкінішке қарай, майдангерлер қатары мүлдем аз қалды.

Сізді Ұлы Жеңіс күнімен құттықтаумен бірге, ұзақ ғұмыр, алаңсыз да шуақты тірлік тілеймін, — деді ол.

Өз кезегінде майдангер де жылы лебізін білдіріп, қала басшысына алғысын айтты.

Майдангерлер тұратын үйлердің аулаларында бұл күні жауынгерлік әндер шырқалып, ардагерлерге құрмет көрсетілді.

Владимир БУРЬЯНОВ.

***

Ақтөбе облысында Ұлы Отан соғысына қатысқан 22 ардагер бар. Жеңіс күнінде облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов екі ардагердің үйіне барып құттықтап, мерекелік сый-сияпатын табыстады.

Әуелі Болашақ ауданында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Анисим Харенконың үйіне барды.
Диванда кеудесі медальға толы «парадный» костюмін киіп алған ардагер отыр. Облыс әкімінің орынбасары ардагерге әуелі облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің құттықтау хатын оқып, гүл мен азық-түлік салынған қоржынын табыстады.
— 17 жасыңызда майданға Қобда ауданынан аттанып, үшінші Белорус майданында шайқасып, от пен оқтың ортасында жүріп, Минск, Витебск қалаларын азат етуге атсалысқан ерлігіңізді бүгінгі ұрпақ ұмытпайды. Мереке құтты болсын! Сізге мықты денсаулық тілеймін, — деді облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов.
Жеңіс жауынгері де жыл сайын көрсетіп жатқан құрмет пен игі тілектері үшін облыс басшылығына алғысын жаудырды.
Анисим Харенко 1944 жылы Шығыс Пруссия майданында Пликен ауылында «тілді» қолға түсіргені үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Ал Жеңісті Германия жерінде қарсы алады. Армияда 1948 жылға дейін болады. Елге келген соң Анна Ефимовнаға үйленіп, 4 бала тәрбиелеп өсіреді. Бүгінде 7 немересі, 7 шөбересі, 1 шөпшегі бар.
Биыл 96 жасқа толған Анисим ата мерекелік көңіл күйді білдіргісі келді ме, ыңылдап ән айтты. Қызы жауынгер қарттың балалайкада шебер ойнайтынын, ән айтқанды жақсы көретінін әңгімеледі.
— Әкімдіктегілер ардагерлерді әрқашан ұлықтайды, құрметтейді. Сый-құрметтері үшін қарт жауынгердің ұрпағы ретінде алғыс айтамын. Тіпті, осы пәтерді де 2011 жылы Жеңістің 66 жылдығында облыстық әкімдік сыйға берді. Биыл да материалдық көмек беріп жатыр. Аспанымыз ашық болсын! Ел тыныш болсын! — деді ардагердің қызы Лидия Анисимовна. Құлағы ауыр естігені болмаса, қатарластарының қасында ширақ көрінетін қарт жауынгер бізді тікесінен тік тұрып, өзі шығарып салды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

***

Отты жылдардың жүрек тербер әндері — «Смуглянка», «Катюша» және «День Победы» Ұлы Отан соғысының ардагерлері құрметіне олардың тұратын үйлері ауласында шырқалды.
Мұндай шағын қойылымдарды Жеңістің 76 жылдығын мерекелеуге байланысты мектеп оқушылары өздерінің жетекшілерімен әзірледі.

Бұл күні облыс әкімінің орынбасары Сәлімгерей Бекбергенов майдангерлер Нина Сергеевна Галкина мен Николай Антонович Пащенконы құттықтады. Оларға ел қорғаудағы ерлігі мен отаншылдығы, жауынгерлік жігері үшін алғыс айта келіп, «Сіздер — біздің бейбіт күніміз бен тыныш өміріміздің қорғаушыларысыздар. Алда да ұзақ ғұмыр кешіңіздер, Жеңіс күнінің жаршысы бола беріңіздер!» деген тілегін білдірді.

Ардагерлер жастары ұлғайғандығына қарамастан, өздерін сергек сезінеді. Мереке күні өздеріне жасалып жатқан құрмет пен қамқорлыққа ырза пейілдерін білдірді.
— Сіздерге алғысымыз шексіз, — деді Нина Сергеевна, — Соғыста оңай болған жоқ. Бірақ біз жаудың бетін қайтаратынымызға, Жеңіске жететінімізге сендік. Жастарға айтарымыз — Отанымызды, туған жерді қорғай біліңіздер. Соғысқа жол жоқ. Бейбітшілігіміз баянды бола берсін!

Нұргүл АРЫНОВА.

***

* * *

15 мамырда Вера Лоткова 97 жасқа толады. Орынбор облысында байланыс саласында жұмыс істеп жүрген бойжеткен майданға аттанғанда небәрі 18-де болатын.

— Мен соғысқа өз еркіммен бардым деп айта алмаймын, бірақ, шын соғыстым, — дейді Вера Павловна. — Кескілескен ұрыста солдат жетіспеген тұста 2-дивизияның бесінші батареясындағы зенитшілерге снаряд беріп тұрдым. Біздің 1083-зенитшілер артполкі Жеңісті бірінші Украин майданы шебінде қарсы алды. Германияны жеңген соң, Шығыс майданына аттандық.

Бұл әңгімені Вера Павловна облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлына айтып берді. Ал облыс әкімінің орынбасары өз кезегінде ардагерге облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің атынан құттықтау хат, гүл мен сыйлық табыстап, жылы лебізін айтты. Жеңіс жауынгерінің туысы ардагерлерге жасалып жатқан қамқорлыққа алғыс айтты.

Сондай-ақ, ардагердің үйінің терезесі түбінде 51-гимназияның 9-сынып оқушылары «Катюша» әнінен бастап, біраз әскери әндерді орындады.

Ал Анастасия Прихноның өмірбаяны Жеңістің 65 жылдығына орай басылған «Актюбинские медработники в годы войны» жинағына енді. Бірінші Белорус майданындағы ең жас медсестра бүгінде 98 жаста. Ол қазіргі атқарушы биліктің ардагерлерге көңіл бөліп, қамқорлық жасайтынына шексіз риза.

— Әкем мен шешем — екі майдангер осы Ақтөбеде танысып, бас қосады. 67 жыл бірге тұрды. 2018 жылы әкем ішкі істер қызметінің ардагері, қайтты. Жергілікті билік өкілдері, облыстық денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері мерекелерде анамызды ұмытпай, құттықтап жатады. Көңілдеріңізге рақмет, — деді ардагердің қызы Анастасия Ананьевна Ермек Кенжеханұлына.

Екі үйде де балалары мен туыстары ардагерлерге көрсетілген сый-құрметке ризашылықтарын білдіріп жатты.

Татьяна ВИНОГРАДОВА.

***

Мәңгілік алау жанында әлеуметтік арақашықтық сақтап, медициналық бетперде киген жұртшылық соғысқа қатысқан аталары мен әкелерін еске алып, гүл шоқтарын қойды. Көпшілік сол жердегі қаһарман қалалардың аты жазылған капсула жанында фотоға түсіп жатты. Жерлестеріміздің даңқ географиясы — Ақтөбеден Берлинге, Прагаға, Варшаваға, басқа да қалаларға жетті емес пе!?

Мәңгілік алауға әуелі Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров пен облыстық мәслихаттың хатшысы Анар Даржанова гүл қоржынын қойды. Одан соң Қарулы Күштер ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен еңбек ардагерлері, жауынгер интернационалистер, шекарашылар, іздеушілер, қоғам белсенділері тағзым етті. Сондай-ақ осы топ Әлия Молдағұлова ескерткіші мен Батырлар аллеясына қарай аяңдады. Отан үшін өз өмірін қиған жауынгерлер мәңгі есімізде!

Ж.ЖҰБАНОВ.

***

Жеңіс күнінде қаланың кей жерлерінде, анығы, соғыс ардагерлері тұратын үйлердің аулаларында әскери әндер шырқалып, мерекелік көңіл күй сезілді. Бейбіт күннің әндері Металлургтер көшесіндегі кезінде ардагерлерге берілген үйдің ауласында да шырқалды.

Осы үйдің тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Ажар Оразғалиева есік алдына шығып, орындыққа жайғасып, жастардың әнін тыңдап, биін тамашалады. Ақтөбе қаласы Астана ауданының әкімі Мамырғали Аққағазов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Жамансары Мақашев ардагерді құттықтап барып, жылы лебіздерін айтып, гүл шоқтары мен сыйлықтарын берді. Ажар әже де жастардың өнері мен құрметіне риза болып, алғысын жаудырып, «аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын» деген аналық тілегін айтып, бата берді.
Ардагердің қызы Зәмзагүлдің айтуынша, Ажар Оразғалиева 1924 жылы 9 қыркүйекте дүниеге келген. 1942 жылы майданға өзі сұранып барған. Әуелі 416-дивизия құрамында Курск шайқасына кірген, кейін Киевті азат етуге, сондай-ақ 1944 жылы Румынияны азат етуге қатысқан.
Ажар әже Жеңісті Берлинде қарсы алыпты. «Киевті азат еткені үшін», «Белоруссияны азат еткені үшін», «Курск қаласын азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» марапаттары бар. Соғыстан кейін КСРО-ның мерекелік медальдарымен марапатталған. Соғыстан кейінгі жылдары Атырау қаласы техникумында кафедра меңгерушісі, балабақша меңгерушісі қызметтерін атқарыпты. 1972 жылы мұнай өнеркәсібі саласына ауысып, жабдықтау бөлімін басқарды. Он баланы дүниеге әкелген Ажар әже биыл 97 жасқа толады.
Бұл күні облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов та Ажар әжені Жеңіс күнімен құттықтап барды.
— Бүгінгі таңда облыста Ұлы Отан соғысына қатысқан 20 ардагер бар. Осындай бейбіт күн үшін Жеңіс жауынгерлеріне алғыс айтып, басымды иемін, — деген облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов әжеге мықты денсаулық тілеп, гүл мен мерекелік сыйын табыс етті.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button