Жаңалықтар

Оқушылар дәстүрлі форматта оқуға көшті

Брифинг

10 мамыр күні облыста коронавирус инфекциясын жұқтырған 24 жағдай тіркелді. Оның 17-сі Ақтөбе қаласында болса, қалғаны — Алға, Әйтеке би, Темір, Қарғалы және Мәртөк аудандарында тіркеліп отыр. Сондай-ақ қазір инфекциялық ауруханаларда 550 адам ем алуда.

Бұл туралы кеше облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров және облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан тікелей эфир барысында баяндады.

Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, өткен мерекелік демалыс күндері, яғни 7 мамырда — 87, 9 мамыр күні 68 адам қауіпті індетті жұқтырған.

— Жалпы, пандемия басталғалы облыста КВИ-мен ауырған 10 001 жағдай тіркелді. Қазір 8552 науқас жазылып шықты.  Үй карантиніне 3860 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде. 

Облыс аумағында блокбекеттер жоқ. Эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес облыс «сары аймаққа» кіргені белгілі. Қорғаныс құралдары инфекцияның таралуын азайтуға көмектеседі. Сондықтан баршаңызды бетперде тағуға, қолды жиі жуып, антисептиктерді пайдалануға, әлеуметтік қашықтықты сақтауға шақырамын, — деді ол.

Соңғы тәулікте пневмония бойынша 8 жағдай тіркелген. Қазір инфекциялық ауруханаларда 550 адам ем алуда. Оның 375-і — облыс орталығында. Жан сақтау бөлімшесінде 47 науқас жатқызылса, өкпені жасанды желдету аппаратына 6 науқас қосылған.

— Осы күнге дейін облысқа 121 700 доза вакцина жеткізілді. Бірініші компонентпен — 65266, екінші  компонентпен 24511 адам екпе алды. Вакцина барлық емханаларда жүргізілетінін білесіздер. Сондай-ақ қазіргі таңда жылжымалы егу пункттеріміз жұмыс жасап жатыр. Ақтөбе қаласында 6 автобус базасы бар. Олар: Орталық стадион, Батыс-2 ауданындағы «Дина» гипермаркеті, Нокин даңғылында орналасқан «Анвар» гипермаркеті, «Астана» сауда үйі, Әуе қалашығы, «Нұр Ақтөбе» аудандарында, «Керуен сити», «Мега Шығыс» және Орталық базар аумақтарында. Екпе алуға барлық мүмкіндіктер қарастырылуда, — деді Бекболат Ізбасаров брифинг барысында.

  • мамырдан бастап өңірдегі барлық білім беру ұйымдары аралас және дәстүрлі форматта оқу жүйесіне көшті.

— Бүгінде контингенті 300 оқушыға дейінгі облыстағы 244 мектепте білім беру дәстүрлі форматта жүргізілуде. Сонымен қатар 161 мектептегі білім беру жүйесі аралас форматта жүргізіледі. Яғни әр мектеп өзара айқындайтын пәндердің 70 пайызы мектепте, 30 пайызы қашықтан беріледі. Ал облыстағы 3 ауысымда және оқушы орны тапшылығы бар 7 мектепте оқу жүйесі онлайн режимде қалады. Бұл мектептерде  9, 11, 1, 5-сыныптардың оқушылары оқиды. Бас санитарлық дәрігердің Қаулысы қабылданғаннан бері оқушылардың ата-аналары тарапынан наразылықтар туындағанын білеміз. Сонымен қатар балалары мектепке келгісі келетін ата-аналар да аз емес. Қазір бірінші ауысымда оқитын оқушылардың 90 пайыздан астамы мектепке келіп отыр. Бір сыныпты екіге бөліп оқытудың мүмкіндігі жоқ. Егер ата-аналар сынып бойынша онлайн немесе офлайн оқудың біреуін таңдаған жағдайда біз рұқсат етеміз. Мәселен, жалпы сыныптағы 25 оқушынаң ата-аналары түгел қашықтан оқытуды қолдаса, біз келісім береміз. Алайда облыстық білім басқармасы балалардың мектепке келгенін құптайды. Мектептегі санитарлық нормалардың сақталуына кепілдік береміз, — деді Жолдас Батырхан.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button