Әлеумет

500 отбасыға көмек көрсетілді

Акция

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің». 7 мамыр — Отан қорғаушылар күніне орай қасиетті жұма күні облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде осындай атпен шара өтті.

Қайырымдылық акциясында 500 отбасыға көмек көрсетілді. Ізгі іске «Асан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұйытқы болды.

Айлардың сұлтаны Рамазан айындағы қасиетті жұма күні 500 отбасыға 500 қап азық-түлік таратылуда. Қапта ұн, күріш, сұйық май, қант секілді әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бар. Әр қаптың салмағы — 25 килограмм. Жалпы салмағы — 12,5 тонна. Әр қаптың құны — 7 мың теңге. Яғни жалпы 3,5 миллион теңге көлемінде қайырымдылық көрсетіп жатырмыз, — дейді «Ақтөбе облысының ауған соғысы ардагерлері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы  Марат Қойлыбаев.

Оның айтуынша, қайырымдылық көмек берілгендердің  70-ке жуығы — І, ІІ, ІІІ топтағы ауған соғысының ардагері, сондай-ақ Чернобыль апатының ардагерлері.

Бүгінгі садақа — жария садақа. Жария садақа өзгелерге үлгі болу үшін, өзгелерге ой салу үшін беріледі, — дейді  Марат Қойлыбаев.

Облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Төлеби Оспанның айтуынша, мешітте Рамазан айының әр аптасында әртүрлі атаумен қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылуда.

Өткен аптада бас мүфтидің бастамасымен «Берекелі Рамазан керуені» марафоны өткізілген болатын. Бұл шара аясында облыстағы 1000 адамға қайырымдылық көрсетілді. Оның алдыңғы апталарда «Жетім көрсең, жебей жүр», «Аналарға алғыс» атты акциялар ұйымдастырылды. Медицина мамандарына да арнайы қайырымдылық шарасы өткізілді. Ал бүгінгі «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» атты ізгі іс — Рамазан айының соңғы аптасындағы ірі шара. Дегенмен қасиетті айдың соңғы күніне дейін бізге өтініш берген тұрғындарға қолдау көрсетуге тырысамыз. Облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітіне көмек сұрап келушілер көп. Бүгінгі шара барысында солардың 400-іне көмек көрсетілді. Пандемияға байланысты оларды мешітке шақырған жоқпыз. Еріктілер олардың әрқайсысының үйіне азық-түліктерді жеткізіп береді.  Жұртшылықты осындай игі іс жасап жарысуға шақырамыз, — дейді облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Төлеби Оспан.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button